Чехия астанасында «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының тұсауы кесілді
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Чехия Республикасындағы Елшілігінің бастамасымен «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап алғаш рет чех және ағылшын тілдеріне аударылып, оған қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткерлері мен қазіргі заманғы «Алаштанушы» ғалымдардың еңбектері енді. Қазақ тілінен ағылшын тіліне аударуды Қазақстан Республикасының Ұлттық аударма бюросы жүзеге асырды.
Іс-шара барысында қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру мәселелері талқыланып, Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жетістіктері туралы сындарлы пікір алмасу болды. А. Байтұрсынұлы мен «Алаш» қозғалысының ел тарихы мен ұлттық сананы қалыптастырудағы бірегей рөлі атап өтілді.
Танымал чех ғалымы, профессор Йиржи Шима өз сөзінде «Мен өз халқым мен елімнің тарихын зерттеп қана, өткен ғасырдың соңында жаңадан пайда болған тәуелсіздіктің ерекше құндылығын түсіне бастайтындығыма сенімдімін», деді.
Сондай-ақ, кездесуде Карлов университетінің, Чехия Ұлттық кітапханасының өкілдері, журналистер мен «Қазақстан достары» клубының өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар ұлттық тарихты жан-жақты және терең зерттеудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстандық тараптан онлайн форматта «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ Басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлі, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сатай Сыздықов, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының жетекшісі Зәуреш Сақтағанова, М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Алтайы Оразбаева қатысты.
Дөңгелек үстел соңында Қазақстан Елшілігі Карлов университетіне «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітаптарын чех және ағылшын тілдерінде сыйға тартты.
Ертеректе хабарлағанымыздай, атақты қазақ ғалымы және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығы 2022 жылы аталып өтілетін ЮНЕСКО-ның Айтулы мерейтойлар тізіміне қосылған болатын.