ТІЛДІ ИЛЬЯ ФРАНК ӘДІСІМЕН ҮЙРЕТУДІҢ ТИІМДІЛІГІ

24.11.2020
Илья Франк әдісі – белгілі бір шет тіліндегі мәтінді ана тіліндегі аудармасымен оқу. Бұл әдістің артықшылығы – сөздерді жаттауды, жазып алуды, сөздікке жүгінуді қажет етпейді. Сондай-ақ тілді қарапайым деңгейден ортадан жоғары деңгейге дейін үйретудегі тиімділігі жоғары. Сонымен Илья Франк кім? Ол – оқытушы, полиглот, аз уақыт ішінде тілді тез үйренудің әдістемесін ойлап тапқан әдіскер. Бүгінгі күні оның 58 тілді үйретуден тұратын 400-ге жуық кітабы жарық көрген.

Илья Франктың алғашқы кітабы 2000 жылы дайындалған Эрих Кестнердің «Эмиль және тыңшылар» әңгімесі болды. Бүгінгі күні аталған әдіс нәтижеге бағытталған әдістердің бірі. Әдіс 3 бөлімнен тұрады: 1) аудармасы мен түсіндірмесінен тұратын қысқа мәтін; 2) транскрипциясы бар жаңа сөздер тізбегі; 3) аудармасыз, түсіндірмесіз – түпнұсқа мәтін.

Мыс., Льюись Кэрроллдың «Алиса ғажайыптар елінде» ертегісінен үзінді: «In another moment down went Alice after it (келесі сәтте Алиса оның соңынан ерді), never once considering how in the world she was to get out again (ол қалай оралатыны туралы еш ойланбады да; never once - еш, ешқашан)».

Жаңа сөздер тізбегі: another [əˈnʌðə], moment [ˈməʊmənt], again [əˈgen].

Түпнұсқа мәтін:In another moment down went Alice after it, never once considering how in the world she was to get out again.

И.Франк әдісі орыс, ағылшын, неміс, француз т.б. тілдерін үйретуде кеңінен қолданылады. Ал қазақ тілін аталған әдіс бойынша үйретудің тәжірибесі жоқ деп айтуға болады. Бұл әдіс бойынша қазақ тілін мәтіндер арқылы үйретуде Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген Қазақстандағы этнос тілдерін оқытуға арналған мәтіндер жинағын (2019 жылғы В1 деңгей, 26 тілде; 2020 жылғы А1, А2 деңгейлері, 10 тілде) осы әдіс негізінде құрастыруға болады. Мысалы, 2020 жылы жарық көрген «Ана тілі» А1 мәтіндер жинағынан бір мәтінді алып қарастырайық:

 

Банан – пайдалы жеміс - Банан - полезный фрукт

Банан – дәруменге бай жеміс (Банан – это фрукт, который богат витаминами). Италияда әншілер бананмен тамағын емдейді (В Италии певцы лечат горло бананом.). Үндістанда бұл жеміс – қасиетті тағам (В Индии этот фрукт является священным блюдом). Оны қонақтардың алдына қояды (Его предлагают гостям).

Жеміс, дәрумен, бай, әнші, емдеу, қасиетті.

Еуропада таңертеңгі және түскі асқа оқушыларға банан береді (В Европе учащимся дают бананы на завтрак и обедтаңғы ас – завтрак, түскі ас - обед). Кубада бананды етпен бірге пісіреді (На Кубе банан варят вместе с мясом). Ал Венесуэлада бананды қуырады және күрішпен бірге береді (А в Венесуэле обжаривают банан и подают вместе с рисом). Бананды ауыр жаттығулардан кейін жеу керек (Бананы нужно есть после тяжелых упражнений). Бананды күнде жеу керек (Этот фрукт нужно есть ежедневно). Ол денсаулыққа күш береді (Он улучшает здоровье; күш – сила, күш беру - улучшать).

Түскі ас, бірге, пісіру, қуыру, ауыр, күш.

Түпнұсқа мәтін

Банан – пайдалы жеміс

Банан – дәруменге бай жеміс. Италияда әншілер бананмен тамағын емдейді. Үндістанда бұл жеміс – қасиетті тағам. Оны қонақтардың алдына қояды.

Еуропада таңертеңгі және түскі асқа оқушыларға банан береді. Кубада бананды етпен бірге пісіреді. Ал Венесуэлада бананды қуырады және күрішпен бірге береді. Бананды ауыр жаттығулардан кейін жеу керек. Бананды күнде жеу керек. Ол денсаулыққа күш береді.

Қорыта келе, Илья Франк әдісі – тілді мәтін арқылы үйренуде, сөздер, сөз тіркестері мағынасы мен қарапайым сөйлемдерді өз ана тілімен салыстырмалы түрде оқып-түсінуіне, сондай-ақ тілдің грамматикасы мен сөйлеу нормаларын, практикалық тұрғыдан меңгеруіне жол ашады. Аталған әдістің тілді үйретудегі тәжірибесіне сүйене отырып, қазақ тілін шет тілі ретінде үйрету болашақтың еншісінде.

Орманова Айгүл Әділбекқызы,

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы

Тіл-Қазына ұлттық ғылыми-практикалық орталығы

Әдістеме басқармасының кіші ғылыми қызметкері

Комментарии (0)
Оставить комментарий