АҚАҢ ЖЫЛЫНЫҢ АЙТУЛЫ ТАБЫСЫ
Елімізге сүйіншілеп жеткізетін жаңалықтың куәсі болып отырмыз. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институты (директоры С.А.Жүсіп) мен Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығы (директоры Р.Имаханбет) бірлесіп, Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми гранты негізінде ұлт ұстазының 12 томдық мұрасын даярлап, жарыққа шығарды. Бұл осы жылдың ірі мәдени-интеллектуалдық еңбегі деуге толық негіз бар.
Ел дербестігін айғақтайтын қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың сан салалы зерттеу жұмыстарын жүргізумен бірге, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған оқулық жазу үдерісін ұлт мүддесі тұрғысынан жалғастыру, орындау – аса маңызды іс. Қиын кезеңнің өзінде зиялыларымыздың кирилл қарпіндегі алфавитке мойынсұнбай, дәстүрлі араб текті төте жазуды жаңғыртуы ізденістің елшілдік миссияның басы еді. Ана тілі заңдылығын саф қалпында сақтау жолында жалпытүркілік (И.Ғаспыралы) және ұлттық әліпби (А.Байтұрсынұлы) қолданысқа енді. Мұны генетикалық код деуге де болады.
Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде: «Елімізді сақтау жолында мәдениетке, оқуға ұмтылуымыз керек. Ол үшін, ең алдымен, әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын ұмытпауға тиіспіз», деп жазды. 12 томдықтың ерекшелігі – барлық мұра төтеше және факсимилемен хатталған.
Атап айтсақ, 1-томда «Қырық мысал» жинағының әр жылдардағы басылымы (1909, 1913, 1922 жылғы) түпнұсқа мәтіні негізінде ұсынылған. 2-томға «Маса» жинағының 1922 жылғы нұсқаның мәтіні бүгінгі жазуға сол қалпында қопарылып берілген. Жинақтың екінші бөліміне ағартушының орыс, қазақ тілінде жарық көрген мақалалары хронологиялық тәртіппен топтастырылған. 3-томға «Оқу құралы: қазақша əліппе» (1912), «Əліп-би» (1926) атты оқулықтары жəне осы оқулықтардың кейінгі басылымдарының факсимилесі берілген. Оқу-ағарту мәселелері көтерген түрлі тақырыптағы мақалалары енген. 4-томға «Тіл-құрал» жинағының бірінші, екінші, үшінші жылдық кітаптары топтастырылып, факсимилелері берілген. 1913-1914 жылдар аралығындағы мақалаларының кейбірінің телнұсқалары жинақталған. 5-томға «Оқу құралы: қазақша алфбаға байаншы» (1921), «Сауат ашқыш» (1926), ересектерге арналған «Оқу құралы» оқулығының 1-кітабы (1921) жəне осы оқулықтардың кейінгі басылымдарының факсимилесі ұсынылған. Татардың «Шура» журналындағы, «Қазақ» газетінің 1914-1915 жылғы сандарындағы оқу-ағарту мәселелеріне қатысты мақалалары топтастырылған. 6-томға «Шаруалық өзгеріс» қолжазбасы, «МОПР һәм Күншығыс елдерінің еңбекшілері», «Соғыс қаупі және жұмыскер табының міндеті» атты аудармалары алғашқы рет ұсынылып отыр. Сондай-ақ 1916 жылы түрлі тақырыптағы мақалалары енген.
7-томға «Ер Сайын» атты еңбегінің 1923 жылғы нұсқасының мәтіні бүгінгі жазуға қаз-қалпында қопарылып, факсимилесі оң қапталына берілген. Сонымен бірге 1924 жылғы «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі» және алуан тақырыпты көтерген мақалалары топтастырылды. 8-томға «23 жоқтау» атты еңбегінің 1926 жылғы нұсқасы факсимилесімен ұсынылған. 1915-1918 жылдардағы алуан тақырыпты көтерген мақалалары топтастырылған. 9-томға «Әдебиет танытқыш» зерттеуінің 1926 жылғы нұсқасы факсимилесімен берілген. Ал 10-11-томға Телжан Шонанұлымен бірлесіп, 1927 жылы жариялаған «Оқу құралы» атты кітабының мәтіні факсимилесімен ұсынылған. 12-томға «Тіл-жұмсар» атты әдістемелік құралының І, ІІ кітаптарының мәтіні факсимилесімен берілген. Сонымен қатар «Әліпбе айтысы» атты (1927) жинаққа енген «Араб әліп-биін жақтаған байандамасы» және 1923-1929 жылдардан мұрағатта сақталған алуан тақырыптағы қазақ, орыс тіліндегі мақалалары топтастырылған.
Иен ғылыми және рухани-танымдық байлықты даярлап-құрастыруға қатысқандар: Райхан Имаханбет, Сұлтан Хан Жүсіп, Дихан Қамзабекұлы, Сағымбай Жұмағұлы, Қайырбек Кемеңгер, Абай Мырзағали, Халил Маслов. Ақаңның мес кітабын «Алашорда» қоғамдық қоры 3 мың данамен басып шығарған. 12 томдық еліміздің негізгі кітапханаларына мемлекет есебінен тегін таратылады.
Ақпарат egemen.kz сайтынан алынды.