МАДРИДТЕ МАРҚАЙМАҚ ҚАЗАҚ ТІЛІ

02.08.2022
2022 жылғы 1 тамызда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Е.Тілешов Мадридтегі қазақ диаспорасының басын құрайтын үкіметтік емес ұйым басшысы, тіл оқытушы Жанат Нұрбаеваны қабылдады. Жанат Аманкелдіқызы – негізі Атырау облысының тумасы. Он жылдан астам Мәскеуде жоғары білім алып қызмет жасағаннан кейін, жанұялық жағдайымен Испанияға қоныс аударыпты. Содан бері 23 жыл бойы Мадрид қаласында тұрып жатыр. Негізгі мамандығы текстиль инженері, алайда шетелде жүріп сұранысқа ие болған соң, орыс, испан тілін оқытуды кәсіп еткен, қазіргі таңда өз бетімен қазақ тілін ақысыз оқытуды қолға алыпты.

«Бұған себепші болған негізгі нәрсе: қазіргі жаһандану үрдісімен байланысты түрлі жағдайлармен кәрі Еуропаға, соның ішінде баскілердің еліне де ат басын бұрып жатқан қандастарымыз баршылық. Отандастарымыздың басты тілегі: келешек ұрпағымыз ана тілін ұмытпаса екен. Мен басқа шет тілдерін оқытудағы бай тәжірибемді пайдаланып, қазақ тілін оқытуға кірістім. Жасыратыны жоқ, әдістемелік-практикалық көмекке зәрумін. Бұл жолғы келісімнің бір мәнісі осы. Бұдан басқа, қай ұлттың өкілі болмасын өз қандастарының көп тіл білгенін қолдағанымен, ассимиляцияға түскенін ешқашан қаламайды. Шалғайда жүрген қазақтарды мұндайдан сақтаудың бір амалы: халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, әдебиеті мен өнерін насихаттайтын «Қазақ Үйі» секілді орталық ашу. Осы арқылы туған Қазақстанымызды жырақ жұрттарға таныта аламыз. Орайы келсе, бұл мәселеге де ораламын»,– дейді Ж.Нұрбаева өзінің атамекенге арнайы сапары туралы.

Өзінің айтуынша, Орталық шығарып отырған «Тіл әлемі» сайты мен «Абай институты» порталы қосымшаларын кезекті дәрісі барысында жиі пайдаланады екен. Орталық тарапынан ұйымдастырылатын онлайн халықаралық шаралардың тұрақты тыңдаушысы екенін айтып: «Тағылымдық жағы тамаша, тәжірибеге қажетті көп пайдалы дүние табамын» деп қосып қойды.

Ербол Ердембекұлы кездесу барысында мемлекеттік тіл төңірегінде кең әңгіме қозғап, ана тіліміздің шын жанашырына тіл оқыту мен үйретуге қатысты әр жылдары жарық көрген бірқатар еңбектерді тарту етті.

Комментарии (0)
Оставить комментарий