ТІЛДЕР МЕРЕКЕСІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

05.09.2024

Бүгін Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы арнайы шара өткізді.

Мерекелік жиын мемлекеттік тілді насихаттау, аса көрнекті ғалым, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және рухани мұрасын таныту арқылы халықтың мемлекеттік тілге деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жуырда құрылған Қазақ тілі комиссиясының міндеті мен мақсаты, жарнамалардың мемлекеттік тілде жазылуы, орфографияның өзекті мәселелері жайлы, сондай-ақ тілдің қолданбалы болуы керектігі туралы сөз қозғады.

Тағылымды шарада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы шығарған «Абай» кітабының қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі аудармаларының тұсауы кесілді. «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы өз сөзінде аударма ісіне мықты британдық мамандардың тартылғанын және олардың түпнұсқамен тікелей жұмыс істегендерін атап өтті. Басқосуда сонымен қатар Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген А.Байтұрсынұлының сайты таныстырылды. Бұл сайтқа  Ұлт ұстазы жайлы бүгінге дейін зерттеліп, анықталған бүкіл ақпарат жүйелі түрде топтастырылған.

Зиялы қауым өкілдері мен тіл, ұлт жанашырлары бас қосқан жиында мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері сөз болды. Қазақ тілінің болашағына қатысты түрлі іс-шаралар мен жобалар талқыланды. Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР ҰҒА академигі, «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса мен Болат Кәрімбек, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы және Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының өкілі Дәулеткерей Кәпұлы тақырыпқа сай өз ойларын ортаға салды.

Комментарии (0)
Оставить комментарий