ӘРІПТЕСІМІЗ «ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» ВЕДОМСТВОЛЫҚ НАГРАДАСЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

12.04.2023

Бүгін елордада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелері, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, ғылым, жоғары білім және тіл саясаты мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты. Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов құттықтау сөз сөйледі.

Отандық ғылым мен жоғары білімнің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар жетекші ғалымдарға Алтай Сейдірұлы «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» ведомстволық наградасын табыс етті. Аталған төсбелгімен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология басқармасының басшысы Бақытгүл Ысқақ марапатталды.

«Бұл марапатты алғашқылардың бірі болып алуым ерекше қуанышқа бөледі. Мемлекеттік тілімізге сіңірген еңбегіміздің бағалануымен қатар, тың жауапкершілік пен міндет деп қабылдадым. Барлық қолдау көрсеткен әріптестеріме алғыс айтамын. Бұл менің ғана емес, жалпы ұжымға берілген марапат. Барлық әріптестеріміздің бірлесе атқарған еңбегінің еленуі деп қабылдадым», -дейді Бақытгүл Дәуітбекқызы.

Comments (0)
Post a comment