«Ана тілі» республикалық олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

2025 жылғы 21 мамыр күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алғаш рет ұйымдастырылған «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Олимпиаданы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асырды.
Ауқымды жобаның мақсаты – жастар арасында мемлекеттік тілді ғылым мен білім тілі ретінде кеңінен насихаттау, оқушылардың оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін жетілдіру. Олимпиаданың ақтық кезеңіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен іріктеліп алынған 64 командадан құралған 192 оқушы қатысты. Қатысушылар «Пікірсайыс», «Тілшілер» және «Білімпаздар» атты үш негізгі бағыт бойынша білім сайысына түсті.
Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, тіл жанашырлары мен қазақ тілін қолдаушы кәсіпкерлер қатысты. Жеңімпаздарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы мен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Құрманжанқызы Жұмабай марапаттады.
Мақпал Құрманжанқызы өз сөзінде: «Жас өрендердің білімге деген ұмтылысынан, заманауи болмысынан, өзара зерде бәсекесінен тіл дамуының жаңа сипатын сезіндім», – деп байқауға қатысқан жас буынның білімге деген құштарлығын ерекше атап өтті.
Олимпиада жеңімпаздарына Нархоз университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және жаңадан ашылған Ұлыбритания университеті сынды жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталды.
Олимпиаданың бас жүлдесін Түркістан облысынан келген «Достық» командасы иеленді. Барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.