ЖАРНАМА ТІЛІНІҢ САУАТТЫЛЫҒЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНБАҚ
Көрнекі ақпарат пен жарнама мәтінін Тіл заңының талаптарына сүйенбей, бейсауат орналастыру салдарынан сауатсыз жарнама саны күрт артып, қалың көпшіліктің наразылығын тудыруда. Өз кезегінде бұл Үкімет тарапынан қандай да бір пәрменді тетіктің енгізілуін қажет етті.
Соған орай депутаттар тарапынан кәсіпкерлік субъектілерінің тіл туралы заңнаманың сақтауына мемлекеттік бақылау функциясын енгізуге қатысты маңызды ұсыныс түсті.
Яғни Кәсіпкерлік Кодекстің 138-бабына «Тіл туралы заңнаманың деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде сақталуын бақылау» түрін енгізу; «Тіл туралы» Заңның 25-2-бабына облыстың жергілікті атқарушы органына аталған мәселеге қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөнінде құзырет беру және осы Заңға бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу баптары ұсынылды.
Бүгінгі күні Тіл комитеті мемлекеттік бақылау функциясын енгізуге қатысты реттеушілік әсерді талдау формасын әзірлеп, ашық НҚА порталында талқылаудан өткізді.
Тиісті процедуралар жүргізіле отырып, алдағы уақытта талдау формасы Ұлттық экономика министрлігіне қорытынды алуға жолданатын болады.
Жалпы Парламент Мәжілісінде заң жобасын пысықтау мақсатында бүгінгі күнге дейін 9 отырыс өткізілді.