«Тіл үйрету – күн тәртібінен түспейтін міндет» республикалық онлайн семинары

23.07.2021

Қазақ тілін оқыту әдістемелері, жаңа инновациялық әдіс-тәсілдер, әзірленген оқу-әдістемелік құралдар, қосымшалар бойынша өңірлік тілдерді оқыту орталықтарының өзара тәжірибе алмасу онлайн семинарлар желісінің келесі кезеңін ертең, жұма күні сағат 16:00-де Қызылорда облыстық Тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері жалғастырады.

Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының  «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі  2008 жылдан бері  Сыр өңірінде  ересек азаматтардың қазақ тілі, орыс және  ағылшын тілдерін еркін меңгеруіне ықпал жасап, тегін курстар жүргізіп  келеді.

  Орталық  жұмысы Оқу-әдістемелік және Ғылыми-әдістемелік бөлімдер арқылы облыс көлемінде  7ауданда:  

*Оқыту курстарын жүргізу;

*Оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу;

*Семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, байқаулар, конференциялар  т.б. іс-шаралар өткізу бағыттарында ұйымдастырылып, жүргізіледі.

2008 жылдан күні бүгінге дейін үш тіл бойынша 10 мыңнан астам ересек тұрғын оқыту курсымен қамтылып: мемлекеттік тіл бойынша – 6000, ағылшын тілінен – 2795, орыс тілінен – 1918,    барлығы - 10713 тыңдаушыға курс сертификаттары  табысталды.

Биылғы жылға  жоспарланған 2520 тіл үйренушінің І жартыжылдықта 1421–і  қамтылып,  оқыту жоспары   56%-ға орындалып отыр.

Тіл  курстары 2020 жылдың сәуір айынан бастап елдегі эпидахуалға байланысты қашықтан оқыту режимінде жүргізілуде. Онлайн курстар топтары Wһatsapp, Телеграмм жүйелерінде жасақталып,  сабақтар ZOOM платформасы және  орталықтың kzordatil.kz интернет порталы арқылы оқытылады.

Былтырғы жылы пандемия  кезінде білікті маман Әсел Манасқызының бастамашылығымен  Орталық мамандары қашықтан оқытуға арналған kzordatil.kz интернет порталын жасақтаған болатын. Порталдың e-learning  бөлімінде мемлекеттік тіл, ағылшын тілі, орыс тілі курстарының сабақтары, сабақ презентациялары мен аудио-видеоматериалдары, жұмыс дәптерлері деңгейлер бойынша папкаларға салынып, орналастырылған.   Бүгінде үш тілдегі деңгейлік  курстардың барлық сабақтарын қажетті деңгейлер бойынша тіл үйренушілер өзі таңдап, уақыты мен мүмкіндігіне сәйкес қолжетімді әрі тиімді пайдалануда. Порталдағы бейнесабақтардың сілтемелері орталықтың ютуб каналына және инстаграмдағы «Тілдерді қашықтықтан оқыту»  парақшасына да орналастырылған.

Ғылым-әдістемелік бөлім жұмыстарының  бірі – латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиіне көшуге байланысты шараларды ұйымдастыру, түсіндірме, насихат жұмыстарын жүргізу және тіл үйренушілерді  жаңа әліпбиде жазу, оқу сауаттылығына дағды  қалыптастырып, бейімдеу.

2019 жылы өткен республикалық «Тіл форумында» орталық мамандарының әдістемелік іс-тәжірибесін тарату мақсатында «INTELLIGENCE.KZ» ақпараттық, ғылыми-педагогикалық журналының №132 санында мамандардың әдістемелік сабақтары мен мақалалары жинақталып, жарияланды және көрмеде арнайы таныстырылды.

Әлеуметтік желі оқырмандары сұрауы бойынша  Фейсбук, Инстаграмм  парақшаларында да  «Easy English» ағылшын тілін жылдам  үйрену, «О русском по-казахски» орыс тілі грамматикасын  үйрету айдарлары, қазақ тілінде сауатты сөйлеуді үйретуге арналған «Сөздер сөйлейді», «Сөз қадірі – өз қадірің», «Проффесор сағаты» дәрістері тікелей эфирде, және «Қатесіз жаз!» сауаттылық айдары  желіде тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты орталықтың «Тәуелсіздікке тағзым – тілге құрмет» тақырыбында  іс-шаралар жоспары бекітіліп, көптеген шаралар онлайн ұйымдастырылуда. Фейсбук, инстаграм парақшаларында арнайы хэштэгпен ұйымдастырылған онлайн шараларға  жұртышылықтың қатысу белсенділігі мен қызығушылығы күн санап артып келеді.  Атап айтқанда; «Тәуелcіздікке тағзым –тілге құрмет» облыстық онлайн жыр мүшайрасына  24 үміткер қатысып, өнер көрсетсе, «Еңсесі биік Елорда» онлайн диктант шарасына 100–ге жуық мемлекеттік қызметкер белсене қатысты. Сондай – ақ, тіл үйренушілер арасында Президент оқуға ұсынған 30 кітапты оқып, талдауға арналған заманауи «BOOKTALKING» фоматындағы онлайн оқырмандар конференциясы мен «Тәуелсіздікке 30 жыл - 30 ашық сабақ»  ашық сабақтар мен челлендждер, т.б. шаралар жыл соңына дейін жалғасады.

2018 жылы тыңдаушылардың оқылым дағдысын қалыптастыруға арналған жергілікті жазушылар шығармаларының қызықты сюжеттері бойынша  тапсырмалар құрастырылып, «Қызықты әңгімелер жинағы»  шағын кітаптар сериясы баспадан жарық көрген болатын. Бұл әдістемелік жинақ  тыңдаушыларға тапсырамаларының қызықтығымен ұнаған, сүйікті  кітап болды деуге болады.

Орталық 2018 жылдан бері оқыту  курстарының барлық жұмыстарын сандық жүйеге көшіріп, тыңдаушылардың сабаққа қатысуын қадағалау мен электронды журнал,  фото, видео кері байланыс есебін тексеріп отыру үшін GoogleDisk форматындағы деректер базасын жасақтап, пайдаланып келеді. Деректер базасында әр оқытушының оқытқан тобы жайлы мәліметтер сақталып, GoogleForms  жүйесіндегі сауалнама, тест материалдары салынып отырады.

Қазіргі  таңда орталық мамандары қазақ тілін тыңдалым дағдысы арқылы үйретуге арналған «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!»  мобильдік қосымшасы мен ағылшын тілін ойындар арқылы меңгертетін «Mnemocards» әдістемелік құралын әзірлеп жатыр. 

 

Семинар ZOOM платформасында онлайн режимінде болады және Facebook әлеуметтік желедегі парақшада тіклелей эфирде көрсетіледі.

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий