ЖАҢА САНЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
«Қазақша атаулар өздерінің орысша нұсқасына қарағанда механикалық түрде қолданыла салмайды. Мысалы, біз «процесс» сөзін автоматты түрде қолданамыз, ал оны үдеріс деп қазақша атасақ, сөйлеушінің сансында сол сөздің мағынасына байланысты түсінік қалыптасады. Қоғамдық ғылымдарда әлі күнге жарыспалы қолданылып жүрген «интерпретация» атауы кездеседі. Көп мамандар, әсіресе тіл білімі мамандары сол күйінде пайдаланады: сөз интерпретациясы. «Интерпретация»-ның «талдау», «түсіндіру» деген мағыналарын негізге алып, түсіндіру (сөзді түсіндіру) сөзін балама ретінде қолдану да кездеседі. Дәрумен – витамин нұсқалары да осындай күйде. Мұндай жарыспалы терминдерге көп мысалдар келтіруге болады, олардың қазақша нұсқаларына деген мамандар күдігі әлі сейілмей отыр. Кезінде құрылыс саласы бойынша бастау алған терминжасамдағы бір дыбысын өзгерту арқылы мағынаны саралап қолдану, мысалы, ғимарат, имарат, үймерет қазір кенжелеп қалды», – деп жазады ғалым.
Медицина ғылымдарының докторы, Терминологиялық жұмыс тобының мүшесі, профессор Мұхамбедия Ахметовтың «Медицина терминологиясыныңс даму тарихы» мақаласы, аты айтып тұрғандай, медицинаның арнайы лексикасы дамуының әлемдік тәжірибесі туралы ой қозғайды. Жазбада қызықты мәліметтер жиі кездеседі. Мәселен, анатомиялық латын номенклатурасында араб тілінен бір ғана сөз қалған nucha, қазір мойынның артқы жағы, желке мағынасында қолданылады екен. «Ол Ибн Синаның «Дәрігерлік ғылым Канонынан» алынған, онда мағынасы «жұлын» деген мағынаны береді. Ал желкенің басқаша атауы болған. Аудармашылар араб тілінен аударған кезде көп сөздерді қате аударды», – дейді автор.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Редакциялық-баспа басқармасының басшысы Ә.Сергібаевтың айтуынша, басылымның толық нұсқасымен «Терминком кз» сайты арқылы жақын арада таныс бола аласыздар.