«-ОВ» ТУРАЛЫ

17.05.2022

Біз Ыдырыс мырзаның бұл пікірін мақұл көреміз, мұны елеусіз тастамасқа ықтиһад етерміз. Бұл туралы айтарлық бірер сөз бар. Біздің қазақ фамилия орнына өз əкесін атаса,«ов, ин, ва, на» орнына «ұғлы, қызы» деп жазуда ыңғайсыздық жоқ,«Ыдырыс Оразалыұғлы» деген секілді. Ал жұрттың көбі фамилия орнына үлкен əкесінің я бабасының атын жазады, мысалы, «Ғалихан НұрМұхамедұғлы Бөкейханов» деген секілді. Мұндайда «НұрМұхамедұғлы» деу ыңғайлы болса да, «Бөкейханұғлы» деп атасының ұлы қылып жазудың реті келмесе керек. «Ғалихан Бөкейхан» делінсе, ретке келіңкірер еді:«Бөкейхан» деген руын атағандай болар еді,«Атығай, Қарауыл, Айдабол, Қаракесек» деген секілді.

Қазақтың руының өзі орыстың фамилиясына тура келді ғой.

Енді бір əйел атын алайық: «Нəзипа Сағызбайқызы Құлжанова» дегенде,«Құлжан» деуіміз һəм «НұрғалиҚұлжанов» дегенде де «Құлжан» деуіміз, яғни əйелдің де, еркектің де фамилиясын бір қалыпта атауымыздың ыңғайсыздығы болмас па? Жəне де, мұндайда «ұғлы, қызы» делінбей, əкесінің атын қалдырып, «Нұрғали Құлжан» я «Нəзипа Құлжан» деп жазсақ, жай екі кісі аталып тұрған секілді болады һəм ілгері-кейін тұрғанынан байқалмаса, араласқанда қайсысы өз аты, қайсысы фамилиясы екендігі білінбей қалса керек.

Фамилияны жоғарғы айтқандай қылып қалдырамыз ба, жоқ басқа бір ыңғайлысын табуға бола ма, оқушылар, не айтасыз?

Ахмет Байтұрсынұлы

1915 ж.

Комментарии (0)
Оставить комментарий