«Қазақ тілі» (А1-А2 деңгейлері) әмбебап оқулығының тұсаукесері өтті
Салтанатты шараны «Тіл-Қазына» ҰҒПО «Әдістеме» басқармасының басшысы Ж.Ысқақова шетелдегі қазақтарға арналған әмбебап оқулық әзірлеудегі басты мақсат пен міндеттен бастады.
- Біздің басты мақсатымыз - отандық және шетелдік қазақ тілін оқыту орталықтарына ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету. Осы мақсатқа сәйкес заман талабына сай, жаңаа әдіс-тәсілдер мен технологияларды еркін қолдануға мүмкіндік беретін оқулық әзірлеу міндеті туындады. Сондықтан барлық қазақ тілін үйренуші азаматтарға қолжетімді әрі өзінің еркін сөйлеу тілі арқылы үйренуге ыңғайлы оқулық әзірленді,- дейді Ж.Ысқақова.
Оқулық тұсаукесерінде А1 деңгейінің авторы А.Балабеков (Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің оқытушысы) пен А2 деңгейінің авторы Н.Дәулеткереева (ф.ғ.к.) таныстырылым жасап, кітап құрылымы мен тапсырмаларға толық тоқталып өтті.
Шетелдегі диаспора өкілдері үшін арнайы әзірленген оқулыққа «Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамы қазақ тілі курсының үйлестірушісі, Хаджеттепе университетінің оқытушысы Салтанат Ұзақбайқызы мен Омбы қазақтары ұйымы төрағасының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты Торғын Ашенова, Алматыдағы АҚШ Бас Консулдығында және АҚШ USID агенттігіндегі дипломаттарға қазақ тілін үйретуші, PhD Д.Койшығұлова пікір білдірді. Тәуелсіз сарапшылар шетелдегі қазақтарды ана тілінде оқыту үшін әмбебап кітаптардың қажеттігін айта келе, мазмұнына толықтырулар мен түзетулер енгізуге ұсыныс білдіріп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға ынталы екендіктерін жеткізді.
- Әрбір адам өзі тіршілік ететін ортаның менталитетін бойына сіңіреді. Сондай-ақ күнделікті қолданыста болатын көздердің де айырмасы бар. Сондықтан оқулық қай тілде жазылса сол халықтың немесе сонда тұратын азаматтардың тұрмыс-тірлігіне сай жазылғаны тіл үйрену, үйрету процессін жеңілдетеді әрі жылдамдатады,- дейді Т.Ашенова.
Ал қазақ тілін қызығушылықпен үйренген Гарвард университетінің PhD докторанты Алекс Уорбуртон: «Қазақ тілін оқытатын ағылшын тіліндегі оқулықтың шығарылуы мені қатты қуантты. Себебі өзің ертін түсінетін тілде, тікелей тіл үйрену әлдеқайда жеңіл. Сондықтан бұл бастама мені қуантты. Алайда оқулықта кейбір сөздердің аудармасында, жазылуында (таңбалануында – ред.) қателіктер бар. Аз-кем осындай кемшіліктер түзетілсе жақсы болар еді»,- деді.
Онлайн шараға оқулық авторлары, өңірлік орталықтардың әдіскерлері, қазақ тілі оқытушылары мен тіл үйренушілері, тіл жанашырлары қатысты.
Айта кетейік, «Қазақ тілі» (А1-А2 деңгейлері) әмбебап оқулығы tilalemi.kz сайтына орналастырылған. Танысып, қолданамын деушілерге қолжетімді. Ал оқулықтың В1, В2 деңгейлері ағымдағы жылы шығарылады деп жоспарланған.