ҚАРАҢҒЫДА ЖАРЫҚ БОЛҒАН «ҚАЗАҚ»

16.02.2023

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

«Ana tili»

«Күн болуға», «Күннен туған ұл болуға» ұмтылған Алаш зиялыларының ХХ ғасыр басындағы өлшеусіз еңбегінің бірі, қазаққа жасаған қайырлы ісінің зоры – «Қазақ» газеті. Биыл ол басылымның жарық көргеніне 110 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында «Қазақ» айтқан мәселе шешілді ме, «Қазақ» қазақты көтеруге тырысқан биік қандай еді? Мұны да ой елегінен бір өткеріп қойған дұрыс-ау!
2 ақпан, «Қазақ» газеті шыққан күні өткен алқалы отырыс осы мәселелердің біразының түйінін тарқатқандай болды.

«БҮТІН БІР МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАН ІСТЕЙ АЛМАЙТЫН ЖҰМЫСТЫ АТҚАРҒАН»

Белгілі тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді «Қазақ» газетінің қазақ үшін ақыл-ой орталығы болғанын айтады:

«Ұлт тарихында дәл «Қазақ» газеті секілді қазаққа жаны ашып, сол жолда шығарушы азаматтармен бірге репрессия құрбаны болған бірде-бір басылым болған жоқ. Оның идеясы да, авторлары да қитұрқы саясаттың құрбаны болды. «Қазақ» газеті өзіне де, өзгеге де мейі­рім­сіз саяси жүйемен арпалыс-ты күрес жүргізе отырып, қазақ өмірін ту­ра түсініп қорыту, сол арқылы ұлттың ен­дігі міндеттерін анықтау және белгілеу ісін фундаментальды тұрғыда концептуалды деңгейге көтерген басылым болды. Біз оны жай ғана газет деп түсінсек қателесеміз. Оның ауқымы кең»,– деді ол.

Ғалым «Қазақ» газетін – қазаққа ұстаз ретінде бағалады. Бір басылым бүтін бір мемлекеттік орган істей алмайтын жұмысты атқарғанын тілге тиек етті.

«Оны шығарушылар қазақ қо­ғамын қандай сапаға көтерді. Га­зеттің негізін қалап, ыстық-суығын көтерген Ахмет Байтұр­сынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтың өмір жолындағы ең құнарлы да жемісті шағы «Қазақ» газеті шығып тұрған кезеңге тұспа-тұс келді. Олардың шығармашылық өсіп-өркендеу жолы да осы кез еді», – деп қосып атап өтті М.Құлжабайұлы.

Тарих ғылымының докторы Светлана Смағұлова болса, «Ахмет Байтұрсынұлы және «Қазақ» газеті» тақырыбында баяндама жасап, ұлт ұстазы, күрескер ақын, рефор­ма­тор Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетін қазақтың жан жарасына ай­налған жер, тіл, дін, оқу және тағы басқа мәселелерді көтеретін ба­сылымға айналдырғанын атап өтті.

«Қазақ» газеті – қазақтың тұң­ғыш төл энциклопедиясы. Ұлттық езгіде жатқан қазақтың ұй­қысынан оянып, алдыңғы қатарлы елге айналуына, білімді, мә­дениетті халық­тардың қатарына көтерілуіне, ұлт-азаттық қозғалыс идео­логиясының қалып­тасуына күш салды. Кейіннен кеңестік жүйе тарапынан қатаң сынға ұшырап, «ұлт­шылдықты» насихаттаудың бас­тауы осы органнан бастау алды деген тұжырымға тап болды.

Жалған жаламен жазаға ұшыраған қазақ зиялыларын айыптау, олар­дың ұлт­шылдықтары осы газетке жариялаған мақалалары мен осы газетті шығарудағы қызметтерімен дәлелденді. Газет беттерінен бірінші жаһандық соғыс кезінен бастап, Ресей империясы мен шет мемлекеттер арасында болып жатқан саяси оқиғалар жайында, Балқан соғысы, бірінші империалистік соғыстың басталуы мен оның барысы, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар, соғыс техникасы мен қару-жарақтар, Қытай елінің өз тәуелсіздігін қорғау үшін күрес барысы және дүниежүзілік империалистік соғыстың Қазақстанға тигізген әсері жөнінде мәлімет ала аласыз. «Қазақ» – 1916 жылғы дүрбелең, бұратана атанған халықтарды қара жұмысқа алу турасындағы патша Жарлығына қатысты туындаған жағдайды, ұлт зиялыларының осы мәселе төңірегіндегі ой-пікірлерді талдауға алған бірден-бір басылым. Тыл жұмысындағы қазақтардың ауыр жағдайын көтеріп, дабыл қаққан да осы «Қазақ» болатын», – деді ғалым.

Профессор Бағдан Момынова «Қазақ» газеті арқылы көптеген сөзжасам мен тіркес бүгінге жеткенін айтса, Қазақстан журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев ұлт­тың үнін айшықтаған басылым жас тілші­лерді тәрбиелеуде үлкен дәстүрге ие ірі мектеп екенін атап, «Қазақ» газетін толықтай мемлекет қамқорлығына алу керектігі туралы бастама көтерді. Тарихшы, академик Хангелді Әбжанов болса, «Қазақ» газетін қайтадан ұлттық басылымға айналдыру туралы ұсыныс айтты. Сондай-ақ тарихшы газеттің толық нұсқасын кітап етіп шығару бастамасын көтерді.

Конференция соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Қанат Ысқақов 2006 жылдан жазушы Қоғабай Сәрсекеев қайта жалғастырып шығара бастаған «Қазақ» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі Серік Шайманды «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен, бас директор Қали Қамбаровты, бас редактор Жасұлан Мәуленұлын, тілші Қызжібек Әбдіғаниқызын «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, дизайнер-беттеуші Айнұр Қайратбекқызын, тілші Замира Базарбайқызын «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Ал «Қазақ» газетінің құрылтайшысы Махмұт Нәлібаев тарихи газеттің дамуы­на зор үлес қосқан бір топ тарихшы мен алаштанушыға «Қазақ» газетіне 110 жыл» мерейтойлық төсбелгісін табыстады.

Конференция аясында бұрынғы мен бүгінгі «Қазақ» газетінің тігін­ділері, 1913–1918 жылдардағы газет­тердің төте жазудан қазіргі жазу үлгісіне көшіріліп, жарық көрген кітаптар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

«Қазақ» газеті 1913–1918 жылдар аралығында Орынбордан шыққан. Айналдырған 5 жылдың ішінде (1913–1918 жылдар) «Қазақ» газетінің 266 саны жарық көрген. Газеттің бір жылға жазылу құны – 3 рубль, жарты жылға – 1 рубль 75 тиын, 3 айға – 1 рубль, жекелеген нөмір бағасы 5 тиын болған. Ол қазіргі теңгемен есептегенде 1 жылға – 10584 теңге, 6 айға – 5 747 теңге, 3 айға – 3 283 теңге болған.

«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНЕ ТҮРКІСТАН, ЕДІЛ, ОРАЛ,

АНАДОЛЫДАН ЖАЗЫЛҒАН»

Ғалымдардың дәйегінше, «Қазақ» газе­тінің айналасында әлі де терең зерттеп-зерделеуді қажет ететін дүниелер аз емес. Мәселен, жас алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбайдың айтуынша, тыңғылықты зерттеу жүргізуге елі­міздегі тарих, журналистика, филология факультеттерінде ескі жазу курс­тарының болмауы кері әсер етіп отыр.

«Өкінішке қарай, еліміздің бірде-бір оқу орнының тарих, журналистика, филология факультеттерінде ескі жазу курстары жүргізілмейді. Оларды оқи алмағандықтан, студенттер көне газеттердегі біздің тарихымызды тануға ықылассыз. Кезінде Ү.Сұбханбердина апамыз үш тілде дайындаған «Қазақ газеті» кітабы, С.Смағұлова әзірлеген кириллицадағы кітапты пайдаланады. 1916,1917,1918 жыл­дарғы «Қазақ» газеті ешкімнің қолын­да жоқ. Газеттің ең негізгі шарық­таған кезеңдері – осы тұстар. Оны ескі жазуды танитын аз ғана азаматтар біледі», – деді ол.

Е.Тоқтарбай әлі «Қазақ» газетінің 17 саны табылмағанын айтып, оларды шетелдегі абоненттердің сақталған коллекциялық қорларынан не Ресей мұрағаттарынан табылып қала ма деп үміттенетінін жеткізді. Сондай-ақ ол «Қазақ» газетін қайта жаңғыртқан кезде осы газетті зерттейтін орталық құрылмағанын ескере келе, алдағы уақытта қазақ газеттерін, баспасөзін зерттейтін инс­титут жасауды қолға алуды ұсынды. Айтуынша, жас ұрпақ сол уақыт­тың үнін газеттер арқылы танып біледі.

«Қазақ» газетінің Түркістан, Еділ, Орал, Анадолыда жазылу абоненттері болды. Түркияның Ыстанбұл, Мерсин, Маниса қаласында түрік зиялылары тұрақты жазылып отырған. Жауапты орындар назарға алып, Алаш баспасөзінің әр нөмірін факсимилесімен әзірлеп, баспасөз энциклопедиясын дайын­дауымыз керек деген ұсынысым бар», – деді ғалым.

Елдос Тоқтарбайдың дерегінше, «Қазақ» газетінде 3 866 бүркеншік есімнің кімге тиесілі екені анықтал­ма­ған. Болашақта соған байланысты «Бүркеншік есімдер сыры» деген атпен кітап дайындау жоспары бар.

«Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет... жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенше, ғұмыр жеткенше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік!»

(Ахмет Байтұрсынұлы,

«Қазақ» газеті, 1913 жыл, №1)

«Бұл күнде оқудың керек екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екендігін көріп тұрмыз. Қазақ биыл 5 тиынға келісіп сатқан нәрсесін келер жылы 10 тиынға қайта сатып алады. Үкімет қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейді, сол үшін қазақша оқуды халыққа тарату өз міндетіміз»

(Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу жайы». «Қазақ» газеті, 1913 жыл, №11)

«…Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Балам деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін, жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан – қазына, қазынаға борыштымыз деп жүр. Жастарды оқыту расходынан қашып, қазынаға борышты қылып қойса, жастарда не жазық бар? Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең құл болмақшы…»

(Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу жайы». «Қазақ» газеті, 1913 жыл, №11)

«...Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы»

(Түрік баласы. «Қазақ тарихы».

«Қазақ» газеті, 16 ақпан, 1913 жыл, №3).

Алматыдағы Ұлттық кітапханада зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 110 жыл толуына орай конференция өтті.

Жиынды ашқан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов министр Дархан Қыдырәлінің арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып, газеттің өткені мен бүгінге қалдырған мұрасы туралы айтты. Осыдан 110 жыл бұрын ХХ ғасыр басындағы үміт пен үрейдің арасындағы арпалыс күресте ұлттың жоғын жоқтап, қажетін түгендеген «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шыққанын еске алды. Газет ұлттық ренесанстың бастауында тұрып, халықтың ақыл-ойын, сана-сезімін мүлде бөлек арнаға бұрғанын, тек басылым ғана емес, халықтың үні болғанын, елдің мақсат-мұратын тоғыстырып, ұлттық сананың оянуына ықпал еткен қозғаушы күш биігіне көтерілгенін атап өтті. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының есімдерімен ұштасып жатқан басылым – талай тарихтың куәсі, халықтың рухани қазынасы екенін атап өтті. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі сөзі ғасырдан аса уақыт бойы қазақ баспасөзінің дамуына демеу болып, ұранына айналғанын жеткізді.

Қанат Ысқақовтың айтуынша, «Қазақ» газеті бүгінде кейбір респуб­ликалық газеттер еңсере алмай отырған 6000 дана тиражбен тараған, ел ықыласына ие басылым болған. Сонымен қатар ол қазір де Үкімет алаш­тықтардың жолын жалғаған басылымды әрдайым қолдайтынын мәлімдеді.

Ұшқын СӘЙДІРАХМАН, алаштанушы:

«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ ТОЛЫҚ ЗЕРТТЕЛІП БІТКЕН ЖОҚ

Қандай да бар идеяның кең қанат жаюы, ел арасында таралуы, көпшіліктің ықыласына бөленуі үшін міндетті түрде сол идеяны таратушы шешендер, көсемдер болуы керек. Тағы бір маңызды шарт – сол идеяның таралатын трибунасы болуы шарт. Бұл тұрғыдан келгенде біз Алаш идеясының кең қанат жаюына негізгі тірек болған баспасөз – «Қазақ» газеті.

«Қазақ» газеті 1913–1918 жылдар аралығында жарық көрген. Әрине, ол қазақ баспасөзінің тарихындағы тұңғыш басылым емес. 1870 жылы шыққан «Түркістан уәләяты», 1888 жылғы «Дала уәләятының газеті», «Торғай» газеті дегендей басылымдар болған. Бірақ бұл аталған басылымдарға қарағанда «Қазақ» газеті ұлттық, демократиялық, сол идеяны таратып отырған адамдардың өздері шығарған ұлттық дербес басылым болуымен ерекше.

Шынтуайтына келгенде, қазақ­тың тәуелсіз, дербес газет шығару мәселесі 1904 жылы Әлихан Бөкей­хан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының Омбыда бас қосқан тұсында өзара іштей айқындалған болуы әбден мүмкін. 1905 жылы ол Қарқаралы құзырхатында анық көрініс тапты. Егер Қарқаралы құзырхатына 14 мың адамның қол қойғанын ескерсек, газет шығару мәселесі сол кездегі негізгі күн тәртібіндегі мәселенің бірі екенін аңғарамыз. Бірақ қаржы және басқа да ұйым­дастыру себептерінен ұлттық басылым шығару мәселесі кешігіп, 1911 жылы нақты жүзеге асты. 1907 жылы Петербургте татардың «Улфат» деген газетіне қосымша болып «Серке» газеті, 1911 жылы «Қазақстан» газеті шықты. Бірақ олар ұзақ мерзімге жете алмаған, басқаша айтқанда жөргегінде тұншыққан басылым болғандықтан, ұлттың ұлы миссиясын ұйымдастырған, ұлттың руханияты мен мәдениетіне, әдебиетіне елеулі түр енгізген басылым деп «Қазақ» газетін айтамыз.

Жалпы сол тұста газет шығару үшін екі шарттың бірі болуға тиіс еді. Бірі – қаржы мәселесі, екіншісі – жазатын авторлардың, қалам тербейтін қайраткерлердің кемдігі. Бұл екі мәселеде де сол кездегі қазақ руханияты, қазақ қоғамы үшін өте шетін мәселе болды. Өйткені газетке жаза білетін, қалам тербей білетін, өз ойындағысын анық түсіре білетін қайраткерлер аз болды. Соның барлығын «Қазақ» газеті өткере алды. Қазір «Қазақ» газеті қаржының жоқтығынынан, пұлдың кемдігінен жабылып қалды» деген ақпарат айтылып жүр. Олай емес. «Қазақ» газеті жабылған 1918 жылда оның жеке баспаханасы және жеке кітапханасы бар еді. Бұл туралы Міржақып Дулатұлының өзі де жазады. Оны жапқызған саяси себептер: Орынбордағы «қызылдардың» басып алуы, 1918 жылдағы аласапыран жағдай газеттің баянды түрде шығып тұруына мұрсат бермеді.

Жалпы «Қазақ» газеті шыққан тұста «Азамат» серіктестігі болды. Ол –«Қазақ» газетінің сол тұстағы қаржы мәселесінде өзге де басылымдарға көрсеткен үлгісі. «Азамат» серіктестігіне мүше болып кірген адамдар жарна береді. Ол жарнадан газет шығарады және одан артылған ақшаға кітап бастырып шығарады. Кейін ол кітапты газет баспаханасында, редакциясында сатады. Былайша айтқанда «Қазақ» газетін меңгеріп отырған зиялылар тек газет басуды былай қойғанда, кітап бастырып шығарып, оның саудасын жолға қойып, өзінің қаржылық мәселелерін шешіп отырды. Одан кейін газетке «иғлан», яғни қазіргі тілмен айтқанда жарнама беру арқылы да тиісті ақшасын тауып отырды. Мысалы, «Қазақ» газетінің бірінші бетінде басылатын мақалалардың, жарнаманың ақшасы бөлек болды, соңғы бетінде басылатын жарнамалардың ақшасы бөлек болды. Осындай жолдармен «Қазақ» газеті өзін-өзі қаржыландырып отырған. Яғни ол сондай қиын-қалтарыста қаржылық жағынан өзін-өзі қаржыландырып, жол тауып шыққан газет. Рас, әу баста демеушілерге сүйенді, бірақ біртіндеп өмірге бейімделе отырып, өзін қаржылық тұрғыдан толыққанды қамтамасыз етті.

«Қазақ» газеті – қазақ руханиятында қазақтың жазба тілін, әдеби тілін, қазақтың жазушы қауымын, авторларды қалыптасырған газет. Осы газет арқылы жазуға, қаламға төселген қайраткерлер шықты.

«Қазақ» газеті жолға қойған «Азамат» серіктестігінен кейін, газет ісінде «Еңбек» серіктестігі, «Бірлік туы» серіктестігі, «Уақ-қара» серіктестігі деген бірқыдыру серіктестік құрылды. Яғни «Қазақ» газеті өзінен кейін шыққан «Ұран», «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Абай» сияқты басылымдарға қазақтың дербес газетін шығару ісінде үлгі-өрнек көрсеткен ата басылым, жолбасшы деп айтсақ болады.

Алғашқы әңгіме, алғашқы роман бәйгесі де «Қазақ» газетінде жүрді. Алғашқы тарихи шежірелердің жазылуы хатқа сол «Қазақ» газеті арқылы түсті. Алғашқы әлеуметтік мәселелер жазылды. Қай тұрғыдан келсек те «Қазақ» газетінде сол кездегі қазақ өмірінің қалтарыс-бұлтарысы, мәселелері хатқа түсті. Яғни «Қазақ» газеті қазақ өмірінің энциклопедиясы деп айтсақ болады. «Қазақ» газетінің маңыздылығы біздегі әдеби-жазба мұраларды қалдырумен ғана емес, оның деректанулық маңызының да жоғарылығымен айқындалады. Яғни оны оқып отырып, осыдан 100-110 жыл ілгері болған тарихи құбылыстардың және оқиғалардың анық дерегін таба аламыз. Кей деректер бойынша, 1913–1918 жылдар арасында 265 нөмірі шыққан. Бірақ қазір анықталып отырғандай, газеттің 268-нөмірі белгілі болып отыр. Міне, осы тұрғыдан келгенде әлі де газеттің қалған нөмірлері табылуы мүмкін. Сондықтан «Қазақ» газетін зерттеуге түбегейлі нүкте қойылды деп айта алмаймыз. Себебі, біз оны толыққанды қағаз бетіне түсіріп, бүгінгі кириллицаға аударып, көпшілік оқырманға ұсына алмай отырмыз. Оның тек 1913, 1914, 1915 жылдарғы нөмірлері ғана кітап болып, жинақ түрінде кириллицаға аударылып шықты, қалғаны әлі шыққан жоқ. Сондықтан бұл көпшілік оқырманға қолжетімді, кез келген зерттеуші пайдалана алатын деңгейде емес. Аз шоғырдағы архивпен, сирек қормен жұмыс істейтін мамандар керекті санын, керекті дерегін пайдаланып отыр. Әлі де кең ауқымда «Қазақ» газетін насихаттап, жарыққа шығара алмай отырмыз. Биыл газеттің 110 жылдығы, осыған байланысты бес жылдағы нөмірлері толық жинақ болып шықса деген үміттеміз.

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/61507

Comments (0)
Post a comment