А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ПАТША ҮКІМЕТІ КЕЗІНДЕ ЦЕНЗУРАҒА ҰШЫРАҒАН БІР ШУМАҚ ӨЛЕҢІ

14.02.2023

Қазағым, елім*,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш, көзіңді, оянып!

Қанған жоқ па, әлі ұйқың?

Ұйықтайтын бар не сиқың?!

 

*Соңғы 8 жол төңкерістен бұрын шыққан «Масада» цензура рұқсат етпегендіктен басылмаған. Б.К. (1922 жылғы басылымда берілген түсінік).

 

Бұл Ұлт ұстазының аса ащы айтқан, Абайдың "сегіз аяғымен" заманы мен замандасын аямай шенеген "Жиған-терген" деген ұзақ өлеңінің соңғы шумағы.

Бұл бір қызық жәйт. Патша үкіметі рұқсат етпеген бір шумақты қосып басуға Кеңес үкіметі рұқсат еткен. Кеңес Ахаңды жақын тартуға тырысқаны әр алуан еңбектерден анық көрінеді. 1911 жылы Орынборда басылған "Маса" жинағы арада аттай желіп он бір жыл өткенде Қазанда қайта басылады. Ол жолы онан он бір жыл бұрын Патшашылдар рұқсат етпеген шумақ қосылып басылады. Бұл ескертпе кітаптың сол бетінде тұр. Жә, мұны жазған "Б. К" деген кім екен, иә? Татарстан мәтбағасында бір қазақ редактор болды ма?

Тағы бір қызық тұспал айтайық. А. Байтұрсынұлында Абайдың көзі тірі кезінде-ақ, хакімнің өлеңдерінің қолжазбасы болды деген болжам бар. Бұл көкейге қонымды ой-межені М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, профессор Кенжехан Сіләмжанұлының аузынан тұңғыш рет естіген едім. Ол кісінің сөзіне илануыма мынадай себептер бар.

Осы "Маса" жинағы 1911 жылы шыққанымен, 1905 жылдары әлдеқашан дайын болғаны менмұндалап тұр. Қарқаралы оқиғасынан қамкөңіл болып, ақыры істі болып түрмеге отырған Ахаң соған дейін Абайды әбден сіңіріп алғаны байқалады. Әр өлеңінде Абайлық сарын есіп тұр. Осы "жиған-тергенінің" өзінен-ақ "Абай жолы" жарқырайды. Ал, А. Байтұрсынұлының өзге оқулықтарында ғылыми еңбектерінде Абай жиі беріледі. Тіпті, Абай өлеңдеріндегі кейбір күңгірт тұстарын Ахметтік нұсқамен түзетіп алуға болатынына көз жеткізудеміз. Оған мысал көп.

Тақырыпқа оралсақ, А.Байтұрсынұлының еңбектеріне 1930 жылдан бастап шектеулер қойылғанымен, ғалым атылып кеткенге дейін және кейін қылышынан қан тамып тұрған қызыл Кеңес үкіметінің оқулықтарында да бәрібір "Маса" мен "Қырық мысалдан" шығармалар еніп тұрған.

 

 

Әділет Ахметұлы,

М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының ғылыми қызметкері

Comments (0)
Post a comment