«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖӘНЕ БАҚ-2022» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

05.09.2022

2022 жылғы 5 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауы қорытындыланды.

Құттықтау сөз алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі  Талғат Ешенқұлов: «Биылғы тіл мерекесінің халқымыздың жазу мәдениетінің жаңа деңгейге көтерген, қазақ әліпбиінің негізін салушы - ұлт  ұстазы, еліміздің азаттығы үшін күрескен Алаш көсемі, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында өтуі ұлт рухын көтеретін рухани серпіліс болды. Себебі кезінде кемеңгер Мұхтар Әуезов: «Оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі» деп бағалаған Ахмет Байтұрсынұлының сан салалы асыл мұрасы ғылымның сара жолын ашып, мәдениетімізді жаңа биіктерге көтерсе, Сіздер бүгін сол Алаш зиялылары бастаған ұлт баспасөзінің дәстүрін сәтті жалғастырып, рухани мәдениетіміздің ажырамас бөлігі мемлекеттік тілімізді насихаттауға, оның қолданыс аясын кеңейтуге үлкен үлес қосып келесіздер, – деді.

Биыл 75 қатысушыдан 153 материал ұсынылды.

Бір ерекшелігі, еліміздегі және шетелдердегі ақпараттық кеңістіктегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасына байланысты мемлекеттік және орыс, ағылшын тілдерінде жазылған материалдар қабылдау енгізілгені, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, қазақ тіліне қатысты мәселелерге қалам тербейтін журналистер қатарын көбейтті.

Солардың ішінен жеңімпаз, жүлдегерлерді анықтауға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Дархан Мыңбай мен Жанарбек Әшімжанов, қарымды қаламгер, белгілі журналист Қайнар Олжай, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазин қазылық етті.

Олардың айтуынша, жүзден озған жүйрікті таңдау оңайға түспепті.

Қызу талқылау, терең талдаудың нәтижесі бойынша Бас жүлдені Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің тілшісі Әбдір Шапағат жеңіп алып, оған 1 000 000 теңгенің сертификаты табыс етілді.

«Үздік мақала» номинациясы бойынша: І орын республикалық «Жас Алаш» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Бифат  Елтаеваға, ІІ орын «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі Айдана Шотбайқызына, ІІІ орын «Төлеби туы» қоғамдық-саяси газеті редакциясының бөлім меңгерушісі Төлеген Ахметовке бұйырды.

 «Үздік теле және радиобағдарлама» номинациясы бойынша: І орынды -«Жетісу радиосының» бас редакторы Мұхит Тоқтасын, ІІ орынды - Қазақ радиосының шолушы редакторы Шәкім Жанболат, ІІІ орынды - «Qyzylorda» телеарнасының шеф-редакторы Толқын Қабылша жеңіп алды.

«Үздік сайт» номинациясы бойынша нәтиже мынадай болып шықты:

І орын – республикалық «Айқын» газетінің тілшісі Қарқын Көктем,                     ІІ орын – халықаралық «Түркістан» газетінің штаттан тыс тілшісі Ахмер Біржан, ІІІ орын – Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен иеленді.

Бұл үш номинация бойынша да бірінші орын иегеріне – 500 000 теңге; екінші орынға – 400 000 теңге; үшінші орынға – 300 000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.

Ынталандыру сыйлығына 12 қатысушы ие болды. Олардың әрқайсысына 100 мың теңге табысталады.

Осылайша, дәстүрлі байқау өз мәресіне жетіп, нағыз жүйріктер топ жарып шықты. Ұлт ұстазы өзінің 1913 жылғы «Білім жарысы» деген мақаласында: «Неше түрлі ғылым, өнер — бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын, дүнияда бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әр түрлі істер істейді. Сол істердің бірі — білім жарысы», – деп жазған екен.

Сол айтқандайын, Ахаңның аяулы есімін ұлықтап, ана тіліміздің абыройын асқақтатуда бұл жолғы байқаудың рөлі айрықша болды.

Комментарии (0)
Оставить комментарий