АЛТЫНСАРИН ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА МЕКТЕП ҚАНА ЕМЕС, КІТАПХАНА ДА АШУҒА ТЫРЫСҚАН

15.12.2022

Ыбырай Алтынсарин шығармашылығы С.Аспандияров, М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Б.Сүлейменов, М.Ақынжанов, Б.Ысқақов сияқты ғалымдар мен жазушылардың зерттеулерінде жан-жақты зерделеніп сомдалды. Жазушы Нұрдәулет Ақыш та осы тақырыпқа қалам тербеп жүр. Сыншыл реализм рухында жазылған көркем шығармалары арқылы шығармалараның тілдік ерекшелігін зерттеген ғалымдардың қатарын С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Қ.Жармағамбетов, С.Ш.Хасанова құрайды. Белгілі түрколог А.Самойлович «Түркі халықтарының әдебиеті» атты зерттеуінде Ыбырай Алтынсаринді қазақ әдебиетінің негізін салушының бірі деп таниды.

Алтынсарин еңбектері Қазан төңкерісіне дейін үш рет жеке кітап болып басылса, кеңестік дәуірде ондаған жеке кітаптар, жинақтар болып, антологиялар мен христоматияларға, оқулықтарға енді. Бұл еңбектер ҚазКСР ОМ мұрағатының, 1885 –1890 жылдар аралығын  қамтыған 733, 4, 1692 қорларындағы деректерге және Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатындағы 1846, 1862 –1864 жылдарды қамтитын 6 қордағы мәліметтерге негізделіп жазылған. Ағартушының бірі білсе, бірі біле бермейтін тағы бір кітабы бар. Ол – Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың «Кітап музейінде» Алтынсары ұлы Ыбырай «Өлеңдер жинағы» деп аталатын кітап. Басылым Алматының Қазақстан көркем әдебиет баспасынан 1935 жылы шыққан. Латын қарпінде, қазақ тілінде жазылған алғашқы кітаптарының бірі. 

Жинап баспаға дайындаған: Сайполла ұлы Сәкен, яғни Сәкен Сейфуллин. Жауапты редактор: Н.Нұрғожин, корректоры Ахметов, адам аттары толық берілмеген. Кезінде 5000 тиражбен басылып, талай қолдан-қолға өткен кітап, бізге құрастырушысы сиямен боялып өшірілген күйде жеткен.

Мұнда Алтынсарыұлы турасында толық және тың ақпараттармен мәліметтер беріліп, алғы сөзін жинақтаушы 1934 жылдың көкек айында жазғандығы туралы үзінді келтіреді.

«Ыбырай Алтынсарыұлы Қостанай маңында 1841 жылы туып 1889 жылы өлген.

Ыбырай бір жағынан ақын болса, екінші жағынан халық ағарту майданында қызмет қылған адам. Ең бірінші рет қазақтың ана тілінде оқу құралын жазған және сол ана тілінде қазақ баласын оқытқан ең алғашқы тұңғыш оқытушысы болған. Және ол қазақ әдебиетін Еуропа жолына өнер жолына бұрып, бастаған ең тұңғыш жаңашыл суретші ақын.

Ыбырайдың шығармаларының мәні, санасы-негізінде билер (феодалдар) табыныкі, сол замандағы орыс елінің, өнерге, өнер кәсіптеріне аяқ басу арқасындағы орыс оқығандарынан шыққан, жаңашылардың әсері мен және қазақ даласына сауда капиталының отаршылықтың мықтап шеңгел салуының әсері мен Ыбырай жастарды оқуға, өнерге шақырды. Елде одан басқа жолдың жоқ екенін біледі.

Одан соң Ыбырай араб әліппесін қазақ еліне білім майданында тез игерілуіне бөгет болатынын Ыбырай сол заманда-ақ білген. Араб қарпіне қарсы болған. Сондықтан қазақтың ана тілінде жазған өзінің оқу құралын орыс қарпімен жазған. Бұл ретте Ыбырайды орыс миссионерлері пайдаланбақ болып, Ыбырай мен жақындасқан, Ыбырай олардан қашпай оларды өзі пайдаланып жүрген, сондықтан қазақ ескішілдері оны шоқынды деп шығарған талай  өсектер таратқан.

Осы күнде кей біреулер Ыбырайдың істері мен таныс болмағандықтан, сол бұрынғы ескішілерде таратқан өсектерінің қалдық сарынымен «Ыбырай заманында қазақ көпшілігіне қадырсыз болған еді» деген теріс сөздерді қолданатын сияқты. Расында оқиға талпына бастаған қазақ жастарына Ыбырай айрықша қадірлі болған адам. Жас буынға арнап шығарған Ыбырайдың «Кел балалар, оқылық» жатқа білмеген оқушы болмаған. Ал жас буын қадірлеген Ыбырайдың «қазақ көпшілігіне қадірі жоқ еді» деушілік тек қазақтың кешегі күнінен ештеме білмегендіктен туған сөз. Әдебиет тарихымызда керек болсын деп, әзірше Ыбырайдың осы сөздерін жинап жібердік» деп, астына «Сәкен. 20-ІV-1934 жыл. Алматы» деп қол қойған.

Кітаптың мазмұнына көз жіберсек, С.Сейфуллин алғыөзінен кейін «Кел балалар оқылық», «Балқожа бидің оқудағы баласына жазған хаты», «Өнер білім бар жұрттар», «Ей, достарым», «Ей, жігіттер», «Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен», «Бұл кім?», «Жаз», «Өзен», «Жаз шыққанда», «Қарға мен түлкі», «Ханға бидің айтқаны», «Орақ батырдың баласының ханға айтқаны», «Сейтахмет сөзі», «Нұржан бидің бір сөзі», «Орынбай ақынның Ерден батырды мақтауы», Әділдік көрмеген үшін бір төреге айтқан сөз», «Бір ақынның Еділ төреге айтқаны, «Қобыланды батыр мен Тайбурыл», «Шәлкездің Жәнібек ханға айтқаны», «Әбілхайыр мен Қаналы турасында», «Шектібайды Қарқұлдың мақтауы», «Өсиет өлеңдер», «Жанақ пен баланың айтысқаны» өлеңдері енген.

Кітапқа бары 25 қана өлеңі енген. Ал соңғы жылдары шыққан кітаптарына 80-нен аса өлеңдері мен әңгімелері еніп, берілген.

Әдебиет зерттеушісі, филолог-ғалым С.Әсіпов «Ұлы ұстаз» мақаласында Ы.Алтын­сариннің ағартушылық, педаго­гикалық еңбегіне тоқталып кітапхана ісінің негізін қалаушы екендігін ерекше атап көрсетеді. Расында да мектеп қана емес, алғаш қазақ жеріндегі кітапханалар негізін де қалаған ұлт ұстазы.  Ал С.Ешімханов «Ұстаздан ұлағат, ұлыдан өнеге» атты мақаласында Ыбырай Алтынсариннің мектептер жанынан физика, химия кабинеттерін ашып, дала балаларын алғаш рет барометр, микрос-коп, электромагнит, телеграфтың жұмыс істейтін модельдерімен, ғажайып шам, әр түрлі коллекцияларымен таныстырған ағартушы ғалым ретінде танытуымен ерекшелінетініне де тоқталып өткен. 

Мөлдір  ТӨЛЕПБАЙҚЫЗЫ

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/61314

Comments (0)
Post a comment