«ТУҒАН ТІЛ» АЛЬМАНАХЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

06.09.2022

 «Туған тіл» альманахының биылғы бірінші саны көпшілік назарына ұсынылды. Онда «Ұлт ұстазы», «Шетел қазақтарының  тынысы»,  «Қазақ филологиясы», «Түбі бір түркі», «Шетел  қазақтарының  шығармашылығы» және  «Латын таңбасындағы әліпби» деген айдарлар қамтылған.

Биыл ұлт ұстазы, ірі ғалым, мемлекет қайраткері, ақын, аудармашы және қазақ әліпбиі мен әліппесінің авторы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО аясында аталып өтіп жатыр. Осыған орай альманахқа «Ұлт ұстазы» атты жаңа айдар қосылды. Бұл номерде оқырмандар профессор Өмірхан Әбдиманұлының Ахмет Байтұрсынұлы болмысының бүтіндігін толық танытуға бағытталған «Ұлттың рухани көсемі» атты мақаласымен және Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріндегі лингвоэкология мәселесін көтерген профессор Орынай Жұбаеваның зерттеу мақаласымен таныса алады.

Журналда «Шетел қазақтарының  тынысы» айдарында Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде  өткізілген «Ана тілі әлемі» халықаралық тіл лагеріне қатысты Орынбор облысындағы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ресей федерациясындағы өкілдiгiнiң төрайымы Таикешева Сəуле Савхозқызымен  сұхбаты, Ауғанстан, Пәкстан, Сауд Арабиясы мен Иран қазақтарының қазіргі жағдайы және оларды қолдау мәселесі туралы өткен халықаралық конференция жайлы ақпарат қамтылған. Журналдың  «Шетел  қазақтарының  шығармашылығы»  айдарында  қазақ ақын ұл-қыздарының әңгімелері мен өлеңдері берілген.

Альманах  Қазақстан  оқырмандарына  емес,  негізінен  шетелдегі  қазақ диаспораларына арналғандықтан, бірқатар мақалалар латын әліпбиімен және төте жазумен берілген.

Комментарии (0)
Оставить комментарий