Қазақ тілін оқытуда біртұтас жүйе керек

30.03.2023

Қазақ тілі – Қазақстан Республика­сының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тілдің мынандай бір анықтамасы бар: Мемлекеттік тіл мемлекеттің тұтас аумағында, мемлекеттік тілі екеу болған жағдайда белгілі бір аймағында заңдық мәртебесі мемлекеттегі басқа тілдерден ең жоғары бекітілген тіл. 
Мемлекеттің тұтас аумағында мемлекеттегі басқа тілдерден заңдық мәртебесі ең жоғары тұратын тіл дегендегі тұтас аумақ тіркесі қазақ тілінің өмір сүру кеңістігі, тіршілік етуінің заңды ортасы дегенді білдіреді. Бізде мемлекеттік тіл біреу – қазақ тілі. Яғни ол белгілі аймақта ғана емес, Қазақстан Республикасының тұтас аумағында еркін тыныстауы қажет. Оған үкіметтің жүргізетін тіл саясаты барлық жағдайды жасауға тиіс. Билік өзінің барлық құралдарын қосып (мемлекеттік тілді насихаттау, оған қорған болу, заңдық мәртебесін арттыру және т.б.) қазақ тілінің өзіне тиесілі аумақта еркін жайылуы-на кедергі келтіретін басқа (мәселен, орыс тілінің) тілдің қолданылуын барынша шектеуі керек. Ал бізде тіл саясаты босаң.

Келесі бір анықтамада «Мемлекеттік тіл – көпұлтты (көптілді) мемлекетте халықтың ұлттық құрамына қарамай іс қағаздарын, мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту, мәдениет, баспасөз бен байланыс (почта, телеграф т.б) орындарында, құқық қорғау мен әскер бөлімдерінде, сот істерін жүргізу т. б. міндетті деп саналатын саяси-құқықтық қасиеті бар мәртебелі тіл. Мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту және оның қолдану аясын (сфера) кеңейту үшін мемлекет тарапынан белгілі бір уақытқа жоспарланған жан-жақты бағдарламалар жасалады. Мемлекеттік тіл әрдайым мемлекеттің қорғауында және оның қамқорлығында болады» делінген. Байқап отырғанымыздай, ең алдымен мемлекеттік тілге деген қамқорлық оны үйретуге, оқытуға байланысты екен. 
Отыз жылда талай бағдарлама жасалды. Орындалған жоқ. Мысалы, мемлекет мем­лекеттік қызметшіге мемлекеттік тілді оқытып келе жатқанына отыз жылға жуық­тады, нәтиже–нөл, қаржы далаға кетіп жатыр. 
Елімізде мемлекет есебінен қаржылан­дырылатын тіл орталықтарының саны 119 екен. Бұған жекеменшік орталықтарды қоссаңыз, бұл көрсеткіш еселене түседі. Өңірлердегі мемлекеттің асырауындағы тіл орталықтары қаржыны жергілікті бюджеттен алады. Тіл басқармалары жанынан құрылған тіл орталықтары осы жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатпен атқарушы органдарда қызмет істейтін үлкенді-кішілі шенеуніктерге арнап қазақ тілі курсын ұйымдастырады.Енді қа­раңыз, мемлекеттік тілді оқытып келе жат­қанымызға отыз жыл болды. Бірақ нәтиже жоқ. Мемлекеттік қызметшінің саны жыл сайын жаңармайды. Олардың қа­та­рына қосылса, бірді-екілі маман жаңадан қосылар. Солай бола тұра тіл орталықтары олар­ды бюджеттің ақшасына осынша уақыт оқытып, нәтиже шығара алмай келеді.
Тіл саясатының бір жұмысы – білім беруді, оқытуды тиімді ұйымдастыра білу. Бірақ осы мемлекеттік тілді оқыту саласын жүйесіздік жайлаған. Олар ешкімге бағынбай өз білгендерімен жүріп келеді. Тіл орталықтарының арасында бірізділіктің болмауы осыдан басталады. 
Біріншіден, жер-жердегі бірдей тір­лікпен айналысатын жергілікті әкімдік­терге қарасты тіл орталықтарының заңды тұлға ретіндегі деңгейлері бірдей емес. Бірі – таза мемлекеттік кәсіпорын болса, бірі – қазыналық кәсіпорын, бірі – коммуналдық кәсіпорын, ал бірі – жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Біздіңше, тіл орталықтарының жұмысына осылардың қайсысы тиімді екендігін анықтап, біріздендіретін уақыт келді. 
Екіншіден, барлық тіл орталықтары басында мемлекеттік қызметшілерді «бастауыш, жалғастырушы және тереңдетілген» деңгейлер бойынша бір жүйемен оқытатын қазір КазТест жүйесіне көшті. Бірақ ондағы бағдарламаның сағат саны әр орталықта әртүрлі. Бірінде – 70 сағаттық, бірінде – 90 сағаттық, бірінде – 120 сағаттық оқу бағдарламасы қолданылады. Біздіңше, қанша сағаттық бағдарламамен оқытқан ұтымды және тиімді екендігін анықтап, бәрін бір жүйеге түсіру керек. 
Үшіншіден, тіл орталықтарында мем­лекеттік тілді оқыту сипаты әртүрлі. Ай­талық, қазақ тілі сабағы кей жерлерде аптасына екі рет, кей жерлерде үш рет, кей жерлерде күн сайын болады. Тіл үйретудің майын ішкен әдіскерлердің айтуына сүйенсек, тілді үзіп-жұлып оқығаннан гөрі, тілдік ортаға толықтай еніп, үйренген ұтымды болмақ. 
Бізде тіл саясатын жүргізуге тікелей жауапты Тіл комитеті деген ұлық ұйым бар. Оның қасында ашылғанына отыз жыл болған Ш.Шаяхметов атындағы республи­калық Тіл орталығы бар. Жер жердегі Тіл басқармалары мен Тіл орталықтарының жұмыстарын үйлестіріп отыру тікелей осы екі мекеменің басты міндеті. Өңірлердегі тілге жауапты мемлекеттік мекемелер бұларға қарамай, өз білгенімен жүре берсе қандай жүйе болмақ. Мәселен, оқытудың бірнеше деңгейінен өтіп келген мем­лекеттік қызметшіге кәсіби қазақ тілі қажет. Ал кәсіптің түрі көп. Яғни жалғас­тырушы деңгейде заңгер мен құрылыс­шы­ны бір оқу құралымен оқыту мүмкін емес, өйткені әр саланың өз тілі бар, соған сәйкес әр саланың өзіндік оқу құрал­дары болуы шарт. Ол сол салаға қатысты құрастырылған тілдескіштердің, сол саланың терминдер сөздігінің және сол салада күнделікті қолданылатын іс-қағаз үлгілерінің материалдарына сүйеніп жасалуы тиіс. Оны тіл орталықтары ұсы­нып, сол саланың ведомство басшы­лы­ғы бекіткеннен кейін бүкіл Қазақстан аумағы бойынша бір сала бір-ақ оқулықпен оқитын деңгейге жетуіміз қажет. Ал қазір көптеген қала, облыс, аудан заңгерлері әрқайсысы бір-бірінен бөлек, басқа материалдарды пайдаланады. Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге оқытуда пісіп-жетілген біртұтас жүйе жоқ.
Бұл бағыттағы біздің ұсынысымыз: 
– Қазақ тілін оқытуда тек мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, жалпы еліміздегі барлық оқу жүйесі бойынша біртұтас деңгейлік жүйе жасау керек;
– Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде балабақшада, бастауыш, орта және жоғарғы мектепте оқытудың біртұтас жүйесі жасалмаса болмайды. Мақсаты белгіленіп, деңгейлік бағдарламасы әзірленуі тиіс және құқықтық талаптар қойылуы керек;
– Қазақ тілінің мектепте оқытылуына, оқулықтарының бағдарламаларына әліп­педен бастап сараптама жүргізіп, кемші­лік­тері көрсетіліп, жоғары мектептегі  қазақ тілін оқыту жүйесі қайта қаралғаны жөн;
– Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың жүйесіне әлеуметтік лингвис­тикалық талдау жүргізілуі керек;
– Монотілді саясат ұстанатын Германия, Жапония және Түркия елдеріндегі мемлекеттік тілді оқыту жүйесіне сараптама жасалса, құп болар еді;
– Тіл орталықтарының ұйымдас­тыры­луына, қолданылатын әдістемелеріне, бағдарламалары мен оқу құралдарына ғылыми-әдістемелік талдаулар жүргізілсе артық болмайды. Біз ғылым жолына сүйенуіміз керек;
– Түрлі мамандық иелеріне, ересектерге мемлекеттік тілді оқытудың өзіндік әдістемесі мен бағдарламасы дайындалып, ұсынылғаны жөн.

 

  Бижомарт ҚАПАЛБЕК

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/61662

Comments (0)
Post a comment