«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Абай институтының жаңа жетекшісі тағайындалды

22.07.2025

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Абай институтының жетекшісі қызметіне Айнұр Болатқызы Төлеу тағайындалды.

 

Айнұр Болатқызы — заманауи әдебиет пен тіл кеңістігінде өзіндік орны бар қаламгер, зерттеуші әрі медиа маман. Оның еңбек жолы 2007 жылы «Қазақ радиосында» басталды. Ол радиода «Мемлекеттік тіл», «Жылдар жаңғырығы», «Тағылым», «Құс жолы» авторлық бағдарламаларын дайындады.

 

Айнұр Болатқызы 2016 жылы Тұран университетінің «Қазақ және шет тілдері» кафедрасында оқытушы, ал 2017 жылы «Атамекен» газетінің бас редакторының орынбасары лауазымын атқарды. Сондай-ақ ол «Жетісу» радиосының бас редакторы болған жылдары «Әдебиет пен адамзат» бағдарламасын дайындады. 2021 жылы «Еларна» телеарнасындағы Book Club тележобасын жүргізіп, кітап пен қоғам байланысын кеңінен насихаттады.

 

Айнұр Болатқызы Польшадағы Адам Мицкевич университетінде және Түркиядағы Қажы Байрам Уәли университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. Ол қазіргі қазақ прозасындағы мифопоэтика мен гендерлік әдебиеттану тақырыптарында ғылыми мақалалар жазып, халықаралық конференцияларға белсене қатысқан. PhD докторантураны Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің бірлескен бағдарламасы негізінде тәмамдаған.

 

Айнұр Болатқызы — «Отқарақ» және «Бірдеңе» атты екі поэзиялық жинақтың авторы, Бейімбет Майлин және Рахымжан Отарбаев атындағы әдеби сыйлықтардың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ASSYLTAS стипендиясының иегері.

 

Оның 2024 жылы жазған «Қабырға қалқасында» пьесасы шығармашылық жолындағы маңызды жетістігіне айналды. Бұл туынды Artköshe театрында қойылып, жылдың үздік моноспектакльдерінің қатарынан көрінді. Сонымен қатар, ол Талдықорған қаласында жастардың әдеби ортасын қалыптастыру мақсатында Janr әдеби клубын құрды.

Комментарии (0)
Оставить комментарий