ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ: ӘЛЕУЕТІ МЕН КЕЛЕШЕГІ

Түркістанда 1-3 сәуір аралығында «II Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» атты халықаралық симпозиум өтті.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Түркістан облысының әкімдігі, Bilig Түркі әлемі әлеуметтік ғылымдар журналы және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп ұйымдастырған халықаралық шарада «Тіл-Қазына» орталығының да салмақты үлесі бар.
Халықаралық басқосудың басты мақсаты – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудың өзекті мәселелерін анықтау, талқылау, жасанды интеллект жүйесін пайдалана отырып, қазақ тілінің терминологиясын дамыту жолындағы заманауи үдерістер мен қолданыстарын саралау. Ғылым тілінің болашағына қатысты шешімдер мен тұжырымдамаларды ұсыну.
Басқосуға отандық ғалымдар мен сарапшылар, зиялы қауым өкілдері, қоғам, мәдениет қайраткерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен ғалымдар келді.
Симпозиумның алғашқы күні «Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» атты фото көрменің ашылуымен басталды. Қатысушылар ашылу салтанатында Түркі халықтарының зияткерлік ойындары көрмесін және «Креативті индустрияның тілтанымдық негіздері: әзірлемелер мен жобалар» төңірегінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, сондай-ақ «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жасанды интеллект негізінде әзірленген жобаларын тамашалады.
Ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ХҚТУ Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі, Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы, Bilig журналының редакторы Фырат Пуршат сөз сөйледі.
Симпозиумның пленарлық отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов «Ғылым әдіснамасы: ой мен тіл» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде қазақ тілінің ғылым тіліне айналуындағы негізгі алғышарттарға тоқталып, терминология саласындағы жүйеленген әдіснаманың қажеттілігін атап өтті.
Симпозиумның алғашқы күні 5 секциялық отырыс өтті. «Іргелі және қолданбалы тіл білімі: Заманауи тілтанымдық зерттеулер» тақырыбындағы алғашқы секцияда «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология бөлімінің басшысы Дана Оспанова қазақ тілінің корпусы мен терминологиялық базасын дамытудағы цифрлық технология мен жасанды интелект мүмкіндіктері жайында баяндама жасады.
«Жасанды интеллект және қазақ тілінің ғылыми коммуникациясы» атты 2-ші секция «Тіл-Қазына» орталығының жетекшілігімен өтті. Жиын модераторы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің даму қарқынына сай қазақ тілінің ғылым тілі ретінде даму бағытына жаңаша көзқарас қажет екендігін айтып, осы бағытта елімізде жасалып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Ең алдымен ол «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының қызметіне тоқталды.
Мақпал Жұмабай: «Тіл-Қазына» орталығы қазақ тілін цифрлық форматта дамыту, жаңа тілдік модельдер мен құралдарды әзірлеу бағытында бірқатар жобаны іске асырады. Мәселен, әріптестерімізбен бірге қазақ тілінде мәтіндерді өңдеу, талдау және жасау үшін әзірленген жасанды интеллектіге негізделген тіл моделі KazLLM әзірлеуге кірістік. Ол аударма және құжаттарды өңдеуден бастап, қарым-қатынас пен процестерді автоматтандыруға дейінгі кең ауқымды тапсырмаларды орындай алады. Сонымен қатар Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын жасақтауды қолға алдық. Бұл жоба қазақ тілінің барлық қолданыс аясын қамтитын ресурстарын жинақтап, цифрлық ортаға енгізу, оны жасанды интеллект пен заманауи технологияларға бейімдеуді көздейді. Нәтижесінде қазақ тілінің сөздік қоры толық цифрландырылып, көптілді іздеу жүйесі жасалады, қоғамның тілдік ресурстарға қатысуы артып, ғылыми зерттеулерге арналған үлкен дерекқор құрылады», -деді.
Секция жұмысы барысында әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың ұлттық мазмұнын жаңартудың заманауи парадигмалары; жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы ұлттық мазмұнды дамытуда қазақ тілінің рөлі және жасанды интеллекттің мүмкіндіктері; қазақ тілінің салалық лингвистикасын дамытудың іргелі әдіснамалық негіздер және білім беруді цифрландыру мәселелері талқыланды.
Қазақ тілі ғылым тілі ретінде дамуы үшін теориялық және практикалық мәселелер жан-жақты талқыланып, тәжірибе алмасатын мұндай ірі басқосулардың маңызы зор. Симпозиум нәтижесінде ғалымдар мемлекеттік тілдің ғылыми қолданысын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар айтып, терминологияны біріздендіру бағытындағы жұмыстарды белгіледі.