РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯ БАСТАЛДЫ
Қазақстан халқының этнос өкілдері ғана қатысу мүмкіндігі бар бұл акция төрт кезеңнен тұрады.
1-кезең: 5-8 сынып оқушылары, 24 мамыр – 10 маусым аралығы;
2-кезең: 9-10 сынып оқушылары, 3 маусым – 1 шілде аралығы;
3-кезең: жоғары оқу орны студенттері мен ересек азаматтар, 5 шілде – 5 тамыз аралығы;
4-кезең: Құқық қорғау органдары мен Ішкі істер органдары қызметкерлері, 6 тамыз – 6 қыркүйек аралығында.
– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен басталған бұл шараға қатысушылар қазақтың беделді ақындарының өлеңдерінен жатқа үзінділер оқиды. Жыл сайын тақырыптар өзгеріп отырады. Биылғы тақырып – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Отан, туған ел, туған жер, мемлекеттік тіл төңірегінде болмақшы,– деді бізге берген сұқбатында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы редакциялық баспа басқармасының басшысы Ә.Сергібаев. – Байқау шартына сай, үміткер өлең жолдарын мәнерлеп, жатқа оқиды. Сапалы видеоға түсіреді және оны өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына орналастырып, #менқазақшасөйлеймін2021 хэштегімен бөліседі. Жеңімпаздар оқылған өлең жолдарына ең көп жиналған «ЛҮПІЛ» (Лайк) санымен анықталады.
– Әлім Сәдуақасұлы, халық арасында үлкен танымалдылыққа ие болған бұл байқаудың маңызы да өте зор. Биыл несімен ерекшеленеді деп ойлайсыз?
– Жақсы пікіріңізге рахмет. Акцияның әр кезеңіне 100-ден аса тіл үйренушілер қатысады деп болжам жасап отырмыз. Бұл дегеніңіз жақсы көрсеткіш. Өйткені, әр үйренуші – бір тұлға. Жыл сайын олар туралы мәлімет жинап, тіл жанашырларының қатарына қосып отырамыз. Әр кезеңге байланысты жеке-жеке қорытынды шығарылып, жеңімпаздар онлайн режимде марапатталады.
Біз де өз тарапымыздан барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, жанкүйерлерге үкілеген үміткерлерінің бәйге алдында келуіне үлес қосуда қапы қалмауға шақырамыз.