ОҚУШЫЛАРМЕН ОЙТАЛҚЫ ӨТТІ
2022 жылдың 2 желтоқсаны күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әдістеме басқармасы Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің оқушыларымен ойталқы ұйымдастырды. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орайластырылған тағылымды шара туралы басқарма басшысы, жас ғалым Жазира Мақсұтқызы былай дейді:
«Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Серікқызы Жақыповамен бірлесіп ұйымдастырған бұл кездесуімізге 7-11 сынып оқушылары қатысты. Ойталқы барысында балалар ұлт ұстазының өмірбаяны мен артына қалдырған мұрасы туралы, ұлтқа жасаған өлшеусіз қызметі жөнінде құнды мәліметтермен өзара бөлісті. Бұдан басқа «Әлемдегі тілдердің пайда болуы және жойылуы» деген сұрақтың мектеп оқушыларын қатты ойға қалдырғанын ерекше атап өтуге болады. Әсіресе, ана тіліміздің тағдыры толғантқанын олардың белсендлігінен анық байқадық».
Оның айтуынша, мұндай шаралар одан әрі жалғасын таба береді.