ТЕРМИНОЛОГИЯ ТАРЛАНБОЗЫ
Ғылымның биік шыңына көтерілсе де, менмендіктен бойы ада ғалымның парасат-пайымы зор, кішілік, кісілігімен, маңғаз мінезі, тектілік болмысы, адамгершілік қасиеті мен шығармашылық қабілеті арқылы ғылыми ортада, әріптестері мен шәкірттерінің арасында абырой биігінен көріне білген тау тұлға азамат еді.
Ғалымның ғылыми зерттеулерінен қазақ тіл білімінің, оның ішінде ғылыми терминологияның қалыптасып, дамуына өлшеусіз үлес қосып, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырғанын ерекше атауға болады. Терминолог-ғалым, академик Ө.Айтбайұлының басшылығымен «Қазақ терминологиясының мәселелері», «Термин және олардың аудармалары» сияқты қомақты еңбектер жарық көрді. Қазақ тіл білімінің лексикология, диалектология, ономастика, әдеби тіл, мемлекеттік тіл, стилистика, тіл мәдениеті, аударма салалары бойынша ізденістерінің нәтижесінде 500-ден аса ғылыми еңбектің, олардың ішінде 30-ға жуық монография мен оқулықтың, оқу-құралдары мен сөздіктердің авторы болғанын, «Қазақ терминологиясының жасалу көздері», «Қазақ әдеби терминологиялық лексиканың дамуы», «Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-әдістемелік және практикалық мәселелері» атты құнды еңбектерге жетекшілік еткенін, сондай-ақ аударма проблемаларының күрделі мәселелерін қарастырған тұңғыш зерттеу жұмысы ретінде, баспасөз беттерінде автордың келелі табысы ретінде жоғары бағаланған- «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» атты еңбегін ғылыми жұртшылық жақсы біледі.
Тіл білімі институтының «Терминология және аударма теориясы» бөлімінің 20 жылдай басшысы болған кезде оның ғылыми-зерттеушілік, ғылымды ұйымдастырушылық қабілеті айқын да анық, жемісті болғаны баршамызға аян. Ғалымның басшылығы және қатысуымен «Тіл мәдениеті және баспасөз», «Сөз өнері», «Қазақ терминологиясының мәселелері», «Термин және олардың аудармалары» сияқты бірнеше ұжымдық еңбектердің баспа бетінен жарық көруі ғылыми жұртшылық тарапынан үлкен бағаға ие болған еді.
Академик Ө.Айтбайұлы терминология мен аударма саласын жан-жақты зерделеп, зерттеу ауқымын кеңейте түсті. Ол қиын да күрделі осы саладағы мәселелерге әлемдік ғылыми ой-пікірлерді саралай келіп, қазақ тілінің өз табиғатына тән заңдылықтарды негізге ала отырып, тың зерттеулерді өмірге әкелді. Қазақ тіл білімінің түйінді мәселелеріне, әсіресе терминология, тіл мәдениеті, аудармаға байланысты дәйектілікпен дәлелденген ойлы тұжырымдар ұсына білді. Ғалымның терең зерттеген саласы – терминология десек, өзі басқарған бөлімде терминологиялық картотека базасын қалыптастырып, 500 мыңға жуық картотекалық қордың негізі қаланды. Ғылымның ірі-ірі 5 саласы бойынша жасалған бұл материал түрлі сөздіктер жасауға, әсіресе қоғамдық ғылымдар саласы, биология ғылымы, физика-математика ғылымы, жер туралы ғылым мен техника ғылымдарының саласы бойынша өте пайдалы болғанын ғылыми орта жоғары бағалады.
Солардың қатарында «Қоғамдық ғылымдар терминдерінің орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігінің» екі томдығы жасалып, оған академик Ө.Айтбайұлының жауапты редактор болғаны – көп жылдық еңбектің нәтижелі жемісі деп бағаланды. «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» атты көлемді де мазмұнды монографиясы қазақ тіл білімінде тұңғыш рет қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы жайында жазылған құнды еңбектер қатарынан көрінді. Қазақ терминологиясы мен аудармасының мәселелері туралы көп жылғы зерттеулердің негізінде 1992 жылы «Қоғамдық ғылымдар терминологиялық лексикасының қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оның бұл жұмысы тың мәселені қозғап, айтарлықтай жаңалықтар ашып берді. Ең алдымен, бұған дейін ғылым әлемінде, тарихымызда сыры жұмбақ болып келген арыстарымыз- Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының мұралары мен еңбектері тұңғыш рет тілдік тұрғыдан талданып, лайықты бағасын алды. Әсіресе А.Байтұрсынұлының қазақ лингвистикасын дамытудағы, оның ішінде қазақ терминологиясын жасаудағы зерделі ой-пікірлері мен ғылыми орны жан-жақты сараланып, дәлелденді.
Мақаланың толық нұсқасымен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар: https://egemen.kz/article/270911-terminologiya-tarlanbozy