АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ БЕЙМӘЛІМ ОРЫНБАЕВ МЕКТЕБІ
А.Байтұрсынұлының ғұмырнамасынан бүгінгі күнге дейін беймәлім болып келген деректердің бірі – ұстаздың Қостанай уезі Меңдіғара болысындағы Орынбаев мектебіндегі қызметі. Әулиекөл болыстық мектебінен кейін ол Қостанай уезіндегі Орынбаев мектебі мен Қостанай педагогикалық сыныбында ұстаздық етеді. М. Әуезовтің «…Қостанай уезіндегі Әулиекөл деген жерде екінші рет оқытушы болған. Әулиекөлден үшінші рет ауысып барған школы Қостанай қаласы…» деп жазуы – осы бір ауыс-түйіске байланысты дерекнама болатын. Қостанай қаласы А.Байтұрсынұлының ұстаздық еткен үшінші (Бестамақ – Әулиекөл - Қостанай) орны болды. Бірақ оның қай жылы Қостанай қаласына ауысып келгенін нақты белгілеу әзірге мүмкін болмай отыр. 1901 жылдың қорытындысы бойынша жасақталған Торғай облыстық статистикалық анықтамалығында А.Байтұрсынұлы Қостанай уезі Меңдіқара болысына қарасты Орынбаев (Урунбаев) мектебінде қызмет атқарғандығы тіркелген.
Сонымен қатар ол Орынбаев мектебінде мұғалім бола жүріп 1897 жылы Қостанай қаласында ауылдық бастауыш мектептерге жедел түрде мұғалімдер дайындау мақсатында ашылған педагогикалық сыныпта ұстаздық еткен (Толығырақ: Қостанай университеті: Түп бастауы һәм Байтұрсынұлы. https://abai.kz/post/146881).
Шамасы, Орынбаев мектебі сатылық әкімшілік басқару жүйесінің тәртібі бойынша, Қостанай педагогикалық сыныбының қарауында болған секілді. Себебі А.Байтұрсынұлының Қостанай қаласынан 1902 жылдың 17 сәуірі күні Ақмола және Семей облыстары халық мектептері директорының атына (А.Е.Алекторовтың) ісжүргізуші (делопроизводитель) қызметіне алу туралы жазған өтінішінде ол өзін «Қостанай педагогикалық сыныбы жанындағы Орынбаев (Урунбаев) мектебінің мұғалімі» деп көрсетеді:
Орынбаев мектебі туралы ақпарат ахметтанушылардың қайсібір буынына болса да бұрын-соңды белгісіз болып келді. Қостанай педагогикалық сынып туралы аз-кем ақпараттар бірен-саран ғана зерттеушілердің назарына іліккені рас, бірақ ол өте мардымсыз мағлұматтар еді. Аталмыш оқу орны туралы ақпараттар А.Байтұрсынұлының кеңестік дәуірде өз қолымен жазған бірнеше автобиографиялық баяндары мен жеке сауалнамаларға да түспеген. Себебі кеңестік большевиктік биліктің «қырын қабағына, салқын көзқарасына» ілінген ағартушы саяси сақтық көрсетіп, өз өмірбаянындағы Қостанай кезеңін атамаған. Оның басты себебі – ағартушының Бөкей ордасы, Торғай, Ақмола-Семей облыстары халық мектептерінің директоры А.Алекторовтың жанында қызмет жасағандығынан болса керек деп бағамдаймыз. Ол Қостанайдан А.Алекторовпен бірге Омбыға мемлекеттік қызметке (іс жүргізуші) барады. Сондықтан аталмыш мектеп жайында аз-кем мағлұмат беріп кеткен жөн деп есептейміз.
Меңдіқара болысындағы «Орынбаев мектебі» қай жылы ашылғаны, мектепті ашқан Орынбаев (Урунбаев) деген кісінің кім екендігі туралы деректер жоқтың қасы. А.Васильевтің 1896 жылы Торғай облысының орыс мектептері туралы жазған тарихи очеркінде белгіленген ауылдық мектептер картасында «Орынбаев мектебі» аталмайды. Демек, ол 1896 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі мезгіл-мерзімде пайда болған деп жорамалдауға болады. Патшалық Торғай облысының анықтамалық-сатистикалық есептерінде аталмыш мектеп 1898 жылдардан бастап көріне бастайды. Мектептің орналасқан жері – Қостанай уезі, Меңдіқара болысы, № 4 ауыл.
1910 жылғы Торғай облысының елді мекендері туралы статистикалық есебінде аталмыш ауыл Тобыл өзенінің бойында орналасқан деп көрсетіліп, онда 478 үй, 2450 жан бар деп белгіленген. Ол уезд орталығынан (Қостанай қаласынан) 150, бақылаушы пристав мекен-жайынан 130, крестьяндар басшысынан 170, болыс басшылығынан 20, почталық станциядан 22 верст қашықтықта орналасқан.
А.Байтұрсынұлы Әулиекөл болыстық мектебінде қызмет жасап жүрген жылдары Меңдіғара болысындағы Орынбаев ауылдық мектебінде Қазыкерей Шотаев (Чутаев) ұстаздық еткен. Қ. Шотаев - Ор Мұғалімдік мектебінің 1887 жылғы алғашқы 20 түлегінің бірі, Орынборға қараған Шығыс Орданың (кейін Қостанай уезінің территориясы) әмірші-сұлтаны Бақтыкерей Шотаевтың немересі. Оның бейіті, ұрпақтарының айтуы бойынша, қазіргі Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Қаратал ауылынан 7 шақырымдық жердегі бұрынғы «Ұялысай» деген жерде жерде. Бейіт басына көктас қойылған (Толғырақ: Ахмет Байтұрсынұлының Қостанайда жазылған қолжазбасы табылды: https://abai.kz/post/141284%20 ).
Ұялысай – қазіргі Меңдіқара ауданындағы Қаратал деген жерге жақын. Қазыкерей Шотаевтың ұрпақтарының бірі Ахметқазы Шотаев - кеңес дәуірінде мұғалімдік қызметпен аты шығып, сол дәуірдегі Ленин, Қызыл ту ордендерімен марапатталған кісі. Сол кісінің баласы, белгілі дәрігер Марат Ахметқазыұлы Шотаев (Чутаев) қазіргі таңда Қостанайда тұрады. Оның айтуынша, Қараталға жақын жерде тұрған бұлардың ауылын кезінде «Шотай ауылы» (орысша «Чутайка») деп атаған (1 сурет). Ауылда «Шотаев мектебі» жұмыс жасаған. 1915 жылғы анықтамалық кітапшада «Орынбаев мектебі» мен «Шотаев мектебі» екі бөлек көрсетіледі және соңғысы әлдеқайда кейінгі жылдары ашылғаны байқалады.
Орынбаев мектебін ашқан кім деген сауалға келер болсақ, қазақ даласында орыс-қазақ мектептер жүйесі қалыптаса бастаған ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы заманда оқу ісінде Орынбаев (Урунбаев) деген фамилиямен ұстаздық еткен екі кісінің есімі кездеседі. Бірі – 1861 жылы Троицк мектебі ашылған уақытта «Мұсылман діні» сабағын жүргізген – молда Қазыбай Орынбаев, екіншісі – 1864 жылы Орынбор мұғалімдік мектебін үздік бітірген түлек – Бақтыбай Орынбаев. Екінші Орынбаев, инспектор А.Васильевтің жазуынша, Орынбордағы орыс-қазақ мектебін бітірген соң Орынбор облыстық басқарма жанында қалып, шенеунік қызметке орналасады. 1866 жылы ол зауряд-хоружний әскери атағын алып, 1867-68 жылдары ол Орынбор орыс-қазақ мектебінде «Іс жүргізу» пәнін жүргізеді. 1870 жылы оны оқу саласының құзыретті мекемесі Троицк орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі етіп бекітеді. Сол тұста ашылған ауылдық мектептерді ашуға орысша білім алып, түрлі шенеунік қызметте болған Арынғазиев (уезд басшысының көмекшісі), Жаманшалов (болыс басшысы) сынды кісілердің мұрындық болғанын ескерсек, шенеунік және ұстаздық қызметте болған Бақтыбай Орынбаевтың да сондай іс атқаруы әбден мүмкін деп ойлаймыз.
Ұлы ағартушының 150 жылдық мерейтойы шеңберінде А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті 2022 жылдың 22-24 тамызы аралығында ««Ұстаз жолы: Орынбаев мектебі, Қостанай педагогикалық сыныбы» атты ғылыми-танымдық экспедициясын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сапардың мақсаты – ғылыми ортаға беймәлім болып келген Меңдіғара ауданындағы Орынбаев мектебі мен Қостанай қаласындағы педагогикалық сыныптың тарихи мән-маңызын арттыруға қоғамдық түрткі салу және аталмыш деректі ағартушының ғұмырнамалық бел-белесінің маңызды бір бөлігі ретінде жұртшылық арасында кеңірек насихаттау. Экспедиция жұмысына Меңдіқара өңірінің өлкетанушылары, жергілікті мәслихат депутаттары, білім саласының өкілдері қатысады. Ғылыми сапардың қорытындысын кезінде Қостанай педагогикалық сыныбы орналасқан, бүгінгі таңда Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектепте ұстаздар қауымының қатысуымен шығару көзделіп отыр.
Алмасбек Әбсадық,
А.Байтұрсынұлы атындағы университет профессоры. Қостанай қаласы