Терминографияның өзекті мәселелері талқыланған республикалық конференция өтті

14.11.2025

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Терминография: теория, практика және даму бағыттары» республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Офлайн және онлайн форматта өткен ғылыми жиынға Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушылары мен білім алушылары, тіл мамандары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және терминология саласының зерттеушілері қатысты.

Конференцияға төрағалық еткен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов ұлттық терминологияны дамытуда цифрлық технологиялардың маңызды екеніне тоқтала келіп, ұйымдастырылып отырған конференцияға баяндама жасайтын жас ғалымдар мен қоғамның белсенді өкілдерінен тың пікірлер мен жаңаша ұсыныстар күтетіндігін жеткізді.

Жиын барысында терминжасамдағы жаңа технологиялық тәсілдер мен салалық терминологияны дамытуға қатысты түрлі тұжырымдамалық пікірлер ұсынылды. Конференцияда бірінші болып сөз алған І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, PhD  Рима Әбдуәлиева математикалық терминдер жүйесін нейрондық желілер, жасанды интеллект арқылы терминографиялық сөздік жасау мәселесін сөз етті. Астана қаласындағы №16 мектептің оқытушысы, PhD Ақжібек Ахмет цифрлық кеңістіктегі будан терминдер мәселесін сөз ете келе, терминдер жөнінде ақпарат бере алатын чат-бот, сайт және бейнесабақтарын таныстырды. «Muqaba» баспасының директоры, жазушы Арман Әлменбет «Комментатор сөздігін» жасау тәжірибесімен бөлісіп, Терминком.кз. сайтындағы терминдерді аударма түрінде ғана емес, анықтамасымен қоса беру қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ Ә. Бөкейхан университетінің аға оқытушысы, PhD Айнұр Несіпбай туризм саласындағы терминдерді электрондық сөздіктерде беру әдістерін таныстырса, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері Аягүл Омарова терминдерді стандарттау және ауқымды  электрондық терминографиялық база жасаудың қажеттілігі жөнінде пікір білдірді. Ал Әділет министрлігінің сарапшысы Мадина Оспаналы заң саласындағы терминдерді біріздендірудің күрделі тұстарын талдап, ресми қолданыстағы терминологиялық нақтылықтың маңызын атап өтті. «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының Терминология бөлімінің басшысы, ф.ғ.к. Нұрзия Әбдікәрімқызы цифрлық терминографияның міндеттері мен ұлттық терминологияның өзекті мәселелеріне тоқталды.

Конференция соңында сарапшылар сөз алып, пікір алмасу ұйымдастырылды. Жиын нәтижесінде Қарар қабылданды.

Қарарда цифрлық дәуірдің сұранысын қанағаттандырарлық біршама тың ұсыныстар бар. Атап айтқанда, электрондық (цифрлық) сөздіктерді әзірлеуде нейрондық жүйелерді, ІТ-сервистерді терминографиялық сөздіктер жасауға  пайдалану; терминологиялық жүйені машинаға оқыту, ЖИ-ді үйрету үшін оның құрылымдық элементтерін саралап ұсыну; терминдерді ғылыми тұрғыдан сараптау, қолданысқа ұсыну үшін Терминологиялық консорциум құру; цифрлық  дәуірдегі тіл білімінің мәселелерімен айналысатын ІТ құзыретті лингвистер әзірлеу.

Комментарии (0)
Оставить комментарий