«Шеттілдік терминдерді игерудің халықаралық тәжірибесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді
2021 жылғы 15 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып «Шеттілдік терминдерді игерудің халықаралық тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізеді. Басталуы сағат 14:00-де.
Халықаралық конференцияның мақсаты – әліпбидің жетілдірілген жаңа нұсқасы мен емле ережелері жобасындағы өзгерістерді ескере отырып, латын графикасына көшкен түркі халықтарының, ТМД елдерінің шеттілдік терминдерді таңбалау, игеру тәжірибесімен бөлісу, келешекте игерілетін терминдерді ғылыми айналымға түсіру және терминдерді қалыпқа келтіру, жүйелеу жолдарын талқылау.
Конференция барысында ғалымдардың терминологияны бiрiздендіру, жүйелеу барысы туралы тәжірибелерін зерделеп, ғылыми негізді тұжырымдары ескеріледі, латыннегізді қазақ әліпбиіне көшу барысында шеттілдік терминдерді түпнұсқада жазу, игеріп жазу, бірге және бөлек жазудың тиімді үлгілері талқыланады деп күтілуде.
Кірме терминдерді игеру ісін оңтайландыру үшін Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Еуропа елдерінде қалай шешімін тауып жатқанын талдай келіп, олардың тиімділерін айқындауы конференцияның өзектілігін арттыра түседі.
Халықаралық онлайн-конференцияның жұмысына Түркиядан, Ресейден, Татарстаннан, Қарақалпақстаннан, Өзбекстаннан ғалымдар, сондай-ақ еліміздің жетекші терминтанушы ғалымдары, ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, жоғары оқу орындарының лингвист ғалымдары, орталық атқарушы органдарының, жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, сала мамандары қатысады.
Семинарға Zoom платформасы және «termincom.kz» сайтының YouTube каналы арқылы қосылу мүмкіндігі қарастырылған.