АБАЙДАН СОҢҒЫ АҚЫНДАР

20.12.2022

Қазақтың мінезін суреттен, мінін жазып, сырын ашып, көзге көрсететін, елдің халін қайғырынып, жақсылыққа сүйреген сөздер Абайдан бері басталды. Абайдан бұрын қазақтың мінез-қалпын суреттеп берген айна болған жоқ, міні айтылмай, жүзі жуылмай, бітеу, тұйық күйде келді. Сол уақыттағы сөздер таразыға тартылып, ақылға салынбады. Надандық пердесін жырта алмады. Таяз, ұсақ, көрнексіз түрде болды. Абайдан бері әлгі өмірдің тұйығы жойылып, түйіні шешіліп, сыры сыртқа шығып, мінез айнаға түсіп келе жатыр. Қалам шамасынша шеберлеп, келісті жақсыны да, кейіпсіз жаманды да суреттеп отыр.

 Әдебиетіміздің атасы болған Абай туралы өз пікірімізді жазып едік, енді Абайдан соңғы ақындардың өнері туралы пікірімізді жазбақпыз.

 Қазір бізде өлең жазушылар көбеюіне себеп болып отырған нәрсе – бір «оянудың» барлығы. Бұл оянуға бірінші – Абай, екінші – «Қазақ» газетасы, үшінші жалпы жұрттың ғылымға бет алуы себеп болды. Абайдың қай өлеңі болсын кейінгі буынды жетектеп, түртіп, қозғайтын әсер берді. Кейінгілерді бұл әсер ойлантты, оятты, бұған жалғас оянған ойдың бетін түзеп, жолға салып, ілгерілеуіне қамшы болған «Қазақ» газеті.

 Бұл газет халықтық саяси көзі ашылуына, «жұрттық» деген ондық кіруіне қандай себеп болса, әдебиеттің гүлденіп, өркендеуіне де сондай себеп болды. Егер келешекте қазақ әдебиеті буынын бекітіп, қатарға кіретін болса, «Қазақ» газетасына борышы үлкен. Бұл газеттің әдебиетке істеген аталық қызметі мәңгілікке атағын шығарып, қадірін күшейтеді.

 Осы күнгі өлеңшілердің жалпы бетінде халықтың жалғыз ғана мінін айтып, жақсылыққа нұсқайтын, бірақ ақындықтың түгел шартын көксемейтін бірбеткейлік бар: көбіндегі бір мінез – халықтың мінін айтса да, жақсылыққа тартса да, тірелетін қазығы – «ұлтшылдық» болып отырады. Бұл ұлтшылдық қазақ жұртының қысылып, таршылықта келіп, өнер, білім жүзінде өзгеден кейін қалғандығынан. Енді сол қысымшылықтан босанып, тез ілгері бассам екен деген табиғи мақсатынан шыққан нәрсе. Бұл ұлтшылдық қазақ газетінің рухында бар-ды. Газет тұрмысқа жанасатын керекті көздеп, жұртты өнерлі қылуға, көзін ашуға тырысады. Өлең ұлтшылдық жолмен кетіп отырса, газеттің соңынан ергендік, ақындарымыз өлеңнің мағынасына түсінбегендік. Бұған газет кінәлі емес, ақындардың солақайлығы кінәлі.

 Өлең бір мақсатқа жұмсалатын құрал болу керек емес. Жалпы еркін, азығы талғаусыз өнер болу керек. Өлеңге қоятын шарт: еркін ой, шарықтаған терең қиял, нәзік, өткір сезім, құйылған сұлу сурет, кестелі, таза, қысқа, анық, дәлді, нағыз тіл. Осы айтылған шарттарды түгел сіміріп, төрт табанды, сегіз қырлы болып шығатын өлең Абайдан соңғы ақындарда некен-саяқ.

 Тегінде «ақын» бар, «өлеңнің» бар. Ақынға қойылатын шарттар: әлгі айтылған өлеңшілдікке ол шарттардың кейбірі болса да жарай береді. Бұлай болғанда біздің өлеңшіміз көп, ақынымыз аз. Сілтеген қаламы сермеген талабы көлемденіп, төгіліп, түрленіп, жапырағы желкілдеп, қолмен қойғандай мейірің қалып, тойғандай болып шығатын өлеңдер бұл күнгі ақындарда аз. Көбінің өлеңі – шеберлеп айтқан қара сөз. Мәдениеттің төменгі басқышында жүргендіктен әдебиеттің өзге түрлері тараулай алмай, кешегі өткен ақындар мен билердің сөзіне еліктеп, не жазса өлеңмен жазу бұ күнгі өлеңшілерге сән болып жүр. Бірақ бұл әдет ілгері басқан сайын қала беру керек. Өлеңшілікке өнері жоқ, жай тілді кісілер өлеңге салынып, бойдағы өзге өнерін жойып алуға мүмкін және елең болуға лайықсыз сөзді жұрт өлең қылып жүр. Шарты табылмай, зорлықпен қылғынып отырып жазылған өлеңнің әдебиетті күшейтуге септігі жоқ. Қайта сынар жақ қылғаннан басқа.

 Біздің ойымызша, қазіргі жазылын, шығып жүрген өлеңдерде мына сияқты міндер бар. Табиғаттың һәртүрлі түрімен сырласым, мұңдаса алмайды. Өлеңдерін оқып отырғанда көңіл жоғарылап, қиял шарықтан, басқа бір дүниеге кіріп кеткендей болатын қуат аз. Адамның жүрегінің сыры табиғатпен жалғасса, қиялы күшеніп, мінезі көркейіп, сезімі нәзіктене бермек. Және ақынның қиялы жай ақын емес кісінің қиялынан артық болу керек. Салған жерден оқушыны соңыға салып жібергендей болсын. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көлеңке басын ұзартып» деген өлеңдеріндей бұл күнгі ақындарда өлең жоқ.

 Көрген нәрседен көңілде өзгеше артық бір әсер қалып, аудармай, бұлжытпай тілмен суреттеп беру Соңғы өлеңшілерде күшті емес. Сезім, көңіл суретің тілмен үйлестіріп келтіру ақынның ғана қолынан келетін жұмыс. Бұл туралы Абайдың суретшілігіне жеткен әлі ақын жоқ. Аңшылықты, жылдың төрт уақытын суреттеген өлеңдеріндей суретті сөздер қай ақында бар? Және сол төрт уақытты суреттегендегі Абайдың қиялы мен сезімінің күштілігі соңғы ақындарда кем.

Кейінгі ақындардың тағы бір міні – сыршыл еместігі, һәркімнің жүрегінде бір жасырын сыр бар, жасырын тіл бар, жасырын күй бар. Ақынның ақындығы сол жасырын сырды тауын, жүректі тербетіп, қуантып, мұңайтып, жасырын күйдің шегін шертіп, һәрбір пернесіне тап басу. Ондай өлеңді оқығанда оқушының шері қозғалып, ой-көзі жүрегіне үңілетін бір әсер пайда болады.

Онан соңғы бір міні – тілдерінің шебер, кестелі еместігі. Сөздерінің сырты тақылдап, үйлесіп келсе де нәзік сипаттарды жетік суреттей алмай, жадағай, үстірт кетіп, айтпақ сөздерін көңілге берік қондыра алмайды. Жас ақындардың ішінде сезіміне сөзі жақын келетін суретшілдігі бар – Мағжан. Бірақ оның тілі де кестелі, толық келмей, өлеңнің әсері көңілге ала қонады. Мысалы: «Жолда» деген өлеңінде боранды сипаттағанда тілін жеткізе алмай: «Жел... ішін тартын осқырып» деген жерінде көңілге байланып келе жатқан суреттің түрі бұзылыңқырап кетеді. Өлеңде, әдебиетте жанды нәрсенің сипатын жансызға жамайтын жол бар, бұл бірақ ұнасымды болған жерде қосылады. Мысалы: сол өлеңнің ішінде: «Жел... кейде қатты ысқырын» деген ұнап тұр. Осқырып деген сөз желге жанаспайтын сипат. Бұл айтылған суретшілдік, терең қиял, сыршылдық, кестелі, шебер тіл, нәзік сезім ақындардан ғана сұралатын сипат. Өлеңдерінің сыртқы түрі мен қалпына қарап қазіргі өлеңшілерді бірнеше жікке бөлуге болады.

 1) Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт һәм Ахмет Мәметовтікі. Бұлардың, өлеңінде өзгеше бір сарын бар. Жүрегінің сезімін суреттейтін, жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Бұлар – сыршыл (лирик) ақындар.

 2) Екінші жіктің өлеңшілері – Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Дөнентаев, Шәһкәрім, Бекет Өтетілеуов. Бұлардың өлеңі сырты төгілген, сұлу, тілі кестелі, анық, халықтың ұғымына, оқуына жеңіл, тәтті. Бұлардың өлеңінің сезім мен қиялға тәрбие-әсері аз, ақылға азығы бар. Бұлар – халықшыл (народник) ақындар. Ана ақындардан бұлардың сөзінің халыққа бір атасы жақын турады.

Осы күнде сәні кетіп бара жатқан үшінші бір жік бар. Бұл жіктің ақыны ескі өлең, жыр, тақпақтарға еліктегі, желе-жортақтатып, құбажондатып келетін Ғұмар Қарашев.

Енді осы жоғарғы атанған үш жіктің өлеңшілерін бас-басына тексереміз.

Алғашқы айтылған төрт ақынның ішінде Мағжан, Ахмет, Сұлтан Махмұт бөлек, Міржақып бір бөлек. Алғашқы үшеуінде орыс ақындарына еліктегендік бар. Еліктегіштік ақындық жолында мін емес. Пушкин мен Лермонтов өлеңінің көбінде Байроша еліктеген деп айтылады, бірақ еліктеумен олардың ақындық дәрежесі кеміген жоқ, қайта орыста оларға жеткен әлі ақын жоқ.

Сыршыл ақындардың ішінде өлеңнің ішкі суретіне сөзінің сыртқы кестесі үйлесіп, маңызды болып шығатын Мағжанның өлеңдері. Мысалы: «Орамал», «Жолда», «Туған жер» сияқты өлеңдері. Мағжан өлеңіне ұқсайтын Ахмет Мәметов пен Сұлтанмахмұт тың кейбір өлеңдері. Бұлардың еліктеу күші де, көңіл қиялы да қалаған жерден дәл шығып отырмайды. Сыршылдық сипатын көрсететін Сұлтанмахмұт тың «Жас жүрегі», Ахметтің «Су жағасында» деген өлеңдері сияқтылар.

Бұл айтылған өлеңшілердің ішінде өзінін ақындық беті күшті, түр тапқыш, аса еліктегіш емесі – Міржақып. Кенеттен келген оқығаны тез сезіп, тез сіңіріп ,тез жауап тапқыш, жүйрік қиялды өлең Міржақыптан шығады. Мысалы: «Сүлеймен Бижановтың, Қазы Нұрмахаммедовтың өлімдеріне шығарылған: «Жұт»,«Қайда едің?» деген өлеңдері сияқты. Жүрекке әсер беретін өлеңдері: «Сағыну», «Қиял», «Шәкірт», «Қажыған көңіл», «Айырылу», «Жамалдың зары». Осы өлеңдерінде адамның жүрегіне тиетін қасиетті, зарлы, салмақты әсер бар. Міржақып өлеңдерінің кей жерлерінде тілді тұтып қалып отыратын сөз, буында не артықтық, не кемдік болып отырады. Мысалы: «Айрылу» деген өлеңінде:

Жүректік қасіретін жаспен жуып,

Келесің жаным сезіп, қайтып жуық.

Рахат рухына тілеп һахтан,

Хош айтып кетпес пе едім көңілім суып, —

дегендегі «Рахат рухына тілеп һахтанның» бір буыны басқаларынан кем. Бұл – сөздің маңызын қуғандықтан. Міржақыптың алғашқы кездегі өлеңдері шұбалаң, маңызсыздау еді, ақындық күші соңғы сыршылдыққа арналған өлеңдерінде көріне бастады.

Енді екінші жіктің өлеңдеріне келейік.

Ойына сөзі дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана айналған өлеңдер Ахмет Байтұрсыновтікі. Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі айдап шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады. Біресе ызамен зекіп айтып, біресе зарланып, шермен айтып, біресе ақыл қылып, сипап айтып, не қылса халықтың көзін ашпақ. Өлеңінде толғанған ой, тоқыған шердің көп ізі бар, бірақ бұған қарап, қиялы шалқып, шарықтап кетпейді. Ылғи халықтың нәзіктенбеген сезімін, жетілмеген ұғымымен есептесіп отырады. Ахметтің көзге түсерлік бір өнері переводқа шеберлігі.

Халықшыл ақындардың ішіндегі алдыңғы қатардағы Сәбит. Сәбиттің өлеңі қысқа, дәмді. Аз сөзге көп мағына сыйғызғыш, сөзді ойына күл қылған, тілі тәтті, дәл келеді. Сәбит өлеңінде көңілге тақ еткізе түсетін тапқыштық, салыстырғыштық, сыншылдық, аса терең болмаса да, төрт тағандап түсетін нығыздық бар. Мысалы: «һәр жан һәртүрде», «Той», «Азаттық күні», «Жаңа жылға» һәм басқалар сықылды өлеңдері сұлулығы, ұғымдылығы, тілге жеңілдігі, тәттілігімен қандай надан адамның болсын көңіліне қона кетеді. Сөзге еркін, бай екендігіне қаптап тізген өлеңі дәлел.

Сыртының сұлулығы, тақылдақтығымен Ахмет пен Сәбиттің өлеңіне Шәһкәрімнің өлеңі ұқсайды. Бірақ терең мағыналы сөздерді өлеңмен келтірем деп сөзін созыңқырап, шұбатып әкетіп, оқушыны тез жалықтыратын қалпы бар. Шәһкәрім көбінесе өлеңі халыққа ұнамды болуын көздейді және өлең арқылы халықтың ақылын да тәрбие қылып, жетілдіргісі келеді. Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да ішкі мағынасымен еліктеген кісі – Шәһкәрім. Мінді, кемшілікті айтқанда жерлеп, кекеп, шенеп, оңдырмайтын Шәһкәрім өлеңінде шанышпа, шанышпа ащылық бар.

Бекет Өтетілеуовтің өзімен, өлеңімен таныстығымыз аз. Переводы ұғымды, жеңіл, тәуір. 

Ғұмар Қарашевта Марабай ақын, Бұхар жырау, тағы сол сықылды бұрынғы ақындардың қалпымен кеткен ескінің сарқыты бар. Бірақ ескілік сөздер батырдың батырлығын, бидің шешендігін, ханның хандығын, салтанатын жетілдіртіп, ескектетіп айтқанына келісуші еді; ол кездегі халықтың рухы да, тұрмысы да ескек, асқақ сөзге лайық келуші еді. Халықтың мінезін суреттеп, мінін айтып, терең пәлсәпә сөздерді желдіртіп, ескектетіп айту бұл заманда артық, ұнаспайды. Өлеңнің сыртқы ағымын қуып отырғандықтан, ішкі мақсат анық шықпай, иленіп, бытырап, бірін-бірі басып, көкірекке айқын із түспейді.

Осы күнгі өлеңшілер туралы қысқаша пікіріміз осы. Бұл ақындардың өнері туралы бар болған сыны бұл емес. Нығызырақ сынауға бас-басына арналып бір мақала жазылып, өлеңдері әбден сай, басқа қылыну керек. Бұл жазғанымыз бір сыдырғы жалпы қарап өткендік.

Жоғарыда айтып едік: өлеңші бар, ақын бар деп. Қандай өлең жазған кісі ақын болатыны аз да болса байқалған шығар. Бұл айтылғандардан бізде ірі ақындардың аздығы сезіледі. Әдебиеттің күшеюіне осы күнгі ақындардың үлкен себі әзір тиген жоқ. Тимегені белді, күшті ақын шығып, жазған өлеңнің бәрі маңызды болын, әдебиетке түр тауып бере алмай отыр. Бірінің 4, бірінің 5, бірінің 6 өлеңі ғана көңілдегідей болып шығады және һәр ақынның беті һәртүрлі. Күштеп сөз жазған бір кісі болмаса, әдебиет беті түр таба алмайды. Кейінгі қалам ұстағандарда не жазса өлеңмен жазғысы келетін бір әдет бар. Тіпті, өлеңге ыңғайы жоқ кісілердің ақын болам дейтін ойы бар. Бұл ой – қате, ақындық бар болса өзі де түртіп шығады. Жанды артық қинатпайды. Шабыт айдамай, жан қиналып, келіссіз жазылған өлеңнен ақын еместігі беп-белгілі көрініп тұрады. Әдебиетімізге жақсы өлең, шын ақынның сөзі көрік беріп, күшейте алады. Әдебиет бақалшының қоржыны емес, қотанда жатқан қиқым-сиқымды балаларға алдап сатып, тыға беретін. Әдебиетке қызмет қылуды әркім-ақ тілейтін шығар; бірақ қолдан келмейтін нәрсеңмен қызмет қыл деп әдебиет қыстамайды; өлеңнен өзге ертегі, жұмбақ, мақал, тақпақ, қара сөзбен қызмет етуге де болады. Шамасы келетін де, келмейтін де өлеңге жұмылғандық — бәрі бірдей не тойшы болғандық, не қойшы болғандық. Тегінде әр жақты болмай, бір беткей сынар жақ болу да қате деп білеміз.

 

 Жүсіпбек Аймауытұлы

 

 

 

 

https://adebiportal.kz/kz/blogs/view/abaidan-songy-aqyndar__170

 
Comments (0)
Post a comment