ҚАЗАҚҚА ҚОС ҚАРУ ҰСТАТҚАН КЕМЕҢГЕР

12.12.2022

Кейде маған Ахмет Байтұрсынұлы қойнауында қазаққа керектің бәрі бар ғажайып ғаламшар сияқты болып көрінеді. Біз сол алып планетаға ғайыптан тайып топ ете түскен адам сияқтымыз. Игерусіз жатқан иен байлық пен өр табиғатқа сырттай ғана тамсанып, талпыныссыз таңғалып тұрған адам. Әйтеуір сүйсініс бар. Айтамыз, мақтаймыз, мақтанамыз. Бірақ сол мол байлықты игерейін деген құлқымыз аз. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының директоры, ғалым Ербол Тілешовке осы ой төңірегінде бірер сауал қойған едік.

– Ербол Ердембекұлы, өткен бір жиында Ахмет Байтұрсынұлы қазаққа екі қару ұстатқан адам деп қалдыңыз. Соны таратып айта кетсеңіз…

– Ахаңа тек тұңғыш деген сөз жарасады. Иә, Ахаң ең алдымен қазаққа екі қару ұстатқан адам. Сондай қару ұстатқан басқа қазақ жоқ. Абай, Шоқан, Ыбырай, одан кейінгілер де емес, Ахаң үлкен екі қару ұстатты. Қазақ деген халық тұрғанша, сол екі қару болады. Бірінші – мәдениеттің қаруы. Ол – жазу. Ахаң бізге жазудың қаруын ұстатты. Біз латын әліпбиінде жазайық, араб әліпбиінде жазайық, бәрібір, енді Ахаң тапқан 24 дыбыстан артық дыбыс таба алмаймыз. Ахаң тапқан 9 сөз табын алып тастап, басқа сөз табын ойлап шығара алмаймыз. Жеті септікті 8 немесе 6 септік дей алмаймыз. Ол Ахаңның соншалықты нақты тапқаны. Өлең, роман жазуға болады. Бірақ, ауадағы тілдің қасиетін анықтап, оны қағазға түсіру дегенді адамның адамы ғана жасайды. Орыстың ғалымдары айтады, орыстың орфографиясы Бірінші Петр заманынан, 1770 жылдан бастап, ең аяғы Кеңес өкіметінің кезінде, 1918 жылы аяқталды. 180 жыл жасалды. Оған 70-90 ғалым, 10-15 университет қатысты. Бір Ахаң 1912 жылдан бастап, 1927 жылға дейін, яғни 15 жылдың ішінде орыстың 70 ғалымы 180 жылда жасаған дүниені жасады. Оны орыс ғалымдары мойындады. Ол сондай бір адам, кейде Ахаң осы адам ба, адам емес пе деп те ойлаймын. Шынымен де солай. Қанша оқып, біліп тұрсаң да, бір адамның соншама істегеніне таңғаласың. Алты рет абақтыға түсіп, өзінің халқы жартылай түсінбей жүрген, орыс жағадан, халқы етектен тартып жүрген адамға соншама білім берген, соншама жігер берген, соншама ақыл берген. Бұл бір адам үшін өте көп нәрсе. Бір адамға сыймайтын нәрсе – бұл. Біз Ахметті бағалай алмай жүрміз.  Біздің өркениет деп отырғанымыз – Ахаңның бізге берген мәдениет қаруы, жазу. Сол жазу болғаннан кейін, бізде әдебиет болды, жазу болғаннан кейін театр болды. Жазу болғаннан кейін ғылым, білім болды. Соның бәрін біздің қолымызға ұстатқан – бір адам. Ахметтің алдында екі жазу дәстүрі тұрды. Біреуі – өзі мектебінен өткен Ыбырайдың жазуы, екіншісі – шағатай жазуы. Соның бірін таңдау керек болды. Бірақ Ахмет екеуін де таңдаған жоқ. Ыбырайдың топырағында туса да, Ыбырайдың мектебінде оқыса да, ол жолды таңдаған жоқ. Дінмен келген шағатайдың жолын да таңдаған жоқ. Жаңа жол тапты. Ахаң қазақтың ұлттық мектебінің негізін салды. Негізін салып қана қойған жоқ, ағарту министрі болып тұрғанда қазақтың тарихында тұңғыш рет бастауыш мектепті міндеттеді. Бастауыш мектептің міндетті болуы деген сөз – бұл ұлттың тарихындағы үлкен секіріс. Ұлттық роман жазғаннан да, зауыт, қала салғаннан да үлкен нәрсе.

– Ал, Ахаң ұстатқан екінші қару не?

– Ол Ахаңның бізге ұстатқан ғылыми қаруы – әдіснама. Біз көптеген тарихи тұлғаларымызды өткен күнмен, өз заманымен шекараны қорғаған, хан болған деп бағалаймыз. Ахаң болған, болады және бола береді. Ахаң – ұлттың ұлы ұстазы. Ұлттың ұстазы болу деген сөз ұлттың патшасы болудан да жоғары нәрсе. Әлемнің тарихында мұндай адам жоқ. Университте 12 жыл сабақ бердім. Сол кезде 180 беттік «Әдебиет танытқышты» оқып тауыса алмадым. Көзбен оқып тауыстым, көкеймен оқып тауыса алмадым. Тауыса алмайсыз, мүмкін емес, қатпар-қатпар ойлар. Міне, сол кітапты оқып жүргеніме биыл 32 жыл болды, әлі тауыса алмай жүрмін. «Әдебиет танытқышты» 90 жыл оқысам да, тауыса алмайтыныма кәміл сенем. Өйткені, ол сондай үлкен еңбек, оны айту, оны жүйелеу бір адамның қолынан келмейді. Бәрін түсіне алам. Абайдың да неге Абай болғанын, Мағжанның неге Мағжан екенін түсіне алам. Міржақып, Махамбетті де түсіндіре алам. Бірақ, Ахметке келгенде оған менің білімім жетпейді. Ахметті құшақтай алмайсың, Ахмет құшаққа сыймайды. Кеңес өкіметіне дейін Қазақстанда 372 қозғалыс болыпты. Алғашқы 371-інің ерекшелігі – олар саяси-қарулы қозғалыстар болды. Яғни, жау белгілі, алдыңда тұрды, соғысасың. Содан елін, жерін қорғаған қаншама батыр шықты. Алаштың ерекшелігі, ол бір жағынан саяси-қарулы қозғалыс болды: большевиктермен соғысты, Алаштың әскері болды. Екінші жағынан, Алаш бұл рухани-интеллектуалдық қозғалыс болды. Қазақтың тарихында бұған дейін бірде-бір рухани интеллектуалдық қозғалыс болған емес. Сол рухани-интеллектуалдық қозғалыстың басында Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Алашорданың саяси көсемі Әлихан болса, рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы болды. Бұл қозғалыстың негізі ұлтшылдық идеология болды. Яғни, Әлихан – қазақ ұлтшылдығының саяси көсемі, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ұлт- шылдығының рухани көсемі.  

– Осы мәдениет қаруын кеңірек тарқата кетсеңіз.

– Ахаңның өзі: «Асылы азаттық мәдениетте», – дейді. Өйткені, бүгінде біз қай мемлекетке де тұтынушы болсақ, ол біздің телефон жасау мәдениетіміздің төмендігі. Сол сияқты көлік жасау, киім тігу мәдениетіміздің төмендігінен, біз жұрттың көлігін мініп, жұрттың киімін киіп жүрміз. Бұл өнеркәсіптің мәдениеті. Осыдан қазақ халқы шет қалып қойды. Бүгінде де солай. Киім шығара алмай жатқанымыз, көптеген мәселенің шешілмегені, уәденің орындалмайтындығы, жоғарыдан айтылатындығы, оның орындалмайтындығы соның бәрінен, қай өнеркәсіп мәдениетінен болсын, саяси, экономикалық мәдениет болсын, біз содан қалып тұрмыз. Яғни, қазақ халқы ХХ ғасырды бодан, отар ұлт ретінде қарсы алып, ХХІ ғасырды көшке ілесе алмайтын, бүгінше айтқанда, бәсекеге қабілетсіз ұлт ретінде қарсы алды. Абай қазақтың бәсекеге қабілетсіз халық екенін және бәсекеге қалай қабілетті болу керек екенін көрсетті. Бірақ, ол өзінің айтқанын істеген жоқ. Ахметтің ерекшелігі – ол өзінің айтқанын орындады. Ол Абайдың кемшілігі емес, Абайдың заманының кемшілігі. Ахметтің заманында енді олай істеуге болмайтын болды. Сондықтан, Ахмет Абайдың да, ешкімнің де шәкірті емес. Ахмет сияқты реформатор тұлғалар біреудің шәкірті бола алмайды. Ахмет саяси реформамен бірге, сана реформасын жасаған адам. Ахмет қазаққа бұлайша өмір сүруге болмайтынын, бұлайша өмір сүру мүмкін еместігін айтты. Ол тек орыспен күрескен жоқ, өзінің халқымен күресті. Халқының надандығымен, мәдениетсіздігімен, ештемеге талпынбайтындығымен, жалқаулығымен, ағайын арасында әңгіме айтатындығымен күресті. Мұндай қасиеттердің бәрі отар елдерде болады. Азаттығы жоқ елдерде әртүрлі ұсақ нәрсе көп болады. Азаттығы болмаса, адам да, халық та, мемлекет те ұсақталады. Міне, Ахаң сондай кезеңге тап келді. «Адамдық диханшысы қырға шықтым, …Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, Көңілін көгертуге құл халықтың», – дейді. Бұл ауыр сөз. Бірақ ақиқат. Әлиханға арнаған өлеңінде: «Үйілген өлексені өрге сүйреп, Шығармақ қыр басына іңкәрің-ай», – дейді. Бұл да ауыр сөз. Бірақ, Ахметтің басқа амалы болмады. Өйткені, «Айналайын, сен бүйте ғой, сен өйте ғой» дейтін заман емес еді. Заман қатқыл. Қатқыл заманда қатқыл сөйлеу керек болды. Сондықтан, Ахмет сол заманда шыныққан, аяғына дейін барған қайратты тұлға болды. Ақылды көп. Бірақ, аяғына жеткізетін жігері көп қайратты тұлғалар аз. Жалпы, әлем тарихында санаулы тұлғалардың ғана қайраты мен жігері білімімен тең түскен. Бәріміз білеміз, бәріміз білгішпіз. Бірақ қайрат жетіспейді. Біз қазір Абайдан білімдіміз, Абай үш-ақ класс оқыған. Ахметтен де білімдіміз, Ахмет педколледждің деңгейіндегі оқуды бітірген адам. Ал біздің жеткен мұратымыз қайда? Яғни, мәселенің бәрі біздің ұлттық қайратымызда. Қайраттың артында намыс деген үлкен сөз тұрады. Қайратты адам ғана намысшыл. Ал Ахметтің, біз бүгінге дейін тыңдап, үлгі алып отырған Ахметтің Ахметтігі осында.  Ол басқа бірде-бір адамға ұқсамайтын ерекше тұлға. Алаш дәуірінде күн тәртібіне өзекті мәселені қоя отырып және оны шеше отырып, кеңес дәуірінде де күн тәртібіне мәселе қойып, оны шешті. Қазақтың тарихында ондай бірде-бір тұлға жоқ.

– Көбіне Ахметті ағартушы деп айтып қалып жүр…

– Әдебиетте бір айтатын нәрсе, Абайдың сыншылдығы – әлеуметтік-қоғамдық сын, Ахметтің сыншылдығы – ол саяси сын. «Жиған-тергенді», «Қазақ қалпы», «Қазақ салтын» оқыңыз. Ханның бәрін мақтайсыз, ханыңыз қазақты баға алмай, орысқа кірген, дейді. Батырдың бәрін мақтайсыз, батырымыз қорғай алмаған, дейді. Біз бәлен-түген деп айтамыз ғой. Ойбай сұмдық болғанбыз деп. Күшті болсақ, неге отар болып қалдық? Неге көшпенді болып, көштің артында келдік? Яғни, біздің тарихымызда бір кілтипан бар ғой. Ал соны Ахмет айтып тұр. Қазір бәрін Кеңес өкіметіне, орысқа жаба салу оңай болып кетті ғой. Рахат. Коммунистік партия жоқ, ойыңа келгенді айтасың. Күйінесің, ызаланасың, күшейесің, сосын бір рахаттанасың. Олай емес қой, Абай, Ахметтердің туғаны қазақ халқының бәсекеге қабілетсіздігін көрсетті. Егер қазақ халқы бәсекеге қабілетті болса, Абай да, Ахмет те тумас еді. Қазақ бәрін істеп қойса, олар неге туады? Данышпанның керегі не? Данышпандар, пайғамбарлар туған жерде бір кілтипан бар. Пайғамбар да, данышпан да ең дамымай қалған жерге, ең артта қалған жерге жіберіледі. Бүгін данышпан мен пайғамбардың керегі жоқ, бүгін адамзат бірдей дамып жатыр. Вебер дейтін эстеттің айтқан сөзі бар, адамзат бұрын вертикальды дамып келген, бүгін адамзат горизонталды дамиды дейді. Өйткені, бәрінде орта білім бар, бәрі ортақ, ешкім ешкімнен артық емес, болса, артықтығы шамалы. Ахмет сол вертикальды дамуды көрсетіп кетті. Ахмет вертикальды дамытқанынан кейін, біз – қазақ халқы горизонтальды бірдей дами бастадық. Ол біздің ұлттық бірдей дамуымызды қалыпқа түсірді. Сондықтан мен Ахметті ағартушы деп айта алмаймын, ағартушылық Ахметке аздық қылады. Спандияр Көбеевті, Мұхаметжан Сералинді ағартушы де, Ахмет – реформатор. Ол ағартушылықтан үлкен нәрсе. Оның бергі жағында, ағартушылар қолына қару алып, өкіметпен соғысқан жоқ, Жан-Жак Руссо соғысқан жоқ, Ломоносов соғысқан жоқ, Шоқан, Ыбырай, Абайлар соғысқан жоқ. Ал Ахаңда саяси күрес бар ғой. Бұл – екі күрестің басында тұрған адам. Ол өзінің қараңғы халқымен күресті. Халқымыздың бойындағы жаман қасиеттермен бүгін де күресіп жатырмыз. Ахмет реформа жасаған тұлға. Ағартушылық Ахметтің бір ғана сипаты. Он сипаты болса, соның біреуі, жиырма сипаты болса, соның біреуі. Сондықтан, Ахметті біз қазақ халқын ренессанстық деңгейге жеткізген тұлға деп қарауымыз керек.

– Сонда Ахмет қазақ ренессансының басында тұр дейсіз ғой.

– Энгельстің анықтамасы бар: Данте орта ғасырдың соңғы ақыны, сонымен бірге жаңа заманның бірінші ақыны дейді. Ол солай болды. Біздің ренессансымыз кеш келді, өйткені халқымыз көшпенділіктен кеш шықты. Соның басында Ахмет тұр. Тұтас ренессанстық дәуірді бастады. Мен Абайдың данышпандығын Ахметтен жоғары қоямын. Бірақ, Абай 18 жыл болыс болды, бір мектеп ашқан жоқ. Мұны кеміту үшін айтып тұрған жоқпын, өйткені ол заманның қажеттілігі болған жоқ. Сондықтан, Абай «заманақыр жастары, қосылмас ешбір бастары» деді. Бірақ айтқаны келген жоқ, Абайдан кейінгі жастардың бастары қосылды. «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» деді Абай. Тағы да Абайдың айтқаны келген жоқ. Көк тұман емес, ашық Алаштың заманы келді. «Өз қолыңнан кеткен соң, енді өз ырқың, өздеріңді ел болар дей алмаймын» деді Абай. Ол да болған жоқ, Ахметтер елді ел қылды. Алаш өкіметі 1917 жылдың 12 желтоқсанынан бастап, ревком жойғанша, 1920 жылдың бесінші наурызына дейін өмір сүрді. Алаш өкіметі 2 жыл үш ай өмір сүрді. Бұл кеңес заманындағы ұлттық республикалардың ең көп өмір сүргені. Мемлекеттік думадан орын алды Алаш партиясы, 22 партияның ішінен сегізінші орын алды, 660 мың адам дауыс берді. Қарқаралыда Ахмет, Әлихандар бастап петицияға 12 мың 762 адам қол қойды. Бұл не деген тұтастық?! Яғни, Ахметтің кезінде қазақтың тарихи тамыры соқты. Абай ел, жұрт деп сөйлейді. Ахаң ұлт деп, мемлекет деп сөйледі. Абайдың кезінде мемлекет, ұлт деген терминдер актуальды емес еді. Оны қолданған жоқ. Бұл Абайдың заманының кемшілігі емес, ерекшелігі. Ал ұлт, отан, мемлекет деген сөздер Ахметтің тапқан сөздері. Бұрын халық, жұрт ретінде сезініп келген қазақ енді Алаштың заманында өзін тұтас ұлт ретінде сезінді.

– Ербол Ердембекұлы, әңгімеңізге рахмет, өзіңіз айтпақшы, бар қазақ Ахаңшыл болайық!  

 

Әңгімелескен Нұрқанат Құлабай,  

журналист.

https://kostanaytany.kz/archives/115377

Comments (0)
Post a comment