ӨЗГЕ ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА ӨТЕТІН «МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ

21.04.2023

Өзге этнос өкілдері арасында өтетін

«Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясының

ЕРЕЖЕСІ

 

1. Акцияның мақсаты

«Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясын (одан әрі – Акция) өткізу мақсаты: мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдерін ынталандыру.

 

2. Акцияға қатысу тәртібі

1. Акцияға еліміздің 18 жастан асқан этнос өкілдері қатыса алады.

2. Акцияға қатысушылар ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабайұлының 130 жылдық мерейтойы аясында ақын шығармаларынан үзіндіні мәнерлеп жатқа оқып (ұзақтығы 2,5 минуттан аспауы тиіс), бейнематериалды әлеуметтік желіде (facebook) #менқазақшасөйлеймін2023 хештегімен кеңінен таратуы тиіс.

3. Акция жеңімпаздары бейнематериал астындағы «лүпіл» (лайк) саны бойынша анықталады.

4. Жарияланымның астында міндетті түрде мына ақпарат көрсетілуі тиіс:

  • қатысушының аты-жөні;
  • ұлты;
  • оқу немесе жұмыс орны;
  • байланыс нөмірі (ұялы телефон);
  • ұсынып отырған қала немесе облыс атауы.

 

3. Қатысушыға қойылатын ерекше талаптар

1. Қатысушы Мағжан Жұмабайұлының шығармаларынан үзіндіні мәнерлеп жатқа оқуы тиіс. Қатысушының Акция аясындағы материалы көркемсөз оқу талаптарына сай келмеген жағдайда, қазылар алқасының шешімімен «лүпіл» саны ескерілмейді;

2. «Лүпілді» арнайы қосымшалар арқылы (бот, т.б.) қолдан көбейткен қатысушылардың лүпіл саны есепке алынбайды.

 

 

4. Акция жеңімпаздарын анықтау және марапаттау

1. Акция жеңімпаздарын анықтау үшін құрамы кемінде үш адамнан тұратын қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде рәсімделеді.

2. Акция осы Ереже жарияланған уақыттан бастап 2023 жылдың 4 тамызға дейін жүргізіледі.

3. Акция жеңімпаздары «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық байқауы аясында онлайн режимде арнайы дипломдармен және бекітілген сыйлық қорымен марапатталады.

Байланыс телефондары: 8 (7172) 74 05 23, 44 19 81, 8 (705) 150 49 94, 8 (702) 976 70 68, 8 (707) 914 20 78.

Comments (0)
Post a comment