ТӘЖІРИБЕГЕ СҮЙЕНГЕН ТАРТЫМДЫ ДӘРІСТЕР

20.04.2023

2023 жылғы 20 сәуір күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Тіл-Қазына оқулары» аясында «Қазақ тілін оқытудың Назарбаев университеті тәжірибесі» атты дәрістер циклын ұйымдастырды.

Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Тілешов атап көрсеткендей, тіл үйрету мәселесі бүгін таңда күн тәртібінде өткір тұр деуге болады.

«Бұл жерде мәселенің түйіні тек ғалымдар мен оқытушылар қауымына ғана тіреліп тұрған жоқ, бар түйткіл – оқыту жәйін дұрыстап жүйелеуде. Соның ішінде үздіксіз оқыту сақталмай отыр.

Баршаңызға белгілі, бұл күндері «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жобасын талқылау жүріп жатыр. Сол құжатта осы айтылғандарды қамтитын үлкен бағыт қарастырылған. Көпшіліктің жобаға қатысты өз пікір-ұсыныстарын білдіргенін қалар едік. Оқулықтардағы олқылықтар да назардан тыс қалмайды», – деді Ербол Ердембекұлы.

Бұдан кейін Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану департаментінің ассистент профессоры Жазира Ағабекова сөз алып, «Бастауыш деңгейдегі қазақ тілі және «Pressbook» онлайн оқулығы» жөнінде әңгімеледі.

Өз кезегінде жоғарыда аталған департамент оқытушыларыГүлжәмила Шалабаева, Айдар Балабеков, Күлән Көпеш, Бақыт Ақбұзауова, Самал Әбжанова, Раушан Мырзабекова «Академиялық қазақ тілі, І және ІІ курстарының талаптары мен мазмұны /200 код сабақтары/» бойынша жан-жақты талдау жасап, нақты тәжірибеге сүйене отырып түсіндірді.

Осы департаменттің қауымдастырылған профессоры Гүлнар Омарбекова «Назарбаев Университетінің қазақ тілінен міндетті білім беру бағдарламасы: 300 кодты курстар сипаттамасы (мақсаты, оқыту нәтижесі мен оқу материалдары)» хақында дәріс оқыды.

Бұдан кейін қызу талқылау басталды. Назарбаев Университетінің Кафедра меңгерушісі Юлай Шамилоғлы жоғары оқу орны сайты арқылы әдістемелік көмек алуға болатынын жеткізді. Қатысушылардың белсенділігіне қарап, көтерілген мәселенің өзектілігіне көз жеткізуге болатын секілді. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласынан Көркем атты әріптесіміздің «Жергілікті жерде тіл оқытумен айналысып жүрген біздер үшін үлкен көмек болды» деген сөзі бұл шараның өз діттеген мақсатына жеткенін дәлелдегендей еді.

Ертең жас ғалымдар баяндама жасайтын қорытынды шара өтеді.

Comments (0)
Post a comment