СЕМИНАР ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Орталықтың Бас директоры Е.Тілешов республикалық іс-шараны құттықтау сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Қазіргі таңда қазақ тілін оқытуда жаңа идеяларды жан-жақты қолданып, ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін мейлінше жүйелі пайдалану – заман талабы. Біздің бұл бағыттағы семинарымыздың алғашқы күнінен бастап еліміз өңірлерінен түгел, бұған қоса шетелдегі мамандардың қатысып отырғаны көңіл қуантады. Мұндай басқосулар күнделікті оқытудың тиімділігі мен сапасын арттырып, тіл үйретушілердің әдістемелік дағдыларын арттыруға, сондай-ақ, жас мамандарға әдістемелік көмек беру мен өзара тәжірибе алмасуда игі ықпал етеді», – деді Ербол Ердембекұлы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гүлбағиза Мұсаева бірден тіл үйретудің ерекшеліктеріне тоқталып, түрлі тартымды дәйектерге жүгінді.
«Мысалы, бір ғана әже сөзі жалғаулармен түрленгенде 200-ге жуық, бір ғана етістік сөз түрленгенде 1,5 мыңға жуық формаға ие болады екен. Қазақ тілінің қиындығы да, қызығы да осында. Жалпы фонетикикалық жаттығулар барысында үйренушінің қолында міндетті түрде айна болғаны абзал», – деді ол.
Гүлбағиза Әбіласымқызы өз тарапынан оқытушылар үшін Ә.Жүнісбековтің «Қазақ тіл білімі мәселелері» кітабын тәжірибеде пайдалануды ұсынды.
Семинар жұмысы ертең өз жалғасын табады.