РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ШАРАДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

14.04.2023

2023 жылғы 14 сәуірде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлыхан Нұроллақызы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде өткен «Қазақ тіліндегі техникалық терминдерді жетілдірудің лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлары» тақырыбындағы республикалық дөңгелек үстелге қатысып, «Мектеп оқулықтарындағы информатика пәні терминдерін біріздендіру жайында» баяндама жасады.

Елімізге танымал ғалымдар бас қосқан республикалық шараның басты мақсаты қазақ тілінің терминқорындағы техникалық терминдердің базасын толықтыру, жетілдіру жолдарын қарастыру, сала мамандарын (техника мамандарының арасынан терминолог мамандар) дайындау болып табылады.

 

Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек бұл жөнінде былай деді: «Білімсіз, ғылымсыз еш қоғам дамыған емес. Мемлекет басшысы алдымызға қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру міндетін қойып отыр. Ал, терминология – ғылым тілінің өзегі, сондықтан бүгінгі көтерілетін мәселелердің бәрін де басты назарда ұстайтын боламыз».

Ғылыми тіліміздің берік негізі қаланғаны даусыз ақиқат, алайда оны әрі қарай дамыту, қазақ тілін қазіргі ақпараттық-инновациялық заманның сұранысына сай келетін тілге айналдыру мәселесінде терминологияның алатын орны айрықша. Ал, терминологияның ғылыми негізі, практикалық қолданысы, пән терминдері, әуелгі кезекте, мектептен бастау алады.

Нұрлыхан Нұроллақызы еліміздегі баспалардан жарық көрген информатика пәніне қатысты оқулықтарды мысалға келтіре отырып, бір терминнің дефинициясы әртүрлі анықталғанына тоқталды. Бір баспаның оқулығында бар термин келесі баспаның өнімінде қолданылмайды. Баяндамашы осыларды талдай келіп, мектеп оқулықтарындағы информатика пәні терминдерін біріздендіру бойынша жұмыс жүргізу туралы, сондай-ақ біріздендірілген терминдік қордың ортақ қолданыс табуы үшін бір электронды жүйеден көрініс табуы мен техника саласындағы терминдерді мониторингілеу хақындағы нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері, Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшелері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, техникалық салалар және тіл мамандары, жас ғалымдар қатысты.

Comments (0)
Post a comment