ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ ҚАРАУЫНА ҰСЫНЫЛДЫ
Әмбеге аян, мемлекет басшысы өткен жылдың 9 қарашасы күні жетілдірілген әліпби, емле ережелері және пернетақта жобаларын Үкімет жанындағы Ұлттық комиссия отырысының қарауына енгізу туралы тапсырма берген болатын.
Комитет төрағасы Әділбек Қаба мәлімдегендей, «Осы тапсырмаға сәйкес, былтыр бірнеше мәрте отырыстар мен кездесулер ұйымдастырылған. Жыл соңындағы бас қосудың нәтижесінде емле ережелерін қайта пысықтау туралы шешім қабылданды. Бүгінгі шараның мақсаты – айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, қайта зерделенген емле ережелері жобасын талқылау».
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова «Қазақ тілінің жаңа емле ережелері жобасын талқылап, Ұлттық комиссия қарауына ұсыну туралы» баяндама жасады.
Талқылау барысында емле ережелері жалпыхалықтық қолданысқа ие болатындықтан, оны мейлінше түсінікті, жеңіл қабылданатын етіп, қарапайым әрі жиі қолданылатын мысалдар арқылы беру жағы да сөз болды.
Әрине, өмір бір орнында тұрмайды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, уақыт өз түзетулерін енгізіп жатады. Ол – болашақтың еншісі.
Онлайн отырысқа қатысқан жұмыс тобының мүшелері мейлінше дұрысталған емле ережелері жобасын Ұлттық комиссия отырысына ұсыну туралы шешім қабылдады.