Жезқазғанда жарнама тіліндегі терминологиялық бірізділік мәселелері талқыланды

26.11.2026

25 қарашада Жезқазған қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Жарнамалардың сауатты рәсімделуі – ортақ мүдде» атты қалалық әдістемелік семинар-тренинг өтті.

Іс-шараға арнайы шақырылған Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрзия Әбдікәрімқызы «Жарнама тіліндегі терминологиялық бірізділік мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамада маркетинг, сауда, қаржы, технология, медицина және қызмет көрсету салаларындағы терминдердің әркелкі қолданылуы, бекітілген терминдердің жарнама мәтіндерінде жүйелі пайдаланылмауы, жаңа цифрлық өнімдер мен қызмет атауларын қазақша қалыптастыру мәселелері қамтылды.

Сондай-ақ соңғы жылдары бекітілген терминдерге арналған практикалық тренинг өткізілді. Қатысушылар «аймауыт», «бүртабан», «жүргек», «сұрмерген», «сырғы», «саптама кеді», «мұрсаткүн», «дауталап» сияқты терминдердің мағынасын талқылап, олардың жарнама мәтіндерінде қолданылу ерекшеліктері жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар Arbuz.kz онлайн-супермаркетінің жарнама мәтіндеріне талдау жасалып, тілдік олқылықтар қарастырылды.

Семинар барысында қатысушылардың терминологияға қатысты сұрақтарына жауап беріліп, қазақ тіліндегі жарнама мәтіндерінің сауаттылығын арттыру жолдары талқыланды.

Жезқазған қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Ғазиз Елеусізбайұлы терминологиялық қордың жаңа атаулармен толығуы және тарихи лексиканың қолданысқа енуі қазақ терминологиясын дамытудағы маңызды үдеріс екенін атап өтті.

Семинарды ұйымдастыруға ұйытқы болған бөлім басшысы Гүлзада Кәрібекқызы Шомаева «Тіл-Қазына» орталығы әзірлеген Termincom.kz, Sozdikqor.kz, Emle.kz интернет-ресурстарын қызмет барысында жиі пайдаланатынын жеткізіп, Нұрзия Әбдікәрімқызына «Алғыс хат» табыстады.

Іс-шара соңында қатысушылар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жарнама мәтіндерінің сауаттылығын қамтамасыз ету және қоғамда тіл мәдениетін қалыптастыру ортақ міндет екенін атап өтті.

Комментарии (0)
Оставить комментарий