Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілдеріне ана тілі туралы кітаптар табысталды

05.06.2024

31 мамырда Қазақстан Республикасының Түркия және Албаниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев қазақ диаспорасымен мақсатты жұмыс ұйымдастыру шеңберінде кездесу өткізді. Түркияның Кония провинциясы Қаратай ауданындағы «Исмаил» қазақ түріктері мәдени және әлеуметтік көмек қоғамының басшылары Мехмет Әлім және Абдулқайым Тимурмен болған басқосуда ол жақтағы ағайынның мәдени-рухани қажеттіліктері талқыланды. Кездесу соңында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-практикалық орталығы ұсынған «Kazakh primer» атты шетелдегі қазақ балаларына арналған оқулықты Қоғамның кітапханасына табыстады. Елші мырза аталған басылым шетелдегі қазақ балаларына өз ана тілдерін үйретуді мақсат тұтқан алғашқы өнімдердің бірі екенін атап өтіп, диаспора арасында қазақ тілінің қолданыс аясын көтеруге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар 3 маусым күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО өтінішіне орай Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы Аманқұл Нұриддин шетелдегі қандастармен қарым-қатынасты одан әрі ілгерілету мен ана тілді дамытуды мақсат еткен іс-шара өткізді. Қазақ диаспораларының өкілдерімен болған кездесу барысында «Kazakh primer» (Primer with Kazakh Fairy Tales) атты оқулықты Ыстанбұлдағы 4 диаспора өкілдеріне салтанатты түрде табыстады.
Атап айтқанда, «Kazak Türkleri Eğitim ve Araştırma Derneği», «Kazakkent Altay Derneği», «Kazak Türkleri Vakfı» және «Hoca Ahmed Yesevi Ĭlim ve Ĭrfan Vakfı» ұйымдарына 34 дана кітап берілді.

Комментарии (0)
Оставить комментарий