Алаш баласының алғашқы оқулықтары - I

17.01.2023

Бүгіннен бастап Алаш мұралары туралы ізденіс үстіндегі жас маман, еліміздегі Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан қазақтың өткен ғасырлардағы көптеген мұраларын жарыққа шығарып, оқрыман қауымен бөлісіп жүрген, ақын, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Әділет Ахметұлы желілес жазып отырған, Алаш баласының ғасыр бұрынғы оқулықтарын таныстырып отырамыз!

Редакция

 

ТҰҢҒЫШ ОҚУЛЫҚ – Ы. АЛТЫНСАРИННЫҢ ЕКІ КІТАБЫ ТУРАЛЫ

Тақырыпты қазақтың демей, әдейі Алаш баласының деп алдық. Себебі, өткен ғасырға дейін түгел түрік болмаса да ағайынды алты Алаш, тілі, діні, ділі және территориясы жақын төңіректегі көрші түрік жұрттарының жазуы, әліппесі және арман-мұраты бір еді. Алаштың ең алғашқы толыққанды оқулығын Қазақтан шыққан тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсарин жазғаны белгілі. Бұған дейін ескіше діни білім беру ісі белгілі деңгейде дамыған қазақтың кейбір мекендерінде қандай оқулықтар жүйелі түрде оқытылғаны, қандай авторлардың қайсы оқулықтары басшылыққа алынғаны туралы нақты мәлімет кемшін. Арысын айтпағанда, Абай, Ыбырай, Шоқандар қандай әліппе құралдары арқылы сауат ашқаны туралы да көкейге қонымды деректер жоқтың қасы. Дегенмен, ол кезде Хақтың дінін үйрететін құнарлы еңбектердің болғаны мәлім. Ал, бүгінге дейін діни білім мен пәни білімге де арнап нақты оқулық жазған тұңғыш кемеңгер тұлға – Ы. Алтынсарин екеніне ешкімнің таласы жоқ.

Қазақ тілі энциклопедиясында бұл туралы мынадай мәлімет беріледі:

«Сауат ашу Қазақстанда сан ғасыр бойы араб әліпбиі арқылы жүргізілді. XIX-XX ғасырларда оқу-ағарту саласының екі түрлі бағытта болуына байланысты (медреселер, орыс-қазақ мектептері) әліппелер де араб және орыс әліпбиімен жазылды. Қазақтың тұңғыш ағартушысы, педагог Ы. Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» (Орынбор, 1864), «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» (Орынбор, 1871) оқулықтары тұңғыш рет орыс әліпбиімен жарық көрді. Алайда «Қазақ хрестоматиясы» сауат ашуға арналған әліппе емес, оқу мен жазуды меңгерген балалардың алған білімі мен дүниетанымын дамытуды көздейтін оқулық етеді. Бұдан кейін А.Е. Алекторовтың «К мудрости ступенька. Азбука для учеников начальных русско-казахских школ» (1891), А.В. Васильевтің «Букварь для киргизских школ» (1912) сияқты тағы басқа әліппелер жарық көрді. Олар екі бөлімнен (қазақша және орысша) тұрды» [1].

 

Аталған мәліметтен біз қазақтың алғашқы оқулығы 1864-жылы баспа бетін көргенін білеміз. Дегенмен, Ыбыраймен бірге де орыс ұлты өкілдері қазаққа оқулық жазуға қызығушылық танытқанын да көзіміз шалып қалады. Бір қызығы, аталған кезеңде орыс белсенділері қазаққа оқулық ғана емес, әліпби жасап беруге тырысқанын көп адам біле бермейді. Олардың көбі орыс жазуынан қазаққа шала бейімдеп әліппелер жасаған болатын.

Алтынсарыұлы Ыбырайдың 1864 жылы бірінші рет, 1879 жылы екінші рет баспадан шыққан «Киргизская хрестоматия» (Қазақ хрестоматиясы) бүгінге дейін алаштың пәни білімдеріне арналып жазылған алғашқы оқулық ретінде мойындалып келеді [2]. Дегенмен, аталған оқулықтың 1889 жылдан 1906 жылға дейін бірнеше қайтара басылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Әсіресе ескіше (шағатай немесе қадім) жазуды ысыра тұрып, орыс жазуымен тұңғыш кітабын қазақша жазған ғалымның аталмыш оқулығы кейін келе қайтадан ескіше жазумен басылғаны да тарихи оқиға деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Ы. Алтынсарыұлының «Қазақ христоматиясы» атты дәуір бөлгіштік сипатқа ие кесек еңбегі сол кезде қазақ жазуы ретінде біртұтас мойындалмаған орыстың әрпімен де, сол тұстағы мұсылман түріктерге ортақ қадім (араб графикасы негізіндегі ескіше жазу) жазуымен де шыққан болатын. Демек, қазіргі зиялы қауымға белгілі болғандай, өткен ғасыр басындағы А. Байтұрсынұлы және басқалар жазған «Әліппелерге» дейін Алтынсарыұлының аталған оқулығы көкірек көзін жаңаша біліммен ашушылардың сүйікті беташары, жол бастар шырағданы болғанына толық көз жеткізуге болады.

Келесі жазбаларымыздан оқырман, Ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы және басқа да оқулық авторларының тұңғыш қарлығаштарымен таныс бола алады. Ыбырайдан кейін Ахаңа дейін де өзге зиялылар әліппе жазғанын да жұртқа түпнұсқалық материялдар арқылы дәлелмен көрсететін боламыз. Өткен ғасырдың алғашқы оншақты жылында-ақ қазақтың ондаған «Әліппесі» өмірге келсе де, Ахаң жазған оқулық қалайша замандастарынан оқ бойы озып кеткеніне де тоқталатын боламыз.

Сөз реті келгенде айта кетелік, осы шағын жазбамызда біз тұңғыш педагогтің тегін бірде Алтынсарин, бірде Алтынсарыұлы деп жазып отырмыз. Әрине, Ыбырайдың әкесі Балғожа, атасы Алтынсары екені көпке мәлім, беті ашық нәрсе. Дегенмен, ХХ ғасыр басында өз еңбектеріне ұстазының жазбаларын көп пайдаланған А.Байтұрсынұлы автордың есімін үнемі «Алтынсары ұлы Ыбырай» деп жиі қайталап жазып отырған [3]. Ахаң ғана емес, өткен ғасыр басында тұңғыш педагог атына сілтеме берушілер түгелдей ғалым есім-сойының «Алтынсары ұлы Ыбырай» нұсқасын пайдаланған. Олай болатыны, Ахаң бастаған ұлт көшбасшылары 1924 жылға келгенде қазақ ұлттық жазуы – төте жазудың емлесін тұрақтандырады. Белгіленген ережеге сай, авторлар есіміндегі орысша үлгілер түгелдей қазақы дүниетаным негізіне қарай ауысқан болатын. Алтынсары ұлы Ыбырай, Байтұрсын ұлы Ақымет, Аймауыт ұлы Жүсіпбек, Досмұқамбет ұлы Қалел, Жұмабай ұлы Мағжан, Майлы ұлы Бейімбет, т.б. кісі есімдері 1924-1930 жылдарда басылым көрген әдеби мұралардың басым бөлегінде кездеседі [3]. Осы жерде тек Ыбырай ғана емес, Мағжан, Қалел, Бейімбеттер де атасының атын яғни тегін (фамилиясын) әкесі ретінде ашық жаза бастайды. Бұл да Байтұрсынұлы бастаған зиялы топтың балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан қиын кезеңнің өзінде кісі есімдерінің қазақ ұғымы бойынша жазылуын қалпына келтірген әрі сақтап қалған ұлы еңбегінің бір көрінісі еді. Бір сөзбен айтқанда, ата баласы болып кеткен кісінің аты-жөніне келгенде қазақтың «ата балаларының» әкесін айтпайтын дәстүрін де сақтауға тырысқаны байқалады. Сондықтан, әлдекім «Ыбырай Алтынсары немересі, Балғожа баласы ғой» деп, біз жазған сөзге түзету жасауының қажеті жоқ екенін ескерте кеткеніміз жөн.

Ы. Алтынсаринның 1884 жылы «Қазан» университееті баспасынан шыққан «Мұсылманшылық тұтқасы» атты тағы бір оқулығы басылып шықты [4] . Бұл кітап бір жыл бұрын  қазанның 24 жаңасында Петербругтегі патша ордасынан мақұлданып, арада бір жыл өткенде ғана Қазан қаласында жарық көрген. Осы кітаптың ғалым өзі жазған «Хрестоматиядан» кейін шығуында тарихи мән бар. Алтынсары баласы Ыбырайдың тұсындағы бірде християндық бірде исламдық діни бұрмалаушылықтарды қолдан жасап, қазақ жұртын адастыруға жұмыс  жасаған орыстың патша үкіметінің бассыз әрекеттеріне ұлттың ұлы зиялысы   осы кітабы арқылы да жауап қатты деуге болады. Бұл кезеңде «Айса пайғамбарды туған Мәриям анаға мақтаулар» жазылған, орыс қарпінде, қазақша басылған кітаптар бүгінге дейін сирек кітаптар қорында самсып тұрғаны да сол кезеңде қазақ жұртының басын айналдырған тарихи оқиғалардың аз болмағанына айғақ. 

Аталған екі кітаптың мұқабасын және бірер бетін оқырман қауымға көрсеттік. Қазақ халқы орыс жазуына, Ыбырай ұстаз кирил  қарпімен кітап жазғаннан кейін 76 жылдан кейін ғана (1940 ж.) амалсыз көшті. Ыбырай Алтынсарин 1864 және1879 жылы оқулығын орыс жазуында, қазақ тілінде жазғаны да заманның райына баққан шарасыздықтан екені даусыз. Ыбырайдың шәкірті, бүгінгі ұлттың ұстазы А. Байтұрсынұлы 1912 жылы ескі қазақ жазуына аса ірі өзгеріс енгізіп, «Төте жазуды» жасауы, сол арқылы «орыстандыруға» үлкен тосқауыл қойғаны жұртқа аян. А. Байтұрсынұлының  төте жазуы – шын мәнінде ұлттық жазу деңгейіне көтерілген, ұлттық тілдің қасиетін сақтаған қалқан болғанын естен шығармағанымыз абзал.

Оқулықтар тарихы мен жазу (әліпби) тарихы қазақ зиялыларының өткен ғасырда ұлтты сақтап қалу жолындағы ұлы күрестерін көрсететін нақты айғақтар. Сондықтан, біздің бұдан кейін желілес түрде әр жолы жұртқа таныстырмақ болып отырған «Алаштың алғашқы оқулықтары» атты жазбамызға назар салудан оқырман жалықпасына сенеміз!  

                                    

Әділет Ахметұлы

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет.
  2. Киргизская хрестоматия/ Ы. Алтынсарин – Оренбург : Тип. И.И.Евфимовского-Мировицкого, 1879. - 76 с.
  3. Байтұрсынұлы Ахмет, Шонанұлы Телжан. Оқу құралы, III-IV  жылдарда оқылатын кітап. Екінші басылыуы. Қазақстан мемлекет баспаханасы. Қызылорда, 1927 жыл. 412 бет.
  4. Мұсылманшылықтың тұтқасы: Шараятул Ислам / Ы. Алтынсарин  – Қазан: Қазан университетінің баспаханасы, 1884. - 76 б.    
Comments (0)
Post a comment