АХМЕТТІҢ МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫ
– 1993 жылы Торғайда сол кездегі облыс басшысы Жақан Қосабаев Ахмет Байтұрсынұлының тойын өткіземіз демегенде, ұлт ұстазының композиторлығы жайлы білер ме едім. Менің негізгі мамандығым – құрылысшы. Бірақ Жақан ағамыз ауыл әкіміне: «Алпысовқа айт, Ахаң мен Жахаңның тойына бір арнау арнасын. «Құлагерді» айтып, Қазақстанға жария қылды. Ақындар айтысында Нұрханның «Торғайдан сәлемін» толғады. Одан бірдеңе шығады» депті. Білдей аймақ басшысы тапсырған соң, Ахаңның шығармаларынан не орындасам екен деп, «Қырық мысалын», «Анама хатын» оқып, іздене бастадым. Ұлт көсемі жайында сол кездегі жарияланған газет-жорналдарды ақтарып, түрлі ақпараттар таптым. Осылай ізденіп жүргенімде, аманкелділік ақын, газет редакторы Хамитбек Мұсабаевтың «Қаншеңгел» поэмасы баспа бетіне шыға келді. Оқып шықтым, ұнады. 60 ауыз ғана өлең екен. Жаттап алып, дайындалайын деп жатқанымда кеңшар директоры Тұрғанбек Мұсағазин ертең Қостанайға іссапарға барасың деді. Амалсыз, сол кезде мектепте оқитын ұлым Абзалға «сен мына поэманы жаттап ал» деп тапсырып кеттім. Бас жағынан оншақты аузын бастап айтып бердім. Бір аптадан кейін келсем, Абзал жаттап алыпты. «Түгел жаттаған екенсің, осыны сен орындайсың» деп тапсырдым. Абзал бір жылдан соң мектеп бітіріп, Арқалыққа институтқа түсті. Сол кезде Ахаң күндерін өткізіп, Арқалықтан институт мұғалімдері, Сейіт Кенжеахметов ағамыз қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы туып-өскен ауылдарды аралаған экспедиция жасап, Ахаңды насихаттау жұмыстары жүріп жатты. Абзал да сол экспедиция ішінде болды, – дейді Нағашыбай ағай.
Осыдан біраз жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасы «Қазақтың 1000 әні» хабары арқылы көптеген халық әндерін насихаттап, елдің ыстық ықыласына бөленген еді. Хабарды белгілі дәстүрлі әнші Ақан Әбдуәлі жүргізген.
– Жүргізуші «Аққұм», «Екі жирен» әндерін халық әні деп жұртшылыққа таратқан соң мен «Бұл екі әннің авторы бар, ол Ахмет Байтұрсынұлынікі» деп арнайы хат жаздым. Ақан Әбдуәлі маған Ахаң әнмен айналыспаған, таза ғылыммен айналысқан адам деп жауап берді. Оқығандарымды дәлелдеп, Мұхтар Әуезовтің, Рымғали Нұрғалидің, Гүлнар Дулатованың, Ғалым Ахмедовтың, Ғарифолла Әнестің, Рабиға Сыздықованың, Тұрсын Жұртбайдың жазғандарын айғақ ретінде келтіргенімде, ол: «Біз енді халық әндерінің авторлары бар екен деп, әркімге бір бөліп бере алмаймыз», деп қысқа қайырды. Мен жорналшы, жазушы, тарихшы емеспін, әрі қарай дауласа алмадым, – дейді қарт өнерпаз.
Нағашыбай Алпысов бұл жөнінде кейінірек көлемді мақала жазып, оны «Қазақ» газетіне жолдайды. Газеттің сол кездегі бас редакторы Қоғабай Сәрсекей авторды құптап, мақаланы жариялап, әлі зерттеп-көтереміз деп қолдау көрсетіпті.
– Бірақ тағдыр шіркін оған жеткізбей, Қоғабай ағамыз көп ұзамай қайтыс болды. Жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Жүз тұңғыш» атты кітабында «Қараторғай» әнін айтатын қыз Торғайдың Жыңғылды болысынан келген деген еді. Мысалы, «Айқаракөз» әні де осы Торғайдан тараған. Мен мектепте оқыған 1960 жылдары осы әнді мектеп оқушылары Күлпара Қонысбаева мен Тыныштық Дайырова орындап, Торғайға фестивальге апарғанын білдім. Кейін бұл әнді белгілі әнші Ғазиза Жұмекенова орындап айтып жүрді. 70-80 жылдары Арқалықта бұлбұл өнерпаз Мәдина Ералиева шырайын шығарып айтып, бүкіл Қазақстанға танытты, – дейді Ахаң әндерін жоқтаушы.
Бүгінде Нағашыбай Алпысовтың қолында Ахмет Байтұрсынұлының ән-күй шығарғанын дәлелдейтін көптеген жазба деректер сақтаулы тұр. Бұл деректерден қазақтың көптеген ғалымдарының ұлт ұстазының композиторлық мұрасы турасында қалдырған жазбаларын көруге болады. Мысалы, көрнекті ғалым Рымғали Нұрғали: «Ахмет Байтұрсынұлы – композитор, домбыра, скрипка тартқан, пианинода ойнаған, фотосурет түсірумен айналысқан, кезінде күреске де түскен, бір сөзбен айтқанда қазақ ұлт мәдениетінің алып бәйтерегі», депті.
Аманқос Мектептегі мен Ғарифолла Әнес құрастырған «Бес арыс» кітабында: «Ахмет Байтұрсынұлы – Абайдан кейінгі көрнекті ақын, аудармашы, публицист-журналист әрі қоғам қайраткері, ағартушы ұстаз. КазПИ-дің профессоры, этнограф, фольклорист, композитор әрі орындаушы» деп жазылған. Ғалым Ахмедов «Ахаңның өмір кезеңдері» естелігінде: «... А.В.Затаевич қазақ әндерін, оның ішінде Ахаңның әні дейтін, жастар көп айтып жүрген «Қаракөз» әнін фортепианода ойнады» делінеді. Ал этнограф-ғалым Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында Ахаңа: «Қазақ әндерін шын сүйетін және білетін жан ретінде, оларды нақышына келтіріп орындаушы және тамаша домбырашы ретінде Байтұрсыновты отандастары да өте жоғары бағалайды» деп жазады.
Гүлнар Дулатова «Бес арыс» кітабында: «Ахаң жұмыстан шаршағанда, бөлмесінде әрі-бері жүретін. Онысы сықырлаған еденнің дыбысынан, салған әнінен білінетін. Қолына домбырасын алып, қоңыр дауысымен жайлап қана сүйіп салатын әндері «Елім-ай», «Екі жирен», «Қаракөз» болатын. Қазіргі «Қыз Жібек» операсындағы айтылып жүрген «Қаракөз» ариясы – Ахмет Байтұрсынұлының шығармасы. Қаракөз Ахаңның сүйіктісі болған. Сол ғашығына сөзін өзі жазып, музыкасын өзі шығарған. Ахаңның әні мынау: «Құдайдың құдіретіне таң қаламын, Қолында бір ғашықтың зарланамын, Ішімді ғашық оты жандырады, Сыртыма шығаруға арланамын». Оның жанында ноталар жататын. Шкаф пен пианино аралығында ілулі қызыл домбырасы, ал тумбочканың үстіне скрипкасы қойылатын», деп жазады.
Самырат Кәкішев: «Ахаңның халық арасына кең тараған «Аққұм» атты өлеңі бар. «Қызыл бидай», «Қараторғай», «Аққұм» деген әңдерін көп айтатын... Көп отырғанда, шаршағанда қолына домбырасын алып ән салушы еді... Өзінің шығарған күйлері де бар. Музыканы, операны өте жақсы көретін. Бәдрисафа апа екеумізді бірнеше рет операға апарды. Ол уақытта опера театры 8-Март көшесінде орналасқан еді. Ахаң арқасында жас кезімде «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» операларын көрдім» дейді.
– «Торғай тынысы» газетінің 1993 жылғы 16 желтоқсандағы санында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбеков «Ахмет-Іңкәр» мақаласында: «Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты, Ақылы көркіне сай инабатты. Дегенді естіген соң бала Ахмет Әртүрлі ойға түсіп, мұңға батты. Әсершіл келеді ғой бала деген, Қарайлап айналаға алаң-елең. Іңкәрдің ауылына Аққұм жаққа, Көшкенде жылқы айдайды аламенен», деп әннің мәтінін келтірді. Бұл мақала 2013 жылы «Қазақ» және өзіміздің «Қостанай таңы» газеттерінде жарияланды. Түбі бір түркі әлемі ғалымдары ғана емес, әлем мойындаған Ахаңды телеэкраннан, радиодан тамашалап отырсақ, әнші-термешілер, композиторлар ұлт ұстазының сазгерлігін 70 жылғы солақай саясаттың салдарынан күні бүгінге дейін әлі мойындамай келеді. Композитор ғалым Илья Жақанов: «Ән тағдыры – халық тағдыры деп түсінсек әр әннің ар жағында адам тағдыры да айқын көрініс береді. Кешегі күндер соқыр саясат біраз әндерді зорлықпен авторынан айырды. Әншілеріміздің көбі мұндай тарихқа зер салмайды. Әндерінің бір-бірімен шатасып жататыны сондықтан, білімсіздік салдары», дейді. Міне, зер сала оқып, ізденіп жүріп бірнеше әнді авторына қайтарған. Қаншама игілікті іс істеді. Ендігі музыка зерттеушілері Илья Жақанов сияқты Ахаңның 150 жылдығына орай әндері мен күйлерін неге өзімен қайта табыстырмасқа!? Ұлт көсемінің де аруағы риза болмай ма. Жоғарыдағы аты аталған ағаларымыз бен апаларымыз Ахмет Байтұрсынұлын композитор деп тайға таңба басқандай қылып бізден бұрын айтып кеткен еді. «Асықпаңдар, артымызда қазы бар, тергеп талай көрлеріміз қазылар», деп Ахаң өзі айтқандай, әлі талай айтылып, әлі талай жазылар. Ахаң еңбектеріне қашанғы қиянат жасала бермек? Әділдік болар деп үміттенеміз, – дейді Нағашыбай Алпысов.
Биыл Қостанайдағы Ахмет жылының ашылуына орай өткен концерттік іс-шарада Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның Назымбек Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» атты күйін тұңғыш рет орындап шықты. Бұл туынды Ахаң ақталған соң ғана насихаттала бастаған. Ахаң бұл туындысын туған жеріне соңғы рет келгенде шығарып, алыстап кеткен армандарын, орындалмаған мұрат-тілегі мен көкейдегі мұң-шерін қос ішекке көшірген көрінеді.
Өңірдің рухани-мәдени мұрасын зерттеп жүрген ғалым, «Тобыл-Торғай әуендері» жинағының авторы Батырлан Сағынтаевтың айтуынша, «Арманды» алғаш рет белгілі күйші Сағын Жалмышов сахнаға алып шығыпты. Сағын Жалмышов бұл жөнінде «Қайта оралған күй» атты мақала да жазған. Естелік мақалада автор күйді 1960 жылдары Нұрқан ақыннан үйренгенін баяндай келіп: «Бұл – бұрмалаушылықтың шырмауында кеткен Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» атты күйі. Ол кісі ғұлама ғалым, аудармашы, ағартушы, қоғам қайраткері болған, халқының болашағы үшін көп жұмыс істеген, халқы үшін талай жақсы істің басын бастағанымен, сол кездегі саясат, тар заман Ахаңды еркіне жібермей, қолын байлаған. Ойындағысы жүзеге аспаған соң «Арман» күйін шығарған» деп әңгімелеп еді Нұрқан ақсақал», деп түйіндейді.
Сағын Жалмышев бұл күйді ақтөбелік күйші Тұрар Әліпбаевқа үйретіп, оны нотаға түсірткен екен. Батырлан Сағынтаевтың айтуынша, Ахметтің аталас туысы Қарпық ақынның Ерғали есімді баласы болған. Сол кісіден Шорман Едіресов деген кісі 12-13 жас шамасында «Ахмет Байтұрсынұлының 12 күйі бар» деген әңгіме естіпті. Бәлкім, рас та шығар.
– Одан соң Ахметтің әнге арқау болған өлеңдері де бар. «Қазақ қалпы» дейтін әйгілі өлеңіне Міржақып Дулатұлы ән шығарған. Ол «Қалтылдақ» деп аталып, әнді Ғабит Мүсіреповтер орындап келген. Ахаңның «Тілек батам» деген де өлеңі бар. Затаевичтің кітабына дәл осындай атаумен енген әннің авторы да Ахмет делінеді. «Анаға хат» деген өлеңі де әуенімен айтылады, – дейді Батырлан Сағынтаев.
Қостанай облысы
https://egemen.kz/article/318889-akhmettinh-muzyka...
Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ , «EQ»