ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫ: ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған қазақстандық делегация Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен қазақ және өзбек ғылыми-шығармашылық зиялыларының екінші форумына қатысты.
Аталған іс-шараға Қазақстанның көрнекті зиялы қауым өкілдері – Төлен Әбдік, Асқар Жұмаділдаев, Әлібек Асқаров, Роза Мұқанова, Дихан Қамзабекұлы, Дархан Қыдырәлі, Асхат Маемиров, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай, сондай-ақ Өзбекстан тарапынан ғылым мен білім саласының белді өкілдері қатысып, мазмұнды пікір алмасты.
Бұл басқосу – бұған дейін Астана қаласында өткен алғашқы форумның табиғи жалғасы ретінде қазақ-өзбек ынтымақтастығының стратегиялық сипатқа ие болып, мазмұндық тұрғыдан тереңдей түскенін көрсетті. Жиында Орталық Азияны біртұтас мәдени-ғылыми және экономикалық кеңістік ретінде дамыту, екіжақты байланысты жаңа деңгейге шығаратын нақты қадамдар кеңінен талқыланды.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ықпалдастықты күшейту өңірдің зияткерлік әлеуетін арттырудың негізгі тетігі екенін атап өтті. Әсіресе қазіргі жаһандық үдерістер жағдайында технологиялық даму мен цифрлық трансформация бағытында күш біріктірудің маңызы артып отырғанына назар аударылды. Бұл ретте ғылыми қауымдастықтың өзара ықпалдастығы тек тәжірибе алмасумен шектелмей, ортақ жобалар мен жаңа бастамаларға ұласуға тиіс екені айтылды.
Өз кезегінде, Танзила Нарбаева ғылыми және шығармашылық байланыстарды жүйелі негізде дамыту үшін нақты іс-қимыл жоспарларын қалыптастыру қажеттігін жеткізді.
Форум барысында Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Ибн Сина, Әл-Хорезми сынды ортақ тарихи тұлғалардың мұрасын заманауи тұрғыда жаңғырту мәселесі де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар ғылыми-технологиялық дербестік, білім беру бағдарламалары, креативті индустрия және цифрлық даму бағытындағы ынтымақтастық басым бағыттар ретінде айқындалды.
Сапар аясында делегация Самарқанд қаласының бірқатар тарихи-мәдени нысандарын, атап айтқанда, Регистан алаңын, Ұлықбек обсерваториясын, Әмір Темір кесенесін және Имам әл-Бұхари мемориалдық кешенін аралап көрді.
Самарқандта өткен қазақ-өзбек зиялыларының екінші форумы екі ел арасындағы серіктестіктің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін және Орталық Азия кеңістігіндегі ортақ жауапкершіліктің арта түскенін айқын көрсетті.