XIV Ғ. СЕЙФ САРАИДІҢ «ГҮЛІСТАН БИТ-ТУРКИ» ЖӘНЕ «ХҰСРАУ УА ШЫРЫН» ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІ ТІЛІН ЛЕКСИКОГРАФИЯЛАУДЫҢ ҰСТАНЫМДАРЫН АЙҚЫНДАУ

17.11.2022

  Сөздік жасау ісі адамзат ойының  ертеден келе жатқан ірі жетістіктерінің бірі. Ол мол қажыр-қайратты, терең ақыл-ойды, шығармашылық қабілетті қажет етеді. Сөздік – бөлшектерден тұратын, бөлікке бөліп қабылдауды талап ететін жүйелі, күрделі құрылымды шығарма.

Кез келген сөздіктің сөздік мақаласында екі белгі кездеседі: а) түсіндірілетін нысан (А) және б) түсіндіруші құрал (В). Сөздіктің негізгі түрлері бұл белгілердің тілдік бірліктер болып саналуына, яғни сөздің белгілі бір аспектіде қарастырылуы немесе ұғым мен түсінікке қатыстылығына байланысты бөлінеді. Егерде екі элемент түсіндірілуші (А) мен түсіндіруші (В) ұғым мен түсініктерге қатысты болып келсе, оның энциклопедиялық сөздік болғаны. Ал түсіндірілуші (А) мен түсіндіруші (В) сөз болып және ол әртүрлі аспектіде қаралса: түсіндірілуші (А) – сөздің сыртқы материалдық, дыбыстық жағы болып, жазу құралдары арқылы бейнеленіп (таңбалаушы), ал түсіндіруші (В) – сөздің ішкі семантикалық жағы, оның мағынасы (таңбаланушы) болса, біздің алдымызда түсіндірме сөздік жатқаны [1, 17-20 б.]. Сонымен түсіндірме сөздіктің энциклопедиялық сөздіктен негізгі айырмашылығы, түсіндірме сөздікте екі белгі де тіл бірліктері, ал энциклопедиялық сөздіктің екі компоненті де ұғым мен түсінікке қарай топтасады. Атап өтер жайт, түсіндірме сөздікте түсіндіруші (В) ұғым мен түсініктер әлемін емес, тілдік бірлік сөздің ішкі семантикалық жағын көрсетеді. Энциклопедиялық сөздікте түсіндіруші (В) басқаша сипатта көрінеді, яғни ұғымдар мен түсініктердің мәнін ашу тілдік материалдарға қатыссыз-ақ беріледі, себебі түсіндірілуші (А) сөз емес, ұғым, түсінік. Энциклопедиялық сөздік сөздерді жинақтап, түсіндіретін сөздік емес, ұғымдарды сөздердің көмегімен түсіндіріп және жинақтайтын сөздік екендігі белгілі. Бұлай жіктеу теориялық жақтан анық болғанымен, тәжірибеде тұрақсыздығы байқалады. Сөзді түсіндіру, яғни сөздің ішкі мағыналық жағын ашып, түсіндіруде кей жағдайда ұғымдармен белгілі бір дәрежеде шектеседі. Сондықтан таза энциклопедиялық сөздік түрі бар болғанымен, таза түсіндірме сөздіктің түрі бар деп айтуға келмес. Сол себепті түсіндірме сөздікте белгілі бір мөлшерде энциклопедиялық сөздіктің белгілері байқалады.

Түрколог Э.Н.Наджип ескерткіштер тілін салыстыра зерттеудің қажеттілігін: «Жазба ескерткіштерді жан-жақты, әдеби тілдердің қалыптасу тарихын зерттеу олардың ұқсастығы мен айырмашылықтарын толықтай қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Сонымен қатар мұндай зерттеулер тарихи және ғылыми грамматикаларды, түркі тілдерінің тарихи және түсіндірме сөздіктерін жасауда, тарихи лексикологияның міндеттерін анықтауды т.б. мәселелерді шешуді жеңілдетер еді» [2, 18 б.] деп нақтылайды.

Сөздікте қаралатын бірліктің тарихын көрсету жағынан сөздіктерді М.М.Малбақов диахрониялық және синхрониялық деп бөледі. Диахрондық (тарихи) сөздіктерде сөздің тарихы бейнеленеді. Лексикалық бірліктің орналасу сипаты жағынан сөздіктер тұрпат тұрғысынан реттелетін және мазмұн тұрғысынан реттелетін сөздік түрлеріне бөлінеді. Тұрпат тұрғысынан реттелетін сөздіктерде лексикалық бірліктерді орналастыру ұстанымы ретінде бірліктің сыртқы тұрпаты алынады. Ғалымның ойынша, тарихи сөздікті тұрпат тұрғысынан да, мазмұн тұрғысынан да реттелетін сөздікке жатқызуға болады [3, 330 б.].  

Алтынорда дәуірі қолжазбаларының транскрипциясын зерттеуші ғалымдар ф.ғ.к. А.Сейтбекова мен Г.Мамырбектің көрсетуінше, араб жазулы ортағасыр мәтіндерін транскрипциялауда ортағасырлық дәстүрлі принциптер, фонетикалықморфологиялық және сингармониялық принцип басшылыққа алынуы қажет [4.]

Зерттеуші XIV ғ. Сейф Сараидің «Гүлістан бит-турки» және «Хұсрау уа Шырын» жазба ескерткіштері тілін лексикографиялау үшін:

  • картотека қорын дайындау;
  • қажетті дереккөздерді анықтау және оларды зерттеу;
  • сол дәуірдің лексикалық материалдарын таңдау және сұрыптаудың жалпы ұстанымдарын анықтау сияқты басты мәселелерді шешу қажет.

Сөздік жасау ісінде лексикографқа мынадай арнайы міндеттемелерді шешуге тура келеді.

  • Сөз таңдау. Лексикографтың алдында тұрған бірінші міндет – сөздікке кіретін сөздерді таңдау.
  • Сөздерді түсіндіру сөздік мақаланың сипатын ашатын негізгі бөлік.
  • Сөздік мақала. Сөздік мақалада атау сөз бен оның дефинициясы, дәйек сөзі мен дереккөзі көрініс табады.

 

Мақала AP14869737 «Алтын орда дәуірі жазба ескерткіштері тілін лексикографиялаудың теориясы мен практикасы» гранттық жоба аясында әзірленді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  • Словарь древнерусского языка XI–XIV вв. Введение, инструкция. Под ред. Р.И.Аванесова. – Москва: Наука, 1966. – 302 с.
  • Наджип Э.Н. Тюркоязычный памятник XIV века. «Гулистан» Сейфа Сараи и его язык: Ч.І. – Алма–Ата: Наука, 1975. – 217 с.
  • Малбақов М.М. Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері. – Алматы: Ғылым, 2002. – 367 б.
  • Сейтбекова А., Мамырбек Г. «Гүлістан бит-түрки» мен «Хұсрау уа Шырын» мәтінін транскрипциялау шарттары // https://tilalemi.kz/article/3154.html

 

 

Гүлжиһан Көбденова

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.

Комментарии (0)
Оставить комментарий