Quantum STEM мектебінде «Ұлттық диктант» іс-шарасы өтті

Бүгін Астана қаласындағы Quantum STEM мектебінде «Ұлттық диктант» іс-шарасы ұйымдастырылды. 140 оқушы қазақ тілінде диктант жазып, өз білімдері мен сауаттылықтарын сынап көрді.
«Ұлттық диктант» іс-шарасын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесе ұйымдастыруда.
Айта кетейік, «Ұлттық диктант» іс-шарасы биыл 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында бастау алған болатын. Оның мақсаты – жазу мәдениетін жетілдіру, сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру және тіл арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту. Диктант офлайн және онлайн форматта өткізіліп, оған барлық азаматтар қатыса алады. Онлайн диктантты www.til.kz сайтындағы арнайы парақшада кез келген уақытта орындауға мүмкіндік бар. Қатысушыларға электронды алғыс хатпен қатар KITAP платформасына тегін жазылым беріледі.
Жоба нәтижелері жыл соңына дейін жарияланып, «Ұлттық диктант» дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілмек.