Popular

ӘЛІБЕК-ӘЛЕМ НЕМЕСЕ СУРЕТШІЛІКТЕН – СУРЕТКЕРЛІККЕ
Қарымды қаламгер, көрнекті жазушы Әлібек Асқаров жайында айтар әңгімемізді бірер әлқиссамен бастаудың реті келіп тұрғандай. Әрине, қай ләміміздің де астар-ағысы, сайып келгенде,оның шығармашылық сыр-сипатына саятындығына еш шүбә болмаса керек. «Мона Лизаның портреті» атты, тақырыбы бір арнада тоғысқан сарындас әңгімелер жинағын оқи отырып, бізге қызық көрінген бір жайт – бүгінде сөз өнеріндегі суреткерлік шеберліктің қыр-сырын қапысыз меңгерген қаламгердің өмірдегі жолын суретшіліктен бастауы еді. Иә, жас талап алғашында төрт жыл көз майын тауысып Алматы көркемсурет училищесін бітіріпті. Түрлі бояулармен сурет салудың бақытын бастан кешіре жүріп, кейіннен өмір суретін сөзбен салу өнеріне ауысыпты. Бұл талпыныс-талаптың табыссыз болмағандығына Асқаровтың әдебиет аламанындағы алтайлық әдемі дүбірі, әсем жорғасы айғақ.