Балаларға арналған алғашқы қазақ тілді STEPPE GAMES мобильді ойынының таныстырылымы өтті

2025 жылғы 15 қазан күні Астана қаласында балаларға арналған алғашқы қазақ тілді STEPPE GAMES мобильді ойынының ресми таныстырылымы өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғамдық пікір көшбасшылары, тіл жанашырлары, инфлюенсерлер мен IT-мамандар, сондай-ақ ата-аналар мен балалар қатысты.
«STEPPE GAMES» – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша әзірленген, балалар мен жасөспірімдерге қазақ тілін заманауи әрі қызықты форматта үйретуді мақсат ететін мобильді ойын.
Жоба қазақ тілін оқытудың интерактивті әдістемесіне негізделіп, ойын арқылы тіл үйренудің тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамытуға, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге және мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттыруды көздейді.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоба авторларын құттықтап, STEPPE GAMES мобильді ойынының мемлекеттік тіл саясатын ілгерілетудегі және білім беру саласын цифрландырудағы маңызды рөлін атап өтті. Министр бұл бастаманың қазақ тілін үйретудің жаңа, креативті және қолжетімді форматын қалыптастыратынын айтты.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай ойынның негізгі идеясын таныстырып, оның мазмұндық және әдістемелік ерекшеліктеріне тоқталды. Ол ойынның тілдік дағдыларды механикалық жаттатудан гөрі тәжірибелік қолданысқа бағыттап, балалардың қазақ тілінде еркін сөйлеу қабілетін дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Тұсаукесер барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп және Дархан Қыдырәлі, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы ойын туралы пікірлерін білдіріп, авторлар мен әзірлеушілерге сәттілік тіледі. Спикерлер өз сөздерінде қазақ тіліндегі заманауи контентті дамытудың маңыздылығын және балаларға арналған ұлттық цифрлық өнімдердің ел болашағы үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.
Шара аясында ойынның құрылымы мен функциялары таныстырылып, қатысушылар қосымшаны тәжірибе жүзінде сынап көрді. Балаларға арналған арнайы ойын аймағы ұйымдастырылып, әрбір кішкентай қонаққа естелік сыйлықтар табысталды.
STEPPE GAMES мобильді қосымшасы App Store және Play Market платформаларында қолжетімді.
STEPPE GAMES – ой мен ойын алаңы.