«ШЕТТІЛДІК ҒЫЛЫМИ ТЕРМИНДЕРДІ АУДАРУ: ТЕОРИЯСЫ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ АҢДАТПАСЫ
2022 жылғы 11 қарашада Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып «Шеттілдік ғылыми терминдерді аудару: теориясы мен тәжірибесі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізеді.
Республикалық конференцияның мақсаты – Түркі және Еуропа тілдерінің терминдік сипатқа ие болған кірме сөздерін, атаулар мен неологизмдерді игеру тәжірибелерін негізге ала отырып, ұлттық бірегейлікті сақтау және салалық терминжасамдағы сауаттылықты арттыру, шеттілдік терминдерді қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына сәйкес оңтайлы бейімдеудің ғылыми-әдіснамалық тәсілдерін талқылау және оны жүзеге асыру жолдарын қарастыру.
Конференция барысында шеттілдік терминдердің қазақ тіліндегі лексика-грамматикалық игерілуі, салалық және салааралық терминдер және оларды аудару тәсілдері, заманауи технологиялар саласындағы шеттілдік терминдердің семантикалық ерекшеліктері мен қолданысы және т.б. шеттілдік терминдерді аударудың теориялық және әдістемелік мәселелері талқыланады деп күтілуде.
Шеттілдік терминдерді қазақ тілінде таңбалауға, балама табуға қатысты басшылыққа алуға болатын ұлттық стандарт немесе қандай да бір нормативтік құжат қабылданбағандықтан, шеттілдік терминдерді транслитерациялауда немесе транскрипциялауда, игеруде де қиындықтар туындайтындығын ескерсек, аталған іс-шараның өзектілігі арта түседі.
Республикалық конференция жұмысына отандық ғалымдар, оқу орындарының оқытушылары мен мектеп мұғалімдері, докторанттар мен магистранттар, жас ғалымдар, орталық атқарушы органдардың сала мамандары, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшелері, тіл жанашырлары қатысады.
Конференцияға Zoom платформасы арқылы қосылу мүмкіндігі қарастырылған.
Тел.: 8 (7172) 27-30-42, 74-14-97
е-mail: a.nurziya@tilqazyna.kz