АХАҢ ӨЗІ ЖАСАҒАН ӘЛІПБИІНІҢ ӘРІПТЕРІН ҚАЛАЙ ТҮСІНДІРГЕН

11.04.2023

(ل - қармақ, م - шоқпар , ح - құстұмсық, ع- таға)

 

 

Ұлт ұстаы Ахмет Байтұрсынұлы 1912 жылға дейін төте жазу деп аталған, араб жазуы негізіндегі қазақтың төл әліпбиін дайындады. Ахаңның осындай ұлы реформаға кірісуінің себебі де араб жазуындағы таңбаларараб жұртының тіліне лайық келгенімен, қазақтың дыбыстауы мен және сол дыбысталған сөзді, айтар ойды жеткізуде ұзақ ғасырлар бойы қиындық тудырғанында еді. Соның бірі де, бір егейі де, Шағатай жазуы атанып кеткен көне жазу әдісі бойынша, қазақтың кейбір дыбысын арабтың бірнеше дыбысымен бейнелеудегі қолайсыздық. Тіптен араб жазуындағы харакат, аст, үст, сүкін қатарлы аса көп шартты таңбалардың қазақтың сөзін жазуда үйренушінің мыйын ашытатын еді. Ұлттық жазуымыздың аса көрнекті реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы міне осы қисынды көзде ұстай отырып, қазақтың бір дыбысына бір әріп арнауды ойлап, талайды тәнті еткен парасаты мен ұзақ еңбегінің нәтижесінде, кежімделген жүйріктей керемет жаңалық – «Төте жазуын» барлыққа келтірді. «Төте жазу» бір-ақ күнде кемеліне келе салған жоқ. Ахаң өзі және замандас білімпаздармен кеңесе отырып, аталған ұлттық жазуды жыл сайын жетілдіріп, артығын алып, кемін толықтап отырып, 1924жылға (12 жыл ішінде) келгенде кемеліне келтірді. Бір сөзбен айтқанда, аталған жылы төте жазудың мыңжылдық түйткілдері түгелге жуық шешімін тапты. Өкінерлігі, Ахаңның осы бір теңдессіз парасатының жемісі болған төте жазуын тарих тағынан тайдырудың дайындықтары арада бірнеше жыл өткенде басталып кетті де, Кеңес үкіметі қазақтарды 1930 жылы латын жазуына көшуге мәжбүр етті. Ол латынға да ұзақ аялдамай, 1940 жылы қазіргі кириллге көшірді. Кириллге жай көшпей, қазақтың төл дыбыстық жүйесінде жоқ он төрт әріпті салақтатып іліп берді.

Ахаңның осы әліпбиді жұрт санасына әсіресе жас ұрпақ санасына сіңіру жолында еткен еселі еңбектеріне таңданбай тұра алмаймыз. Осы барыста Ахаң «Оқу құралы», «Тіл-Құрал», «Сауат ашқыш», «Әліпби- жаңа Құрал» қатарлы көптеген оқулықтар шығарғаны, бұл оқулықтар да алды он-жиырма қайтара басылғаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда да Ахаңды ұлттық ағартудың ұлы көшін бастаған теңдессіз тұлға деп бас имеске шарасыз қаламыз. Ахаң осы жылдары оқулықтардымектеп оқушылары мен сауатсыз үлкендерге ғана арнап жазған жоқ. Оқытушыларға да арнап әдістемелік құралдар жазып отырды. Екі реттен басылған «Тіл жұмсар» мен «Баяншы» атты оқытушылар қолданбасы әне сол еңбектерінің куәсі еді.

Бүгін біз Ахаңның «Баяншысының»1920 жылғы Қазан нұсқасы мен 1921 жылғы Ташкент нұсқасын салыстырып отырып, мынадай қызықты дерекке тап болдық. Ахаң «Баяншысында» былай дейді:

....Мұны (дыбысты) білмей тұрғанда балаларға харіп көрсету жарамайды. Ол жайпақпен жүрмей, жармен шыққан сықылды балалардың күшіне тиеді. Балалар дыбыспен оқып жүрген уақытта, оларға харіптердің сүгіреттерін жаздырып үйрету керек.

А. Байтұрсынұлы бұл жерде мұны айырықша дәріптеп отырған себебі, ислам дінімен бірге қазақ және басқа түріктердің жазуына айналған араб әліпбиінің сол тұстағы азды-көптіоқушылардың санасына сіңіп кеткені соншалық, оларға «әліп, би, ләм, мин...»-нің қазақтың өзінде жоқ дыбыс екенін түсіндірудің өзі қиынға соққан. Ахаң енді төте жазуында арабтың және өзінің жаңа әліпбиінің ешбір қарпін оқушыға көрсетпей тұрып, алдымен үйренушіге, қазақ деген халықта қанша дыбыс бар екенін санасына сіңіріп алуды көздейді. Өзінің он төрт жылдық ұстаздық тәжірибесін пайдалана отырып, «Оқу құралын» жазып шыққанын айта келіп, Ахаң жоғаыдағы сөзді жазады. Сосын барып, қазақтың дыбыстары үшін алған әріптерді қазақы дүниетанымда бар заттарға ұқсату арқылы үйрете бастайды. Қараңыз, төменде ұлт ұстазының қызықты мысалдары:

Мысалы:

ا (таяқ), ب (тұтқа), ف (ілгекті тұтқа),ل(қармақ), ن (шеңбер),ق (ілгекті шеңбер), د (тұяқ), ر(шана бас), و (шақша),م (шоқпар), س (ирек), ح (құстұмсық), ع(таға), ء (ашық ауыз), ى (шәйнек мойын),ک(ожау), ە (шығыршық).

Енді мұны аса парасатты әдіскердің қиыннан қиыстырған тапқырлығы демеуге бола ма? Күнделікті өмірде көріп жүрген тұрмыстағы заттарды адамның көз алдына алып келеді. Аттың тұяғына ұқсайтын «д» (د), құстың тұмсығына ұқсайтын «х» (ح), шананың басына ұқсайтын «р» (ر), ирек «с» (س)... деп бала айналасы 24 әріпті аз-ақ күнде жаттап алады.

Жүз жыл өтсе де жүзі жарқырап тұрған Ахаң жазуының бір сыры осы еді.

 

 

Әділет Ахметұлы

Comments (0)
Post a comment