САНАНЫ ӨЗГЕРТУДІҢ ТИІМДІ ТЕТІГІ
2017 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойып, Премьер-Министр өкімімен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды. Қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына кезең-кезеңмен көшуінің 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары әзірленіп, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі төрт жұмыс тобы құрылды. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережесі Тұжырымдамасы негізінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары «Қазақ тілінің орфографиясының жаңа ережелері» жобасын әзірледі. Бүкілхалықтық талқылаулардан соң, Қазақстан үкіметі 28 қаңтарда қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысын өткізіп, латын алфавитінің жаңа нұсқасын ұсынған болатын. Үкіметтің мәліметінше, жаңа әліпби 40-тан аса нұсқаның ішінен таңдалған, аталған нұсқада 31 әріп бар. Жаңа әліпбиге көшуді 2023 жылдан 2031 жылға дейін жүргізуді жоспарлап отыр.
Латын графикасына өту арқылы шетелдердегі кирилл қарпін түсінбейтін қазақ диаспораларының қазақ тілін қолдануына елеулі ықпал етуге болады, сонымен қатар туысқан түркі халықтары да жазу жақындығынан түсініссе, түркі әлемінің үндесуіне қол жеткізер еді деген пайымды пікірді «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлыхан Аитова да айтады. Ғалымның айтуынша, графика реформасы – жалаң таңбалар тізбегі емес, тіл мен ұлт, тіл мен сана, тіл мен әлеумет, тіл мен психика, тіл мен әдіснама, тіл мен білім, тіл мен ұрпақ сабақтастығы, тіл мен техника, тіл мен тарихи сана байланысы мен арақатынасындағы көпшілікке көріне бермейтін нәзік шиеленістердің түйінін ескеріп барып шешетін күрделі құбылыс.
«Осы уақыттан бастап латын графикасына кезең-кезеңімен көшу ісіне кіріскен бірқатар құрылым не екті, не орды? Әр нәрсені межелі уақытта екшеп, есебін алып, елді құлағдар етудің қажеттілігі халық алдындағы парыз салмағына қиянат қылмау ниетімен өлшенсе керек. Латын графикасына көшу – рухани, тілдік реформа ғана емес, саяси реформа. Ол – лингвистика тілімен айтсақ, грамматикалық отарлаудан құтылып, азаттық алудың жанкешті қадамы. Ал саяси аспектіден қарасақ, экономикалық тәуекелдерімен қоса алғанда, ұлттық сананың жаңғыру тетігі болуға әбден лайық әмбебап жарақты стратегиялық бағдар. Ғылыми-техникалық тұрғыдан қарасақ, әлемдік ақпараттар толқынын шоғырландыруға бейім, білім тұтастырушылық және сұрыптаушылық қабілетке ие құрылымдық жүйе әрі рухани база. Бұл – оның ең ірі мүмкіндіктері», дейді Нұрлыхан Аитова.
Әлемдік қоғамдастықтың теңқұқылы мүшесі Қазақстан келешек дамуын латын графикасы негізіндегі ұлттық әліпбиге көшуді маңызды деп табуы кенеттен пайда болған шешім емес. Бұл – мемлекеттің мақсатты түрде ойға алған Қазақстан халқының ортақ таңдауы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының төрт жылдығы аясында Елбасы бастамасымен бекітілген тарихи шешім 2025 жылға дейін латын әліпбиіне толық көшуіміз керек екендігін, қоғамдық өмірдің барлық саласына кезең-кезеңімен енгізу қажеттігіне үндеп отыр.
Мақаланың толық нұсқасымен төмендегі сілтеме бойынша таныса аласыздар: https://egemen.kz/article/271241-sanany-ozgertudinh-tiimdi-tetigi