ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ БАЙҚАУЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

14.10.2022

2022 жылғы 14 қазан күні Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған медицина саласындағы өзге ұлт өкілдері арасындағы «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқауының жеңімпаздары қасиетті Қарағанды жерінде анықталды.

Байқауды академик Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Басқарма мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Сыздықов Мейіржан Жәкенұлы құттықтау сөзбен ашты.

«Әлемдегі жаһандану процесі әр халықтың алдына өздерінің ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын жандандыру міндетін қойып отыр. Осы ретте біздер үшін қазақ тілінің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеу аса маңызды. Биылғы байқау медицина саласында жүрген өзге ұлт өкілдерінің арасында өтіп отыр. Оның өзіндік ерекшелігі бар. Біріншіден, денсаулық саласы – халық жиі баратын сала. Нельсон Мандела айтқандай, «Егер адамдармен ұғыныса алатын тілде сөйлессеңіз, сөзіңіз оның ақыл-ойына ғана арналған болып шығады. Ал оның ана тілінде қарым-қатынас ұстасаңыз, бірден жүрегіне жол таптым дей беріңіз». Екіншіден, қазақ тілін тұрмыстық деңгейде меңгеру өз алдына; оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен әдебиетін, өнерін танысаңыз, Сіз елдің көз алдында жандүниесі бай адамға айналып, зиялы қауым өкілі қатарынан табыласыз, қарапайым еңбек адамдарының құрметіне бөленесіз»,– деді ол.

Заманауи дүниеде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған байқауға еліміздің өңірлері мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан іріктеу кезеңдерінің 12 үміткер қатысты.

Қазылар алқасының құрамына белгілі ғалымдар, тіл саласының білікті мамандары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері енді.

Республикалық байқау төрт кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар өз өнерлерін көрсетсе, екінші бөлігінде қазақтың мақал-мәтелдері бойынша білім сынасты. Бұдан кейін экрандағы ұяшықтарда көрсетілген тақырып төңірегінде ой өрбітті. Ең соңында бір минут ішінде жиырма сұраққа жедел жауап беру бойынша сайысты.

Қазылар алқасының қызу талқылауынан кейін бәйгенің Бас жүлдесі астаналық Махмудова Розалинаның қанжығасына байланып, 300 мың теңгеге ие болды. Бірінші орынға шымкенттік Рустамжанов Сардорбек лайықты деп танылды. Оған 200 мың теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орынды Түркістан облысынан Мамедова Фатима жеңіп алды. Ол 150 мың теңгеге ие болды. Үшінші орынды солтүстікқазақстандық Юсупов Сайдали  мен Алматы облысынан Сайдалимов Руфат бөлісті. Олардың әрқайсысына 100 мың теңге беріледі.

Төрт үміткер әрқайсысы 15 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына ие болды. Қатысушылар арнаулы Диплом, алғысхатпен марапатталды.

Сайыс өте тартымды да тартысты өтті. Ең қуанарлығы, қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің қатары көбейіп келеді. Жүзі басқа болса да, жүрегі бір соққан отандастардың мемлекеттік тілге деген құрметіне тағы да бір еріксіз тәнті болдық.

Комментарии (0)
Оставить комментарий