ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: МІНДЕТТЕР МЕН МҮМКІНДІКТЕР

11.03.2021
Елімізде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстары 2017 жылдан басталғанын жақсы білеміз. Осы уақыттан бері бірқатар жұмыстар атқарылды. Олар ғылыми, әдістемелік және насихаттау жұмыстары. 2019 жылғы қазан айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма бергеннен кейін Үкімет жанынан құрылған Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобының ғалымдары әліпбиді жетілдіруге байланысты жұмыстар атқарды. Бұл ғылыми топ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдарынан тұрады. Орфографиялық жұмыс тобының бірнеше отырысы өтті. Кеңейтілген отырысқа техникалық топтың ІТ мамандары, сондай-ақ терминологиялық, әдістемелік жұмыс тобының мүшелері де шақырылып, әліпбидегі өзгерістер жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде бұл әліпбиді Орфографиялық жұмыс тобының 95% қолдады.

Жетілдірілген әліпби жобасы республикалық ашық талқылаулардан және апробациялардан өтті. Мәселен Республикадағы барлық Тіл орталықтары бекітілген әліпбидегі өзгерістерді сол өңірдегі тіл мамандарының талқысына салды және студенттер мен оқытушылар арасында сынамадан өткізді. Нәтижесін Орфографиялық жұмыс тобына ұсынып, жұмыс тобы мүшелері сынама қорытындысы негізіндегі ескертпе мен ұсыныстарды мұқият талқылаудан өткізді. Бұған қоса әліпби жобасы бастауыш мектеп мұғалімдері мен әдіскерлер тарапынан да талқыланып, сарапталды. Алдыңғы апостроф, акут жобаларына қарағанда қазақ тілінің төл табиғатына негізделген осы жетілдірілген жобаны ашық талқылауға және апробацияға қатысқан мамандардың барлығы дерлік қолдады. Сонымен бірге жақында Үкімет жанындағы Ұлттық комиссия мақұлдаған жетілдірілген жоба жалпы әліпби түзудің халықаралық шарттары мен талаптарына толық сәйкес келеді. Себебі ол Халықаралық фонетикалық әліпбиге де және Юникод жүйесіне де сай дайындалған.

Қазіргі жаһанданудың ең басты ерекшелігінен саналатын цифрландыру үрдісінде қазақ әліпбиі де соған сәйкес болуы қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан келгенде қазақ тілінің жаңа латын әліпбиі осы үрдістердің үдесінен шығуы тиіс. Жетілдірілген әліпби жобасының басты ерекшелігі де осында деп ойлаймыз. Оны еліміздегі тілші ғалымдардың, әдіскерлердің және мұғалімдердің барлығы жуық қолдауда.

Әліпби мен оның емле ережелері бекітілгеннен кейінгі үлкен жұмыс – осы әліпбиді халыққа үйрететін оқытушылардың өздерін дайындау. Президент әліпби нұсқасын ресми түрде бекіткеннен кейін ең бірінші, оқытушылар даярланады. Яғни латын әліпбиін үйрететін оқытушыларды даярлау үшін, республика көлемінде оқыту курстары жүреді. Ол курстың арнайы бағдарламасы мен оқыту құралы дайындалып жатыр. Курсқа қатысушылар жаңа әліпби құрамы мен латын әліпбиіне негізделген емле ережелерін толықтай меңгеріп шығады. Осы курстан оқып шыққан оқытушылар өз өңірлеріне барып, латын әліпбиі мен емле ережелерін үйрететін болады. Бұл шараны Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті «Тіл-Қазына» орталығы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы», «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы» сияқты ғылыми-әдістемелік мекемелер жүзеге асырады.

Әліпби және оның емле ережелерін үйрету курстары онлайн форматта да ұйымдастырылады. Осындай форматтағы оқу құралдары дайындалады және латын әліпбиін үйретуге арналған оқу құралдарын республиканың кез келген тұрғыны пайдаланып, курсқа қатыспай-ақ өз еркімен үйрене алады. Оқу құралдарының барлығы электронды форматта, арнайы сайттарда жарияланады. Латын әліпбиін үйретуге бағытталған нұсқаулықтар, кітапшалар балаларға, егде жастағы адамдарға немесе сала мамандарына лайықталып жасалатын болады. Сонымен бірге смартфондарға арналған мобильді қосымшалар да дайындалатын болады. Мобильді қосымшаға енгізілетін мәтіндер, тапсырмалар, емле ережелеріне қатысты түсіндірмелерді Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдары, мамандар даярлап береді. Мамандар даярлаған мәтінді немесе тапсырмалар топтамасын ІТ мамандары мобильді қосымшаға енгізеді.

Елімізде жаңа әліпбиге көшу 2025 жылға дейін деп қарастырылған. 2018 жылы бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру» жоспарына сәйкес жаңа әліпбиге көшу кезеңдері мынадай: 2021 жылы жаңа әліпби және оның емле ережелер жобасы бекітілгеннен кейін, жұртшылықты жаппай оқыту кезеңі басталады. Сондай-ақ, латын графикасы негізіндегі жаңа ортологиялық құралдар, нұсқаулықтар, анықтамалықтар шығатын болады. Яғни, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, анықтағыштар, және т.б. 2022-2023 жылдары жаңа әліпбимен оқу құралдары әзірленіп, 1 сыныпқа баратын оқушылар жаңа әліпбимен мектеп табалдырығын аттайды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматының паспорттары мен жеке куәліктері және басқа да құжаттар латын графикасы негізіндегі берілуі көзделіп отыр. 2025 жылы Мемлекеттік БАҚ-ты және баспа басылымдарын жаппай латын графикасына көшіру жұмыстары басталуы жоспарланған. Әлбетте, әліпби мерзімінен кеш бекітілуіне орай жоспарда белгіленген мерзімдер бойынша өзгерістер болуы да мүмкін.

Әліпби ауыстыруда маңызды мәселелердің бірі – бұл әріптерді пернетақтада орналастыру. Бізде пернетақта мәселесіне жауап беретін Ұлттық комиссия жанынан Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жұмыс тобы деп аталатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған топ бүгінде жаңа қазақ әліпбиіне негізделген пернетақта жобаларының бірнеше нұсқасын қарап, оларды талқылаудан өткізді. Ұсынылған пернетақта жобаларының бірі бүгінгі қолданылып жүрген «Qwerty» пернетақтасына негізделсе, енді бірі қазақ тіліндегі әріптердің қолданылу жиілігіне байланысты жасалған. Бұл пернетақтада қазақ тілінде ең жиі қолданылатын әріптер пернетақтаның ортаңғы бөлігіне орналастырылса, қалған бөліктеріне әріптер рет-ретімен қолданысына қарай орналастырылды. Жаңа пернетақта үлгілері жұртшылықтың назарына әліпби қолданысқа енгізілген соң ұсынылатын болады.

Латын әліпбиіне көшуіміздің себептері туралы БАҚ-та, әлеуметтік желілерде көп айтылды. Соның кейбіреулерін ғана тұжырымдап келтірейік.

Латын әліпбиіне көшу ең алдымен біздің қазіргі жаһандану жағдайында әлеммен графикалық тұрғыдан үндесуімізге мүмкіндік береді. Шетелдердегі қазақ қандастарымыздың да әліпби басын біріктіретін құрал болары сөзсіз. Түркі тектес халықтармен де жазуымызда ұқсастық болуы тілдік қарым-қатынасымызды кеңейтуге, түркі әлемін біріктіруге септігін тигізетін болады. Технологиялық тұрғыдан да ықпалдасуға берер пайдасы мол.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтуде. Яғни халықаралық кеңістікте әбден танымал, кең таралған және әлемнің дамыған мемлекеттерінің басым көпшілігі қолданатын латын әліпбиі біздің санамызды, қоғамды жаңғыртуға үлкен мүмкіндіктер ашады.

 

Әлібек Асқар,

Ш. Шаяхметов атындағы

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-

практикалық орталығының бас директоры

Комментарии (0)
Оставить комментарий