ТОЛСТОЙДЫҢ ӘРУАҒЫН АУНАТҚАН ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫ (А.Байтұрсынұлы оқулығындағы «Күн» атты шығарманың сыры)

05.04.2023

Қазақ әдебиетінде Шетелдердің классикалық туындыларын аудару тарихы тым арыдан бастау алады. Араб-парсы әдеби, діни көркем шығармаларының неше ғасыр бойы жырланып, ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына қосылғаны, Алтын Орданың қазыналы әдеби мұраларының көптігі осыған дәлел болса керек. Абай, Ыбырай, Шоқандардың аудармалары да қазақ аударма әдебиеті тұрғысынан алар орны ерекше. Ал, ХХ ғасырдың басындағы Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған ұлт көшбасшыларының шетелдің заманауи әдебиеттерін аударуындағы сара жолдары мен салған іздері кісіні тамсандырмай қоймайды.

Сол кезеңде жазылған жүздеген оқулықтың тілі мен деңгейі туралы сөз қозғаудың өзіне академиялық білім қазақы құнарлы тіл керек. Ал, бізді тәнті еткені сол тұстағы ғылыми, әдеби, саяси, т.б. алуан салада қалам тартқан аудармашылардың ана тілінің қорына байлығымен қоса екінші тілді өте терең білуі. Ахаңның «Қырық мысалы» мен «Масасы», Әлиханның «Дүниенің құрылысы», «Кавказ тұтқыны», Тұрағұл Абайұлының «Баланың ерлігі» (Джек Лондоннан), Нәзипа Құлжанованың «Мектептен бұрынғы тәрбиесі», т.б. егей тұлғалардың қаламынан сорғалап, қағазда жорғалаған көркем аудармалары тек тамсандырумен ғана қоймайды, ой салады, борыштарлық сезімді оятады. Бұл тұрғыда Арыстарымыздың әр салада, әдебиеттің әр жанрында жазған еңбектері әлі жұртқа толық жетпей отыр. Ол да «Жаңа Қазақстанды» жайлап толғандыратын дүние!

Тақырыбымызға келсек, қазақта Телжан Шонанұлы деген көрнекті тұлғаның өткенін біреу білсе біреу білмейді. 43 жасында жалған жаламен сотталып, кеңеспестен атқан Кеңестік үкіметтің жалғыз оғынан ажал құшқан Телжан Шонанұлы(1894-1938, қазіргі Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, №4 ауыл) – Алаш Орданың оқу комиссиясының мүшесі, тілтанушы-түркітанушы, доцент, қоғам қайраткері, ағартушы, педагог, аудармашы еді. Қысқа ғана ғұмырында Телекеңнің жазып бізге қалдырған мұралары жетерлік. Қазірге дейін, үштомдық, бестомдық еңбектері жинақталды. Қайраткерлігі бір төбе Т.Шонанұлы туралы шағын мақалада көсіле жазсақ та көп іс тындыра алмаспыз. Телжанның кесек еңбегінің бірі – «Қазақ жер мәселесінің тарихы». Мен Алаш орда мен кешегі тарихқа, тарихи тұлғаларға тағзым жасап жүрген жастарға Телжан марқұмның сол еңбегін оқуды тапсырар едім.Қазақтың сол тұста Еділ мен Ертістен, Арқа мен Алтайдан, күллі қазақ даласынан қалай айырылып қалғанын тарихи деректер мен орыс жазбаларына сүйене отырып жазып шыққан аса құнарлы еңбек. Тіптен, Т.Шонанұлының сол кітабына бөлек ескерткіш қоюға да татиды. Өзі «Халық жауы» атанып, жары Шахзада екеуі бірдей атылған Т.Шонанұлына күллі қазақ қарыздар десек те артық емес. Атақты ғалым (бірақ бүгінгі біздің тәуелсіз ел өзі толық танымаған) Елдес Омарұлы: «Телжан халық жауы болса, мен де халық жауымын» деп, ғылымдағы әріптес досын қызғыщтай қорғап жүріп, ақыры өзі де бір оқтық болғаны туралы роман жазып, фильм түсірсеңіздерші қаламгерлер?!

Жарықтық, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әр жазбасын оқысаңыз тарих пен құнарлы қазына саудырап төгіледі. Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы үлкендерге арнап жазған «Сауат ашқыш» атты кітабына енген әдебиеттік үлгілерге көз жүгірте отырып, Телжан Шонанұлы жазған «Күн» деген шалқымаға назарымыз қатты ауды.

Л.Н.Толстойдан аударған бұл шағын ғана шығарманың тілі кежімделген жүйріктей құлпырып тұр. Оны біз айтып, талдап бергеннен гөрі сіз өзіңіз оқығаныңыз жақсы-ау деп, түпнұсқасымен қоса сіздерге ұсынып отырмыз.Қазақ тілінің құнары қайтпаған, қаймағы бұзылмаған өткен ғасыр басындағы қаламгерлердің аудармалары көркемдік тұрғысынан түпнұсқадағы тілдің өзіненасып кеткеніне өз басым иланамын әрі батыл түрдесолай бағалай аламын. Себебі, жоғарыда да аттары аталып өткен тұлғалар мен сол тұста таңдамалы шығармалардан, пайдалы оқулықтардан аударма жасаған қайраткерлердің еңбектерінен соны өз көзімізбен көріп, көңілімізге түйіп келеміз.

Енді оқырманды зарықтырмай, Телжан Шонанұлы Толстойдың «Күнін» қазақша қалай сөйлеткенін көрсетелік. Аудармашының мықтылығы автордың шығармасындағы әуенді әуезді тауып алып, өлеңге жақын тілмен шешен де шебер кестелеп шыққанында. Шығармасы шымыр тілді қазақ баласы Телжан арқылы аударылған Николайдың баласында арман да жоқ шығар?!

Ескерту: төменде Телжан аударған нұсқаны сол кездегі емле бойынша түпнұсқасымен және Л.Н.Толстойдың төл нұсқасын қоса бердік.

 

Әділет Ахметұлы

 

 

КҮН

(Толыстойдан)

Қыс бойы күніміз төмендеп жүреді: сəулесін қыйалап бір бүйірден жібереді. Сондықтан қыс жер жүзінде сұуық болады, жанды-жансыз заттың бəрі тоңады. Сұры кетіп табыйғат солады; айдай əлем жансыз өлік сықылды болады.

Жарқырап əсем жаз келеді. Жер жүзіне жан енеді. Жылынып, жібімеген зат қалмайды, қыбырлап, қыймылдамаған зат болмайды. Қар басына қысым түседі, әндетіп мұз бұзылып, күрсілдетіп сең көшеді. Өрден төмен сұу құлайды; өксіп-өксіп бұлт жылайды. Сұудан бұлтқа бұу асады, дүркін-дүркін жер бетін қара нөсер басады. Мұның бəрін істейтүн кім? – Мұның бəрін істейтүн – күн.

Дəн ісініп өсе бастайды, ескі түбірден бұтақтар тарап, жан-жаққа кете бастайды. Ағаштар көк жапыраққа орана бастайды, көк майса айағыңа орала бастайды. Мұның бəрін істейтүн кім? Мұның бəрін істейтүн – күн.

Айыулар жатағынан шығады, шыбын-шіркей қысқы ұйқысынан тұрады, сұу ішінде маса тұуып, көбейеді, жылымен балықтар өсіп, өнеді. Мұның бəрін күн үлгереді.

Кісі бөренеден үй салады, бөренені ағаш ішінен кесіп алады. Күн ағаш ішіне сəулесін түсіреді, сүйтіп, ағашты да күн өсіреді. Адам қыш кірпіштен үй қалайды, беріктікке керпіштен ізбеспен байлайды. Ізбес пен керпішті күйдірген отын, отынды əзірлеп қойған – күн.

Адамға тары мен нан керек еді, бұлар күн күшімен өнеді. Адам малдың етін жеп, сүйегін кеміреді, мал шөппен семіреді, шөпті күн өндіреді.

Керек деп адам нан жейді, жеген кісіні нан қыздырады, пеш отынмен жылынады. Қысқа қарай жұрт отын жыйады, ол жыйғаны күннің жылыуы болады. Қыс пешке отын жақтым дегенің үйге күннің жылыуын жібердім дегенің. Жылыу тікелей күннің өзінен болады, иə отын мен көмірге, астық пен шөпке сəуле боп түскен күннің көзінен болады. Жел дермендер, от дермендер айналып жатады, астық тартады. Оларды кім жүргізеді? – Жел мен сұу. Желді кім жүргізеді? – Желді жүргізетін – жылыу. Жылу қайдан шығады? – Жылу күннен тұуады. Бір жерден ауа жылып жоғары ұшады, оның орнына қарай басқа жерден салқын ауа жылысады. Сүйтіп, жел соғады, олай болса жел де жылыудан болады, сұуды да жел құуады, жылыудың өзі күннен тұуады.

Пәбіріктер де жұмыс қып жатады, от арба мен от кемелерді мəшійнелер сүйреп зырқыратады. Мəшійнелерді жүгіртетін бұу болады, бұу отыннан тұуады. Отын ішінде күннің жылыуы тұрады.

Қыймыл жылыудан тұуады, жылыусыз жаның бір сағатта шығады. Міні, енді көреміз, тек жылыу болса ғана қыймылдап өмір сүреміз, жылыу кем болса, қыймыл да кем, жылыу ден болса, қыймыл да ден. Жылыу өте күшті болса, қыймыл өте күшті.

Сүйтіп, қыймылдағаның мен жүргенің,

Жан болып өмір сүргенің,

Қыбырлап жерді басқаның,

Қайратым мол деп тасқаның –

Бəрі күннің арқасы,

Əйтпесе қолынан келмейді басқаның.

Аударыушы: Тел-Жан

 

 

 СОЛНЦЕ — ТЕПЛО

(Рассуждение)

Ходит солнце низко зимой, стороною, не упирает лучами в землю, и ничто не шевелится. Станет солнышко ходить выше над головами, станет светить в припор к земле, отогревается все на свете и начнет шевелиться.

Станет снег осаживаться, станет отдувать лед на реках, польется вода с гор, поднимутся пары из воды в облака, пойдет дождь. Кто это все сделает? Солнце. Оттают семечки, выпустят ростки, зацепятся ростки за землю; из старых кореньев пойдут побеги, начнут расти деревья и травы. Кто это сделал? Солнце.

Встанут медведи, кроты; очнутся мухи, пчелы; выведутся комары, выведутся рыбы из яичек на тепле. Кто все это сделал? Солнце.

Разогреется в одном месте воздух, подымется, а на его место пойдет воздух похолоднее,— станет ветерок. Кто это сделал? Солнце.

Поднимутся облака, станут сходиться и расходиться,— ударит молния. Кто сделал этот огонь? Солнце.

Вырастут травы, хлеба, плоды, деревья; насытятся животные, напитаются люди, соберут корму и топлива на зиму; построят себе люди дома, построят чугунки, города. Кто все приготовил? Солнце.

Человек построил себе дом. Из чего он его сделал? Из бревен. Бревна вырублены из деревьев; деревья вырастило солнце.

Топится печка дровами. Кто вырастил дрова? Солнце.

Ест человек хлеб, картофель. Кто вырастил? Солнце. Ест человек мясо. Кто выкормил животных, птиц? Травы. А травы вырастило солнце.

Человек строит каменный дом из кирпича и известки. Кирпич и известка обожжены дровами. Дрова заготовило солнце.

Все, что людям нужно, что идет прямо на пользу, все это заготовляется солнцем, и во все идет много солнечного тепла. Потому и нужен всем хлеб, что его растило солнце и что в нем много солнечного тепла. Хлеб греет того, кто его ест.

Потому и нужны дрова и бревна, что в них много тепла. Кто закупит дров на зиму, тот закупит солнечного тепла; и зимой, когда захочет, то и зажжет дрова и выпустит тепло солнечное себе в горницу.

А когда есть тепло, то есть и движение. Какое ни на есть движение — все от тепла,— либо прямо от солнечного тепла, либо от тепла того, которое заготовило солнце: в угле, в дровах, и в хлебе, и в траве.

Лошади, быки возят, люди работают,— что их двигает? Тепло. А откуда они взяли тепло? Из корма. А корм заготовило солнце.

Водяные и ветряные мельницы вертятся и мелют. Кто их двигает? Ветер и вода. А ветер кто гонит? Тепло, А воду кто гонит? Тепло же. Оно подняло воду парами вверх, и без этого вода не падала бы книзу. Машина работает,— ее движет пар; а пар кто делает? Дрова. А в дровах тепло солнечное.

Из тепла делается движение, а из движения тепло. И тепло и движение от солнца.

 

Comments (0)
Post a comment