КӨРМЕНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНА ҚАТЫСТЫ

13.04.2023
 2023 жылғы 13 сәуір күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография басқармасының жетекші ғылыми қызметкері Гүлназ Төкенқызы мен ғылыми қызметкері Алмажан Қадырханқызы Астана қаласындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына орай өткен «Алаш аманаты» көрмесінің ашылу салтанатына қатысты.

«Тіл мәселесімен айналысып жүрген мамандар үшін осы салаға өмірін арнаған, қажет болса жанын қиған Алаш арыстарының мұрасымен танысу – үлкен мәртебе, ғибратты іс. Мәселен, Қошкенің «Қазақ тарихынан» деген кітабының күні бүгін төрт данасы ғана сақталған екен. Соны көзбен көру қандай ғанибет. Сұлтанмахмұттың кезінде латын әліпбиінде шыққан толық жинағына қарап тұрып, қамшының сабындай қысқа уақытта ұлт болашағы үшін қыруар шаруа тындырған жасын ғұмырына еріксіз таңырқай қарайсың,– дейді әріптестеріміз ағынан жарылып. – Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен бірлесіп ұйымдастырған бұл шара Алаш арыстарының жеке бұдан басқа да заттарын таныстыруымен көрермен есінде қалды. Әсіресе, ұлы Абайдың 1907 жылы Санкт-Петербургта жарық көрген кітабы, Мәшһүр Жүсіптің бойтұмары мен кітаптары, Естайдың өз аузынан жазып алған әндерінің ноталары, Н.Төреқұловтың редакторлығымен шыққан «Темірқазық» журналы көзге ыстық көрінеді».

 

 
Comments (0)
Post a comment