ӘҢГІМЕ АРҚАУЫ – ТІЛ

05.05.2022
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, белгілі ғалым Ербол Тілешов 4 мамыр күні Түркістан облыстық теледидарының тікелей эфирдегі «ZOOM» деп аталатын кешкілік телебағдарламасына қатысты. Сұқбат тақырыбының атауы – «Мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қазақ тілінің қадірі». Осының өзінен-ақ оқырман әңгіме өзегі қай бағытта болғанын аңғарады.

Мемлекеттік тілдің тағдыры көпшілікті толғандырып жүрген келелі мәселенің бірегейі. Ұлттың атасы – тарих, анасы – тіл, осы екі «ата-ананың» тәрбиесіне уызынан жарымаған, өзінің туған тілінде сөйлей алмайтын ұрпақтан халқының нағыз патриоты шыға қоюы екіталай.

Осындай ойларын ортаға салған кеш қонағы, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы сары уайымға салынып, қол қусырып отырудан гөрі, іс қылу пайдалы екенін өз тәжірбиесінен нақты мысалдар келтіре отырып дәлелдеді.

«Қазіргі нарық заманында тілге жауырынын тосатын үш алып кит бар. Олар – билік, бизнес, БАҚ. Осы үш салаға дендеп енбеген тіл балабақшаға, мектепке, қоғамның басқа да институттарына еркін араласуы неғайбыл. Басқосуымыздың атына назар аударсақ, «мәртебе» мен «қадір» деген екі сөз қолданылыпты. Қарап тұрсақ, күнделікті өмірімізде алдыңғысы бар, ал ендеше тиісінше қадірі неге артпайды. Себебі, саяси мәртебеден басқа, қолданылу аясы деген болады. Заңдық тұрғыдан талап ету жағы баяу», – деді Ербол Ердембекұлы.

Бағдарлама барысында Орталықтың «Тіл әлемі» сайты жиі аталды.

Онда кез келген шаңырақтың төрінде тұруға лайық Ахмет Байтұрсынұлының алты томдық шығармалар жинағы тұр. Бұдан басқа тіл үйренушілерге арналған инновациялық электронды құралдардың сілтемесін кездестіре аласыз.

Терминдерді бекіту игі ісіне кез келген тіл жанашыры қатыса алады.

Алаштың ардақтысы Ғұмар Қараштың сөзімен айтқанда, «Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз».

Комментарии (0)
Оставить комментарий